БАЛАНЫ ҰРМАЙ-СОҚПАЙ ТӘРБИЕЛЕЙ АЛАСЫЗ БА? КӨПБАЛАЛЫ АНАНЫҢ КЕҢЕСІ

Уақыты: 28.01.2021
Оқылды: 1875
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазір қоғамда «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасы қызу талқыға түсуде. Тіпті, қарсы қол жинап, Үкіметке хат жолдап жатқандар бар. Зиялы қауым өкілдері, әншілер, ақын-жазушылар, журналистер жеке пікірлерін қарша боратуда. Қоғам екіге жарылып, бірі заңды қолдаса, бірі қарсы келуде. Көкейде «Біз қаншалықты дайынбыз?», «Қоғам аталмыш заңға сай ма?», «Дамыған елдерде қалай екен?» деген сұрақ туындары анық. Аталған мәселелерге "Жетісу" газеті үңіліп, журналистік зерттеу жасап көрді.

Осы орайда Англияда өмір сүріп, аталған заңмен бетпе-бет келген қазақ қызы Ару Сағидың оқиғасы бізді қызықтырды. Ол мемлекетте заң бойынша кәмелеттік жасқа толмаған балаларды үйде жалғыз тастап кетуге, айғайлауға, ұрсуға, ұруға тиым салынған.

Әрине, мұның барлығы ақылға қонатын нәрселер. Алайда Ару Жаңабайқызы аталған талаптардың барлығын бұзды. Бір, төрт, алты жастағы балаларына үйде ғана емес, көшеде де дауыс көтеретін. Оны көршілер естіп, көріп жүрді.

Бірде төрт жасар баласын далаға қалдырып, үлкенін мектептен алу үшін кетіп қалады. Тастап кеткен баласы ойын алаңында жиырма минуттай отырады. Ал мұндай жағдайда ата-анадан балаларды алып кетуге заңның толық құқығы бар.

Арудың үстінен шағым түсіп, үйіне полиция келеді. Бірақ баланы бірден алып кеткен жоқ. Алдымен заңмен таныстырып, бір ай бойы тексерістен өткізді. Онымен білікті де білімді психологтар жұмыс істеді. Мемлекет тегін адвокат берді. Ол оның құқығын қорғап, психологиялық картинасын жасап шықты.

Нәтижесінде, сенімді, саналы адам екені, тек заңды білмегені үшін қателескені дәлелденіп, балаларын өзіне қалдырады. Неге? Себебі дамыған мемлекеттерде баланың құқығын қорғайтын заңмен бірге қосымша ата-ананың құқығын қорғайтын да заң іске қосылады. Қазақстанда бұл заң дәл солай жұмыс жасай ала ма? Мәселе сонда. Заң туралы Ару Сағидің өзінен сұрағанымызда:

- Заңның жалпы бағыты өте керемет. Балалардың құқығын қорғауды жүз пайыз қолдаймын. Бірақ Қазақстанда бұл заң дәл солай жұмыс жасай алмайды. Айталық, ата-ана заңды бұзса, олардың құқығын қорғайтын адвокаттар бар ма? Керемет психологтар ше? Баланы ұрып, соғу мәселесі күн тәртібінде тұр. Біз баланы ұрмай-соқпай тәрбиелеудің жолын білмейміз. Ұрсақ та, бәріміз баламызды жақсы көреміз. Оларға ешкім бізден артық жылу, мейірім бере алмайды. Енді біз не істеуіміз керек? – деп баламен сенімді қарым-қатынас құру үшін ата-аналар мектебін ашу туралы ойын айтты. – Осындай мектептер ашпай, заңды енгізу ерте. Себебі, кез келген дәнді жерге екпей жатып, алдымен жерді тыңайтамыз, арам шөптерін жұламыз. Бұл да дәл солай.

Төрт баланың анасы Ару Жаңабайқызы аталмыш мекептің негізін қалап жатыр. Бүгінде «Ару академиясын» ашып, бала тәрбилеу туралы курстар өткізіп жүр. Өкінішке қарай, мектептегі қызыл атестат, университеттегі қызыл диплом, жұмысындағы беделі Арудың нағыз ана болуына жол ашпады. Жылдар бойы ізденіп, шетелдік курстар, коуч, психологтардың сабағына қатысып жүріп өзін тәрбилеп шықты. Қазір халықаралық дәрежедегі сертификатталған коуч, 10 жасқа дейінгі балалар маманы атанып, ана болуды, аяулы жар атануды үйретіп келеді.

- Ата-аналар: «Менің балам, ұратын болсам ұрам, ұрмайтын болсам ұрмаймын», - дейді. Өздері сондай тәрбиені көріп өскен соң: «Мені ұрды, мен адам болдым», - деп ойлайды. Шындығында, бізді ұрғаны үшін де адам бола алмай жүргенімізді бажайламаймыз. Өзімізді бағалауымыздың төмендігі, әлі күнге дейін күйеуіңнен таяқ жесең, оны жақсы қабылдауымыз - білімсіздігімізден. Мұның бәрі бала кездегі ұрып-соғудан. Барлықтарыңыз баланы ұрмай-соқпай тәрбиелеу жолын білесізер ме? Меңгердіңіздер ме? Әлбетте, білмейміз. Сондықтан, қазір жан таласып жатырмыз. Өйткені, баланы тәрбиелеу жолы біз үшін – ұру, соғу, ұрсу, – деген Ару Сағи әкелердің бала тәрбиесіне араласпайтынын алға тартты. – Сонда баланы тек ана тәрбиелейді ме? Неге біздің қоғамда алдымен сол нәрсені үйретпейді? Әкенің тәрбие мектебі неге жоқ? Шетелде үйде бала тәрбиесімен отырған ана тәрбиеші жалдайды. Қашықтықтан қосымша жұмыс жасайды. Ал бізде қарапайым ана не істейді? Үйде отырып ақша табады, бала туады, тәрбиелейді, үй жинайды. Болды, осымен шектелген.

Заңдағы «әр балаға жеке территорияның болуы» туралы да айтылған тұс та көпшілікті алаңдатуда. Ауып келгенде «қазақ менталитетіне сай емес заң» деген тұжырым шығарып жатқандардың қарасы жетерлік. Осы тұрғыда Ару Жаңабайдың пікірін сұрағанымызда:

- Балаға белгілі бір шаршы метр территория керек. Бұны да қолдаймын. «Қазақтың ментелитетіне сай емес заң» дейді. Сонда қазақтың менталитеті не? Баланы оқыта аласың ба? Тәрбие бересің бе? Әйтеуір, шұбыртып туа бергенді білеміз. Сол ма қазақтың менталитеті? Мен оған қарсымын. Өзім көпбалалы анамын. Көпбалалы болуды қолдаймын. Бала - ол тағдыр. Әр баланың артында тағдыр жатыр. Ата-ана жауапкершілігін ұмытпауымыз керек. Оқыта аласың ба? Білім бере аласың ба? Денсаулығын қарай аласың ба? Ата-аналар соны ойлану керек. Неге бұл заң АҚШ-та, Англияда жұмыс жасайды? Ал бізде жоқ? Себебі, Қазақстанның әлеуметтік деңгейі Америка мен Англиядағыдай емес. Ол жерде беретін жәрдемақысы жақсы. Мемлекет әлеуметтік мәселелерді шешсін. Содан кейін барып заңды енгізсін. Қазақ төрт-бес баламен еріккеннен бір бөлмеде жүрген жоқ қой, – деп заңды қабылдауға моральді, материалды, психологиялық тұрғыдан дайын емес екенімізді айтты.

Ал жыныстық тәрбие тұрғысында да Ару Сағидың айтар ойы бөлек.

- Балалаңыздың жыныстық тәрбиесімен қазір айналыспасаңыздар, онда онымен басқалар айналысады. Олар - клип, кино, телефон, әлеуметтік желілер. «Ойбай, гейлер жоқ» деп сіз балаңызды вакуумде ұстап отырсыз ба? Өзіміз баламыздың жыныстық тәрбиесімен айналысу керекпіз. Қалай екенін білмейсіз бе? Үйреніңіз, кітаптар бар, курстар бар. Қазіргі кезде порнография өте көп, телефонның ішінде де неше түрлі ақпарат жүр. Статистикаға сүйенсек, балалар 5-6 жастан бастап порнография қарайды. Сол үшін кішкентай кезінен бастап жыныстық тәрбие беру керек. Ол өзінің жынысын білу, соған сай әрекет етуге тиіс. Міне, осыны үйрету әрбір ата-анаға міндет, – деді ол.

Кез келген заң қоғамды жақсарту үшін, туындаған мәселені шешу үшін жасалатыны ақиқат. Зорлық-зомбылық деген бар нәрсе. Бірақ оны шешу үшін біз қай мемлекеттің тәжірибесіне сүйенеміз? Әлбетте, дамыған мемлекеттердің. Зорлық-зомбылықтан қорғау туралы заң оларда бұрыннан бар. Іске асып жатыр. Енді дәл сол заңды Қазақстанға сол қалпы енгізе салуға болмайтыны анық. «Көрпеңе қарай көсіл» дегендей, әбден пісіріп, өзіміздің табиғатымызға, әлеуметтік жағдайымызға сай етіп барып енгізуге тиіспіз. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы