"АЙТЫП-АЙТЫП ШАРШАҒАНБЫЗ": ТАСТЫӨЗЕКТІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ АУЫЗСУСЫЗ ОТЫР

Уақыты: 23.08.2021
Оқылды: 1362
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қоғалы ауылдық округіне қарасты Тастыөзек елді мекенінің тұрғындары ауызсуды көрші ауылдан тасып ішеді. Қызығы, жақын орналасқан Жайнақ, Қоғалы ауылдары ауызсудан қиыншылық көрмейді. Жергілікті тұрғындар Тастыөзекте ауызсу мүлдем болмағанын айтады. Ауызсудан әбден қиналған тұрғындар газет редакциясына мұңын жеткізді. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Ауыл жұрты суды 10 шақырым жерден тасуға мәжбүр. Онымен қоса, ойдым-ойдым жолдармен су тасу оңай емес. Осы жерде туғалы бері тұратын Қанат есімді тұрғын есін білгелі шалғайдан су тасып жүргенін айтады.

– Ауылдан 10 шақырым жерден тасимыз суды. Сол жерде құдық бар. Соған флягтарымызды апарып, толтырып әкеліп қоямыз. Қысты күні су тасыған қиын. Мұздан құлап, бір жерімізді мертіктіріп алмаймыз ба деп қорқамыз. Қайта-қайта бара бермес үшін 2-3 күнге жететіндей толтырып қоямыз, – дейді Қанат.

– Әкімдікке айтып-айтып шаршағанбыз. Әйелдер барып әкімдікке айтады-айтады, олар уәде береді. Уәде бергеннен пайда жоқ. Жиырма бірінші ғасыр дегені болмаса, қазір цивилизация жоқ болып тұр ғой бізде, – дейді тағы бір Бақытбек есімді тұрғын.

Аудан әкімдігінің айтуынша, шағын ауданға су тартылып жатыр. Ауыл ішіне су келіп тұр. Бұл туралы Кербұлақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Раушан Бисембекова:

– Ауылдың ауызсу мәселесіне келетін болсақ, ауыл ішіне ауызсу өз ағынымен (самотек) келіп тұр. Қазіргі таңда ауыл ішінде тұрғындардың 30 пайызы ауызсуды құдықтан ішіп отыр. Ауызсудың жобалау сметалық құжаттамасына ақша бөлініп, бүгінгі күнде мемлекеттік сатып алу порталында жарияланды.  Нәтижесі күтілуде, – деп жауап берді.

Жергілікті атқамінерлер ауыл ішіндегі шешілмей жатқан мәселелерден хабардар. Олардың айтуынша, ауылдағы түйткілдер рет-ретімен шешімін таппақ. Жергілікті әкімдік күтуден басқа жол жоқ екенін алға тартты.

Еңлік МАРХАБЕКҚЫЗЫ

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы