ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ КГБ ҚЫЗМЕТКЕРІ НЕМЕСЕ КОЛБИНДІ ӨЛТІРМЕК БОЛҒАН КІМ?

Уақыты: 17.12.2021
Оқылды: 1599
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Мен бала кезімнен «чекист» болуды армандайтынмын. Алайда бұл мекемеге жұмысқа орналасу оңай емес. МҚК-не қызметке тұру үшін арнайы оқу орнын бітіру немесе басқа мамандықты меңгергеннен кейін терең тексерулерден өтіп барып қабылданасың. Сондықтан, мен мұнда бактериологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін медицина саласы арқылы келген дұрыс деп шешіп, Қарағандыдағы медицина институтына оқуға түстім.

Еңбек жолымды Көкшетау облысында жаңадан ашылған Шоқан Уәлиханов атындағы ауданның санитарлық-эпидемиологиялық стансасында дәрігер болып бастадым. Араға жылдар салып сол мақсатыма жеттім де. 1976 жылы алдымен Көкшетау қаласындағы МҚК құрылымына жедел уәкіл болып орналасып, кейіннен Алматыдағы орталық аппаратқа қызметке келдім.

Желтоқсан көтерілісі кезінде елімізге қатер төндіретін тыңшыларды құрықтап, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етемін деп алаулап жүрген шағым еді. Республикалық қауіпсіздік комитетінің саяси істермен айналысатын 5-ші бөлімшесінің бастығы, подполковник дәрежесінде болатынмын. 1986-ның 16 желтоқсанында Қазақстан компартиясы Орталық комитетінде болған белгілі жиын бәрімізді алаңдатып тастады. Өз елімізден лайықты адам таппағандай, Ресейдің  қайдағы бір өлкесінен Колбинді әкеліп отырғызғандары наразылығымызды тудырды.

Алайда 17-ші желтоқсан әдеттегідей еш дүрбелеңсіз басталды. Біз де күндегі дағдымызбен жұмысқа келгенбіз. Жұмыс бөлмемізге кіргізбестен, автобустарға отырғызып орталық алаңға алып кетті. Ол жақта не болып жатқанынан бейхабар едік. Келсек, алаңның мінбер  тұсында 200-300 қаралы азамат бүгінде Мемлекеттік Гимнімізге айналған «Менің Қазақстаным» әнін шырқап тұр. Қолдарында «Әр халыққа – өз басшысы!», «Да здравствует ленинская национальная политика!» сынды сөздер жазылған транспоранттар бар.

Алаңды қоршай ішкі істер органдарының қызметкерлері орналасыпты. Сырттан келіп қосылып жатқан адамдардың  қатары да азаяр емес. Түскі 11-лерге қарай халық саны 2,5-3 мыңға тақады-ау деймін. Осыдан кейін жиналғандар Желтоқсан көшесімен төмен қарай жылжып, бейбіт шеруді бастады. Айнала қоршап тұрған жасақтар сап түзеп өтіп бара жатқан наразы топтың шетінен адамдарды ұстап алып, автозакқа апаруға тырысады. Шерушілер олармен тайталасқа түсіп, тұтқынды босатып алуға әрекет жасайды. Текетірес осындай болымсыз қақтығыстармен өтіп жатты.

Біз болсақ, мұның соңы неге ұласуы мүмкін екенін іштей сезіп, жастарды қайтаруға үгіттеп көрдік. Арасынан: «Бұлар арандатушылар! Тыңдамаңдар ешкімді!» – деп араға түскендер де байқалды. Жоғары басшыларымыздан еш бұйрық болмағандықтан алаңнын шетіне шығып, сырттан бақылауға көштік.

Түске қарай Үкімет үйінен басшылар шығып, трибунаға беттеді. Аттарын түгел атамай-ақ қояйын, оларды жұрттың бәрі біледі. Камелединовтың сондағы айтқан сөзі әлі есімде. Ол әміршіл дауыспен: «Жастар! Тараңдар! Тарамасаңдар бізде күш жетеді!» – деп бірден қоқан-лоққы көрсетуге көшкен. Оған ыза болған наразы топ тас лақтырып, қарсылық көрсете бастады.

Биліктің әрекеті осымен тәмам болды. МҚК сияқты қаһарлы құрылым да оқыс оқиғаға дайын болмай шықты. Олай дейтінім біз не істерімізді білмей, құр бақылаушыларға айналдық. Бір қарасам республикалық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Виктор Мирошниктың өзі шерудегі адамдардың арасында жүр екен. Амалсыз мен де соңынан ердім. Бір таң қаларлығы, Виктор Мирошник саптағы адамды бас салып сүйреп бара жатқан милиция қызметкерлерінің заңсыз әрекетін тоқтатып, босатқанын көзім көрді.

Шарасыздықтан шаршап, суықтан тоңған біздерді кешке қарай жұмыс орнымызға шақырып, содан кейін алаңға қайта жібермеді. Топ ішінде еліміздің өзге өңірлерінен келген чекистер жұмыс жасап жүргенін білдік. Арасында болмасақ та қаракөз қыз-жігіттерге жасалынып жатқан қиянатты естіп-біліп отырдым. Биліктің өз халқына жасаған опасыздығы, өзге республикалардан жеткізілген қарулы жасақтардың айуандық әрекеттері зығырданымызды қайнатып, қанымыз басымызға шапқанын несіне жасырамын.

Түн ортасында Мәскеуден келген КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бастығының орынбасары  жиын өткізді. Онда да болып жатқан жайды баяндаумен шектелген. Соңына қарай: «Кімде қандай сұрақтар бар?» – деді. Ешкім үндемеді. Мен қолымды көтеріп: «Жолдас генерал, дәл қазір далада адамдарды нәсіліне қарап соққыға жығу белең алып отыр. Бұл халықтар достығына нұқсан келтіріп, ұлттарды бір-біріне қарсы қоятыны белгілі. Мұндай бассыздықты тоқтату керек!» – дедім. Одан олар бұзақылар ғой деген сияқты жалтарма жауап алдым.

Ертесіне саған 9-дар шамасында республикалық МҚК-нің бастығы Мирошник шақырып алып: «Сіз кеше мәскеулік генералдың алдында неге сөйледіңіз?! Сұрақ қоюға кім рұқсат берді? Сізге подполковник шені, бөлім бастығы лауазымы көп болып көрінсе, оны дереу жөндейміз!» – деп  дүрсе қоя берді. Мен қызметтік куәлігімді бетіне лақтырмақ болып, қолымды төс қалтама сала бергенімде бастығым тез сабасына түсіп: «Темірболат Тайырұлы, сіз мені дұрыс түсінбедіңіз-ау деймін. Сіз чекистсіз ғой, өзіңізді ұстай біліңіз», – деп жылы сөзбен шығарып салды.

Дәл сол кезде қандастарыма көмектесе алмай, пұшайман күй кешкенімді несіне жасырайын? «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ!» – деп осындайда айтатын шығар?! Керісінше, жоғарыдан келген басшылардың көзіне түсу үшін, қызметін жоғарылату мақсатында өз халқына қарсы жұмыс жасаған әріптестерім де болды. Олар жайлы кезінде аттарын атап, түстерін түстеп жаздым. Бір өкініштісі, көбінің шені мен қызметі өсіп, тәуелсіздік алғаннан кейін де еш алаңсыз қызмет етті.

Желтоқсанның 21-інде қарамағымда істейтін бір жігіт сот-медициналық сараптау институтындағы біреудің  алаңнан келіп, қолындағы қан-қан ломды көрсетіп: «Көрдіңдер ме, біз «калбиттерді» аямай жазаладық! Иттерге талаттық! Мен олардың сазайын қалай беру керек екенін білемін», – деп мақтанғанын айтты. Біз дереу сол жерге барып, көрген куәлардың жауабын алып, қылмыстық іс қозғайтындай материал жинадық. Тергеу комитетінде бөлім басшысы болып қызмет жасайтын Н.Варягин деген азамат іспен танысып шығып: «Мұндай оңбағанды түрмеге отырғызу керек!» – деп қолдау көрсеткен. Алайда бас прокуратураға апарғанда бір қызметкер: «Бұл қазір маңызды  емес!» – деп қайтарып жіберіпті. Ол кезде осындай әділетсіздіктер жиі болды. Мұның бәрі түптеп келгенде менің кеңестік жүйеге деген сеніміме селкеу түсіріп, осы қызметке деген құрметімді азайтты.

«Комсомольская правда Казахстан» газеті менің Колбинге қастандық жасамақ болғаным туралы жазғаны бар. Жазықсыз жазаға тартылған жастардың жанайқайын, өрімдей ұл-қыздардың қиянатқа ұшырағанын көргенде жаныңды қоярға жер таппай қалады екенсің. Кейіннен көтеріліске қатысқандарды соттау басталғанда қолдан құрастырылған өтірік істерге, көпе-көрнеу әділетсіздікке сан рет куә болдым. Колбинге қастандық істеу ойы осы кезде пайда болған. Менің ондайға толық мүмкіндігім бар еді. Ойымды өзім білетін беделді деген азаматтарға айтқан едім. Алайда олар ақылдаса келе, тоқтау салды. «Қазір біздің халыққа «ұлтшыл» деген айдар тағылып отыр. Колбинге қастандық жасалса, оған «терроршы-жанкешті» деген атақ қосылып, Алаш азаматтарын қуғын-сүргінге ұшыратудың кезекті толқыны басталуы мүмкін. Не де болса ақырын тосайық!» – дегеннен кейін райымнан қайттым.

КСРО Халық депутаттарының съезі кезінде СОКП-ның бас хатшысы М. Горбачев пен халық қалаулыларына арнап хат жазып, МҚК құрылымын  өзгерту жайлы ұсыныстарымды жариялағаннан кейін қызметтегі танымал тұлғалардың біріне айналдым. Содан болар, жұмыстан кету туралы ұсыныстар түсе қойған жоқ. Алайда содан зейнет демалысына кеткенше шенім де, қызметім де өзгеріссіз қалды.

Кейіннен «Барыс» детектив агенттігін құрып, өз кәсібімді аштым. Бірнеше кітап шығарып, Сәкен Сейфуллин, Ақан Сері, Шәкәрім туралы драматургиялық қойылымдар жаздым. Бұл қадамда қызмет бабымен құпия құжаттармен танысудың орайы келгені көп көмектесті. Алда тағы бес томдық кітабым орыс тілінде басылмақ. Мақсатым – тарихтың ақтаңдақтарын көрсетіп, жастардың ұлттық рухта тәрбиеленуіне жол ашу.

Темірболат АХМЕТОВ

Сурет ғаламтордан алынды