ТЕКЕ ЖЕТЕКТЕГЕН ТӨРТЕУ: АЛАКӨЛ АУДАНЫНДА МАЛ ҰРЫЛАРЫ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 24.12.2021
Оқылды: 1489
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қыркүйектің басында Алакөл ауданының полиция бөліміне Ақжар ауылының 38 жастағы тұрғыны хабарласып, түнде үйінің ауласындағы шарбаққа байлап қойған текесінің қолды болғаны туралы арызданған еді.

Зардап шегуші келтірілген шығынын 30 000 теңгеге бағалады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді.

Қылмысты ашуға бағытталған жедел іздестіру іс-шаралары барысында желтоқсан айының ортасында учаскелік полиция инспекторлары қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген Ақжар ауылының екі тұрғынын ұстады. Күдіктілер өздері үптеп кеткен текені көліктеріне тиеп, жергілікті базарға сатуға алып барған. Ұсталғандардан жауап алу кезінде олар қылмыстарын бірден мойындап, төрт адам бірлесіп ұрлағандарын айтқан. Осыған орай, келесі күні олардың сыбайластары да құрықталды.

Полицейлер қылмыстық топ өкілдерінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы барын тексеруде. Қолды болған мал айғақзат ретінде тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Адал малын аман-есен тауып, оны қайтарған тәртіп сақшыларына мал иесі зор алғысын айтып, қиын да жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі. Іс материалдары толықтырылып, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес қарау үшін прокуратура органдарына жолданды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"