"ЗАҢДАРДЫ ТАЗАРТУ КЕРЕК": ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСУДІҢ НИДЕРЛАНДТЫҚ ӘДІСІ

Уақыты: 07.10.2020
Оқылды: 1379
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Біз «Малым – арымның, арым – жанымның садағасы» деген халықтың ұрпағымыз. Өткен тарихымызды сараптап көрсек, біз ұялатындай негіз жоқ. Тарихи деректерді парақтап көрсек, осыдан екі мың жылдың алдындағы Қытай жазбаларында «жемқорлық» деген термин жиі кездеседі. Ал Күлтегін, Тоныкөк құлпытасынан бергі жазба әдебиетімізді парақтап шықсақ, біздің тарихымызда мұндай термин кездеспеген. Қайта ерлік, еркіндік, батырлық, адамгершілкке толы дүниелерді көреміз. Осыдан 750 жылдың алдында Еуропадан Юань патшалығының астанасы Ханбалыққа дейін сапар шеккен жиһангез Марко Поло: «Ұлан-ғайыр қазақ даласынан бір тиынсыз кесіп өттім», ­- деп жазса, сол жылдары Қарақорымға келіп, Күйік ханның қабылдауында болған Карпини: «Көшпенділерде алтын мен күмістің көптігі сондай олар оны қыз-келіншектерінің әшекей бұйымына, ат әбзелдеріне, иттерінің қарғы бауына қолданатынын көріп таңғалдым», - деп жазады. Демек, біз осындай дарқан пейіл, таза жүректі, қарпайым да қайырымды елдің мұрагерлері едік. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдары жанымызға жат «жемқорлық» деген терминді сөздік қорымызға енгізіп алдық. Қазақтың қаншама аймаңдай ұлдары осы індеттің кесірінен есіміне қара дақ жапсырып алғанын көзіміз көріп, құлағымызбен естіп жүрміз.

Кейінгі жылдары жемқорлық баспасөздердің де бағалы тақырыбына айналды. Қай газетті ашсаң, қай сайтты көрсең, телараналардың жаңалығын тыңдасаң, алдымен жемқорлықпен ұсталған, сотталған дүниелерді көресің.

Бұл – қуанатын жағдай емес. Қайта жүрегіңді сыздататын дүние. Бұрынғылар әр таң атқан сайын: «Жарық күн берекеңді бере гөр», – деп оянса, біз: «Бүгін кім жемқорлықпен ұсталды екен?» – деген күдікпен таң қарсы алатын деңгейге жеттік. Бұл індеттің беті қайтпаса, қазақтың әлі қанша нар қасқа жігіттері мен айдай арулары болашағына балта шабарын кесіп айта алмаймыз?! Сондықтан, бұл дертпен қоғам болып күресуіміз керек.

Әрине, қазір мемлекет те бұл бағыттағы жұмысты ширата бастады. Жуырда жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында жемқорлықпен күрес қатаң қолға алынатындығы жайлы ашық айтылды және оның жолдары түсіндірілді. Бұл туралы ел арасында түсіндіру жұмыстары да өз деңгейінде жүріп жатқанын көріп отырмыз. Сонымен қатар, еліміздегі қоғамдық ұйымдар, басқа да әлеуметтік топтар жемқорлықпен күрестің сан түрлі жолын қарастыруда.

Осы тұста Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жанынан құрылған мониторинг тобының жұмысын ерекше бағалауға болады. Олар еліміздегі жемқорлық мәселесін халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, нақтылап айтқанда, нидерландтық әдіске сүйеніп шешудің жолына кірісті. Оның толық мән-жайын «Қазақстан ТДМ 16.6. жету жолында «Нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауды және жергілікті атқарушы органдардың бюджеттерін бақылауды қалай үйренуге болады?» атты тәжирибелік семинарда естідік.

Онда Нидерландының Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен «Жемқорлықпен күрестің эфектиптік-практикалық шаралары» жобасы аясында жүзеге асқан bablicbudjed.kz картасының артықшылықтары сөз болды. Ол жайлы  Қазақстандағы парламенттік дамыту қорының төрайымы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің жанына құрылған мониторинг тобының мүшесі, қоғамдық кеңесші Зәуреш Батталова айтып берді.

Зәуреш Қабылбекқызы еліміздегі жемқорлық мәселесін жою үшін ең алдымен Парламентте қабылдаған заңдар, министрліктер дайындаған заң жобалары мен облыс әкімдіктерінің қаулы-қарарларын жемқорлыққа жол беретін тармақтардан тазарту керек деген ұстанымда. Ол араласып жүрген жоғарыда аталған мониторинг тобы осыған дейінгі қабылданған 18 заңға сараптама жасап, жемқорлыққа жетелейтін мүмкіндіктерді анықтапты. Оның біразын былай баяндады:

– Мысалы, кейбір заңда азаматтарға жүктелген міндеттер жазылады да соңына: «Тағы да басқа тармақтарға сәйкес қарастырылуға болады», – деген сөйлем қосылады. Әрине, осы сөйлем жемқорлыққа мүмкіндік береді. Өйткені, сіз сол заңда көрсетілген талаптарды толық орындағаныңызбен қарсы тарап «тағы да басқа» деген сөз арқылы сізде жоқ құжаттарды талап етеді. Әрине, оның нені талап етенінін алдын ала білмегендіктен дәл уақытында сол құжатты тауып бере алмайсыз да, жұмысты жеңіл жолмен бітіру үшін пара беруге еріксіз мойын ұсынасыз. Бұл жағдай қазіргі біздің қоғамда дендеп кетті. Сондай-ақ, азаматтарға әкімшілік жаза тағайындайтын заңнамаларда: «Тәртіп бұзғаның үшін пәлен айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл немесе пәлен күнге қамауға бұйырылады», – деп жазылған. Осындағы «немесе» деген сөздің өзі жемқорлыққа апаратын дүние. Өйткені, адамдар уақытша ұстау орнында бірнеше тәулік отырғанша мәселені тағы да ақшамен шеше салғысы келеді. Осыны ұтымды пайдаланған тиісті мекемелер қосымша пара сұрауға ұмтылады да, сыбайластыққа барады. Демек, заң нақты жазылуы керек. Не ақша, не қамау жазасы бұйырылғаны жөн. Айталық, «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңда көп кемшілік бар. Соның салдарынан қаншама азаматтардың сотталып жатқанын көріп жүрміз. Әрине, азаматтар белгілі бір орынға отырғанда жемқор боламын деп ойламайды. Қайта халықтың қамы үшін белгілі бір іс тындырғысы келеді. Алайда «Мемлекеттік сатып алу» заңындағы әлсіздіктен пайдаланып, кейбір жымысқы жұмысты білдірмей кеткісі келеді немесе тәжірибесіздіктен қол қоймауға тиісті құжаттарға қол қойып жібереді. Қатаң тексеріс барысында сол қателіктері анықталып, жауапқа тартылып жатады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда жоғары оқу орныдағы жемқорлық мәселесінің де өршіп тұрғанын жасыра алмаймыз. Соның көбіне 2015 жылы 20 қарашада қабылданған №19 ереженің салқыны тиіп келеді. Әсіресе, сол ереженің 22, 23-ші пунктінде көрсетілген белгілемелер заңбұзушылықтың даңғыл жолына айналды. Онда студент бірінші курстағы академиялық мерзімді бітіргеннен кейін ары қарай басқа оқу орынына ауысып, қалаған мамандығына түсіп кетуіне болады деп көрсетілген. Осы белгілемені икемді пайдаланған бірқатар жоғары оқу орындары ҰБТ-дан төмен балл алған балаларды бірінші курста оқытып, ары қарай студент өзі қалаған басқа оқу орнының ақылы бөліміне мамандығын ауыстырып оқуына жағдай жасап отыр. Бұл арада ағайындық пен ақшаның жүретіні айтпаса да белгілі. Ал ол студент жоғары оқу орнын ақшамен бітіреді де, білігі мен білімі жоқ, дипломы бар мамандар санатын толтырып жатыр. Олардың біліктілігінің қаншалық деңгейде болатыны айтпаса да түсінікті. Тұрғын үй туралы заң қабылданғалы 18 жылда 23 рет өзгеріс енгізіліпті. Сол заңға сараптама жасағанда қазіргі қолданыстағы нұсқасы алғашқы қабылданған нұсқадан 50 пайызға өзгеріп кеткенін байқадық. Демек, оның ішінде жемқорлықтың белгісі бар деген сөз. Соның салдарынан баспанасыздық, ипотекадан зардап шегу, үлескерлердің мәселесі қоғамды жаулап алды. Түсініспеушіліктің көбі осыдан туындап келеді. Өткен жылы қабылданған «Педагог статусы» туралы заңда да шалағайлық жетіп артылады, – дейді ол.

Бүгінгі таңда заңдарда осындай қателік көп. Сондықтан мұндай жемқорлыққа апаратын сөздерді заңдардан алып тастау керек. Мұндай мүмкіндікті барлық қызметкер пайдаланады деп айтудан аулақпыз. Алайда жемқорлықпен дәніккендер осындай әлсіздіктерді пайдаланып келе жатқаны анық. Осы сыбайластықтың жолын кесу үшін жоғарыда аталған мониторинг тобы мемлекеттік мемкемелердің сараптамалық деңгейін көтеру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа сараптама өткізу әдістемесін, сараптама нәтижесі бойынша интернетпен жұмыс істейтін бағдарламаны, ашық бюджетке арналған картаны дайындап шығыпты. Енді осы нәтижелерін азаматтық қоғам және мемлекеттік мекемелерге үйретіп, жемқорлық індетін жоюдың жолын іздеуде.

Соның бірі – мониторинг тобы нидерландтық тәжірибеге сүйене отырып дайындаған bablicbudjed.kz интерактивті картасы. Олар осы арқылы азаматтардың бюджетті бақылау сауаттылығын арттырып, таза қоғам құру үшін күресіп келеді.

Интерактивті карта – ол құрал. Карта арқылы сіз мектеп, аурухана, балабақша, тұрғын үй, жол, тағы да басқа әлеуметтік бюджеттерге қанша қаржы жұмсалағанын біле аласыз. Картаны қолданудың жолы жеңіл. Алдымен картаға кіріп, өзіңіз тұратын аймақты таңдайсыз. Сосын өзіңізге қажетті бюджеттің санатын  табасыз. Сол санат бойынша өз аймағыңыздағы бюджеттер ашық көрсетіледі. Оны қараудың екі түрі бар. Бір кесте, енді бірі карта. Қайсысын қолдансаңыз да керекті бюджеттің тұсын бассаңыз, экранға толық ақпарат көрсетіледі. Осы арқылы әлемнің қай түкпірінде жүрсеңізде өзіңізге керекті өңірдің, нысанның бюджеті туралы нақты ақпарат ала асыз. Тіпті, осы ақпараттар бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізіп, заң бұзушылықтарды анықтай аласыз. Осы арқылы бюджеттің ашықтығына қол жеткізуге болады.

Жасыратыны жоқ, көп жағдайда бюджеттің мекемелерге бөлінген қаржысын тек сол мекеменің басшысы ғана біледі де, былайғы жұрт хабарсыз қалады. Енді осы карта арқылы жұмыс орныңызда жүріп жатқан қаржылық айналымды тексеріп, оны біліп, өз жағдайыңыз бойынша бақылау жүргізуге қол жеткізе аласыз.

– Біз осы карта бойынша 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы колледждердің қаржылық мәселесін зерттеп көрдік. Алғашқы адымда қаладағы 11 колледжге зерделеу жұмысын жүргіздік.  Осыдан кейін карта бойынша бюджет қаржысы ең көп бөлінген көлік және коммуникация колледжінің ақшаны қалай игергенін тексере бастадық. Құжаттарды салыстырып отырып, оқу орны бағасы 450 мың теңге тұратын ноутбук сатып алғанын байқадық. Әрине, оқу мақсатында алынатын ноутбуктың бағасы да қалыпты болатыны белгілі. Ал неге бағасы сонша қымбат бір дана ноутбукты сатып алғанына таңғалдық. Зерделеу барысында, бұл ноутбук сабаққа емес, ойын ойнауға арналған құрал болып шықты. Мұны жемқорлықпен күрес агенттігінің құзырына тапсырдық. Олар тексеріп, нақтылы қорытындысын шығарды, – дейді Зәуреш Батталова.

Бұл бір ғана мысалд. Бюджеттік мекемелерде қаржыны осындай мақсатсыз пайдаланатын жағдай жоқ дей алмаймыз. Жемқорлықтың бір ұшы осыдан шығып отыр. Айта кетерлігі, жоғарыда аталған интерактивті картада кез келген бюджеттік мекеменің барлық кіріс-шығыс құжаттары жинақталған және іздеушілерге қолжетімді. Мысалы, уақытында қолданысқа берілмеген белгілі бір құрылыс нысаны делінсе, карта арқылы оның жұмысы неліктен тоқтап тұрғанын зерделеп, шағымдана да адасыз.

Бұрын белгілі бір мекеменің заңбұзушылығы туралы жазылған шағым сол мекеменің басшылығы тарапынан қаралатын. Ал интерактивті тақтаға берілген шағым бірден сол мекеменің үстінен қарайтын басқармаға түседі. Демек, бұрынғыдай кемшілікті жасырып қалу, бармақ басты, көз қысты жағдай орын алмайтыны анық.

Бір айта кетерлігі, қазір өмірде орын алып жатқан көптеген заң бұзушылықтарды тұрғындар әлеуметтік желілерге жүктейді. Әрине, оны біреу көрсе, біреу көре бермейді. Ал картаға жүктелген шағым шешім қабылдайтын агенттікке тікелей жетеді. Белгіленген уақыт шегінде жауап қайтарылады.

Ең бастысы, бұл картаны тұрғындар бюджеттегі қателікті іздеу үшін қолданады деп түсінбеу керек. Бюджет – ол салық төлеушілер төлемінен құрылған қаржы. Мемлекет оны халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін орынды жұмсауға ғана міндетті. Сондықтан, бюджетті бақылау халықтың өз қалтасынан шыққан қаржысын үнемдеп істету деген сөз.

Биылғы пандемия жағдайында дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі, ауруханада орынның болмауы, емдеу аппаратының жоқтығы салдарынан қаншама қиындық туды және қаншама отандасымыз қайтыс болды. Тіпті, әлеуметтік көмек ретінде берілетін 42 500 теңгенің өзі де үлкен дау-дамаймен үлестірілді. Мұның түпкілікті себебі бюджетке деген бақылаудың жетіспеушілігінен. Оның сан түрлі себебі болды. Соның ішінде жемқорлықтың да желдей ескенін жасыра алмаймыз. Әлі де мұндай жағдай қайталанбайды деуге болмайды. Жоғарыда айтылған интерактивті карта туындауы мүмкін мәселелерді шешудің жолын қарастыруға көп көмегі тиеді. Сондықтан бұл құралды әркім мүмкіндігінше пайдалануға ниетті болғаны жөн.

Осы бір жақсы бастама тек іргелі қалаларда немесе облыс, аудан орталықтарындағы тұғындарға емес, шалғай ауылдағы ағайынның да қолдануына мүмкіндік туса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан