АЛМАТЫ МАҢЫНДАҒЫ АТЫС: БЕС КҮДІКТІНІҢ АТЫ-ЖӨНІ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Уақыты: 03.11.2020
Оқылды: 1274
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы маңындағы демалыс орындарының бірінде оқ атылып, атыс болғаны туралы хабар желіде лезде тарады. Әлеуметтік желіде атышулы оқиғаның бейнематериалы да пайда болды. Онда ер адам оқиға орнын түсіріп, полицияға қоңырау шалады. Ол бұл - Байсерке аумағы екенін, "Калашниковтан" оқ атылып жатқанын хабарлайды. Екінші адам бұл жерде балалар бар екенін айтып, жанжалдасқандарды сабырға шақырады.

Алматы іргесіндегі қанды оқиғаға қатысты құзырлы мекемелер түсініктеме берді. "Оқыс жайт биылғы жылдың 31 қазанында сағат 16.00 шамасында Алматы облысы, Іле ауданы, Байсерке ауылындағы демалыс орындарының бірінде болған. Полицияға бейтаныс адамдардың қару кезеніп, кісі өлтірмек болғандығы туралы ақпарат түсті. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша адам өлтіруге оқталу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілерді анықтауға және оларды ұстауға бағытталған тергеу-жедел іс-шаралар кешені ұйымдастырылды", - делінген Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Кейін дәрігерлер Алматы маңындағы демалыс орнында жараланған адамдардың денсаулығы туралы мәлімет жариялады. Онда жарақат алған екі адам Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханада жатқаны, олар Іле ауданынан 31 қазанда келіп түскендігі айтылды.

Белгілі болғанындай, Алматы маңындағы атыста жиырма шақты жігіт қырғын салған. Бұл туралы толығырақ ақпар КТК телеарнасында көрсетілді. Телеарна мәліметінше, тапа-тал түсте болған атыстан екі адам жараланған. Екеуі де ауыр жағдайда. Ал қаскөйлер екі күннен бері жер-көктен іздестіріліп жатыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, екеуі ұсталған көрінеді.

Қанды оқиғаның ортасында болған Константин Кузнецов әлі өз-өзіне келе алмай жүр. Кәсіпкердің күні кеше ғана көз алдында серіктесі оққа ұшты. Одан қалды, өзі де ажал құша жаздады. "Поляна" демалыс аймағы қожайынының айтуынша, қаскөйлер төрт көлікпен баса-көктеп кіріп келіпті. Содан әй-шайға қарамастан, "Қожайын қайда?" деп айқайға басқан. Серіктесі "мен" деп, суырылып шыға бергені сол екен, жиырма шақты жігіт бір кісідей оқ жаудыра бастапты.

Константин Кузнецов, "Поляна" демалыс аймағының қожайыны:

- Спорттық киім киіп алған жиырма шақты жігіт кіріп келді. Бәрі қаруланып алған. "Қожайын қайда?" деп ата бастады. Қайта демалушыларға тиіспеді. Қасақана біздерге қарсы атты. Өзіміздің балаларымыз да осында ойнап жүрген. Оларды қорғап, жан-жаққа қаша бастадық.

Атыс болатын күні демалыс кешенінде халық көп болған. Алаң жеңіл көліктерге толып тұрған. Ал кейбір отбасылар іште бала-шағасының туған күнін тойлап жатыпты. Жан-жаққа жауған оқ үйдің ішіне де өткен. Қожайынмен бірге қаскөйлерден қашқан қызметкерлердің біреуі жараланды. Біреуі үйдің жанында оққа ұшса, екіншісі балалар алаңында құлаған. Қаскөйлерді демалушылардың бала-шағасымен жүргені де тоқтатпаған.

Атыста бас сауғалап қашқан жұрт күдіктілерді ұялы телефонға түсіріп үлгеріпті. Адамдардың бас салып полиция шақыртып жатқанын естіген күдіктілер көп ұзамай із суытқан. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Ал атыста аяғынан жараланған кәсіпкер мен қызметкер шұғыл түрде Алматыдағы ауруханаға жеткізілген.

Анарбек Монғол, Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Ем-дом жүріп жатыр. Ертең бір науқасқа, яғни, балтыр аймағындағы оқтың, қорғасын алу және аппарат салу отасын жоспарлап жатырмыз. Оқ 40 жастағы қожайынның сол аяғын тесіп өткен. Оған ота жасалды. Ал 26 жастағы қызметкерінің халі қиын. Себебі, сүйегін сындырған оқ балтырында қалып қойған. Асық жілігі зақымдалған, ол мүгедек болып қалуы мүмкін.

Серік Үпиев, Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Қылмысқа қатысы бар күдіктілерді анықтауға бағытталған және оларды ұстауға кешенді шаралар жүргізілуде. Мәліметтерге сәйкес, бес күдіктінің аты-жөні белгілі. Оларға Нұр-Сұлтан мен Алматыда, одан кейін осы екі қаланың арасындағы тас жолда іздеу салынған.

Ал аман қалған демалыс аймағының екінші қожайыны бұл кешенге қызығып жүргендердің ісі болуы мүмкін деген болжам жасады. Себебі, ішінде атпен серуендеу, балық аулау секілді демалыс түрлері көп аймақ кімді де болса қызықтырмай қоймасы белгілі екенін айтты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет бейнежазбадан алынды