ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӨКПЕСІНІҢ 95 ПАЙЫЗЫ ҚАБЫНҒАН ЖҮКТІ ӘЙЕЛ АМАН-ЕСЕН БОСАНДЫ

Уақыты: 25.05.2021
Оқылды: 1368
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында коронавируспен ауырып, өкпесі 95 пайызға дейін қабынған жүкті әйел аман-есен босанды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, жағдайы өте ауыр халде болған алакөлдік келіншек Жұлдыз Нұрғалиева санавиация арқылы перинаталды орталық базасында коронавирустық инфекциясы және полисегментті пневмониясы бар босанатын әйелдерге арналған инфекциялық бөлімге жеткізілді.

Өкпесі 95 пайызға дейін қабынған жүкті әйелге дер кезінде кеср тілігі жасалып, реанимациялық бөлімге жатқызылды. Ана мен баланың өміріне араша түскен ақ желеңділердің арқасында өмірге дені сау шақалақ келді. Отадан кейін келіншек бір ай бойы инфекциялық бөлімде, ал жаңа туған нәресте перинаталды орталық дәрігерлерінің қадағалауында болды.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековтың айтуынша, облыстық перинаталды орталықтағы коронавирустық инфекциясы және полисигментті пневмониясы бар жүкті және босанатын әйелдерге арналған инфекциялық бөлімде өз ісін жетік білетін білгір мамандар бар және олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызылған.

Сәуір айының 27-і күні түскен Жұлдыз Нұрғалиева мамырдың 24-іне дейін ауруханада жатты. Ал дәрігерлер күн-түн демей оның денсаулығы үшін алаңдап, барын салды. Ақ желеңділердің үздіксіз күресі мен емінің арқасында келіншек дертінен айығып, қатарға қосылды. Ол ауруханадан аман есен шықты. Бір ай бойы дертімен арпалысқан ана ауруханадан шығар күні алғаш рет баласын қолына алды. Дәрігерлердің арқасында бөпесі мен өзінің аман-есен үйге шыққанына шын қуанған Жұлдыз аналық алғысын білдірді.

- Мен үшін арпалысып, екінші рет өмір сыйлаған барлық дәрігердің алдында басымды иемін. Олар өз ісін жетік білетін, жауапкершіліктері мол, нағыз  Гиппократ антына адал жандар. Облыстық аурухананың бас дәрігері Анарбек Монгол мұндағы әр науқастың жағдайы үшін алаңдап, күн-түн демей өзі келіп тексеріп кетіп жүргенінің өзі дертті жеңіп шығуға үлкен күш берді десем болады. Сондай-ақ, перинаталды орталықтың бас дәрігері Қанат Жұмашевқа да алғысымды білдіремін. Олар өздерінің ерекше қамқорлығы мен ақеділ көңілдері, жұмыстарына деген адалдығы мен емі арқыл ғажайып іс атқаруда. Осындай қатерлі істе алдыңғы шепте жүрген облысымыздың ренаниматолог-дәрігері Азиз Садықовқа, анестизиолог-ләрігерлер Берікжан Уәлиевке, Гүлжан Боталбаеваға, Әсет Енсинге ерекше алғысымды білдіремін. Дәрігерлердің арқасында қолыма баламды алып, аман-есен үйге оралудамын, - деп ағынан жарылды ана.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"