СОҚҚЫ ЖЕГЕН ДӘРІГЕР ЖӘНЕ ВАКЦИНАЦИЯ: ОБЛЫСТАҒЫ СОҢҒЫ МӘЛІМЕТ

Уақыты: 27.05.2021
Оқылды: 1117
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысының тұрғындары арасында вакцинация бойынша соңғы ақпарат жарияланды. Бір қызығы, облыстағы вакциналау жұмыстарымен қоса Ескелді ауданындағы дәрігердің соққыға жығылуы да көпшілік назарынан тыс қалмады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Қазіргі таңда облысқа барлығы бірінші компоненттен 217 350 доза келіп түсті, оның ішінде, 31 500 Hayat-vax, 183 850 Гам-Ковид-вак және 2000 Qaz-вак. Екінші компоненттен 176 710 доза бар. Оның ішінде, 31 500 Hayat-vax, Гам-Ковид-вак 143 210 және Qaz-вак 2000.

Бірінші компонентпен 209 845 адам егілді, екіншісін 116 855 адам қабылдады. Вакцинацияланғандардың арасында мемлекеттік қызметкерлер – 8988, медицина қызметкерлері – 19 718, педагогтар – 30 391, БАҚ өкілдері – 102 және созылмалы аурулары бар (қант диабеті, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, жүрек-қантамыр жүйесі) адамдар – 1039.

Еске сала кетейік, Ескелді ауданында вакцина салдыруға келген ер адам дәрігерді ұрып, тұншықтырған еді. «Вакцина салдыруға келген пациентке түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында пациент дәрігерге дөрекілік танытқан. Дәрігер медициналық ұйымда пациентке өзін дұрыс ұстауды ескерткен. Алайда ескертуге қарамастан пациент дәрігерге шабуыл жасап, басынан ұрып, тұншықтыра бастаған. Дәрігердің беті мен мойнынан бірнеше рет ұрған. Қазір дәрігер бас миының шайқалуы диагнозымен амбулаториялық ем қабылдауда. Оқиғаға қатысты дәрігер Ескелді аудандық ішкі істер бөліміне арыз жазды», - делінген Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми мәліметінде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"