"ДЕЛЬТА" ШТАММЫ ДЕС БЕРМЕЙ БАРАДЫ: ТҮРЛЕНГЕН ВИРУСТЫ ҚАЛАЙ ТЕЖЕЙМІЗ?

Уақыты: 19.08.2021
Оқылды: 1094
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әлемді жайлаған коронавирус індетінің қарқыны басылар емес. Бүгінде жер бетінде күн сайын 480 мыңнан астам адамнан вирус табылуда. Елімізде соңғы аптада вирус өсімінің 2 пайызға төмендегені байқалғанымен көпшіліктің санитарлық талаптарды сақтамауы, ел ішінде емін-еркін жүріп, той-томалақ жасауы жалғасуда. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар МаминнІң төрағалығымен селекторлық режимде өткізілген жиында сөз етілді. Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Түркістан облысынан басқа барлық өңір «қызыл» аймақта тұр. Бір апта ішінде орта есеппен шамамен 53 мың жағдай орын алған. Бүгінге дейін республикада COVID-19-дың оң нәтижесімен 708 379 және КВИ теріс нәтижемен 66 381 науқас тіркелген. Инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 53, ал реанимациялық төсек-орындардың жүктемесі 47 пайызды құрайды. Төсекке таңылған науқастардың басым бөлігі Ақтөбе, Қызылорда, Алматы облыстарының еншісінде.

– Бүгінде 120 мыңнан астам науқас коронавирус инфекциясынан емделуде. Дегенмен, алғашқы тәуліктерде реанимацияға түскен науқастардың басым бөлігі, 40 пайыздан астамы «дельта» штаммын жұқтырғандар болып отыр. Аталған науқастар өз-өзін емдеумен айналысқан және медициналық көмекке кеш жүгінген. Осыған орай жергілікті атқарушы органдар халық арасында аурудың алдын алу, өз-өзін емдеуге жол бермеу және медициналық көмекке дер уақытында жүгіну мәселелері бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет. Халықтан коронавирус инфекциясының алғашқы белгілері байқалғанда медициналық көмекке жүгінуді және өз-өзін емдеумен айналыспауды өтінемін. Қарапайым ережелерді сақтау жүздеген адамның өмірін құтқаратындығын есте сақтау қажет. Карантиндік іс-шаралардың қолданыста болуына қарамастан бірқатар өңірде көп адамның жиналуымен салтанатты іс-шаралар, үйлену тойларын, еске алу түскі асын беру тыйылмай отыр. Карантинді өрескел бұзу фактілері де анықталып жатыр. Осыған орай жергілікті атқарушы органдарға мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді тапсыруыңызды өтінемін, – деген сұранысын жеткізді Алексей Цой Үкімет басшысына.

Осыған орай Үкімет басшысы халықтың шектеу іс-шараларын сақтауын бақылауды жалғастыру керектігін айтты.

– Халықтың шектеу іс-шараларын сақтауын бақылауды жалғастыру керек, бұл үшін өңірлерде мониторинг топтарының саны көбейтілді, олардың қызметінің тиімділігін күшейту қажет. Барлық өңірлер мен мемлекеттік органдар вакцина салдырудың қажеттігі туралы ақпараттық жұмысты кеңейтсін. «Қызыл» аймақтардағы өңірлерде демалыс күнгі локдаундарды сақтау қажет, – деді Премьер-Министр.

Коронавирус індеті өршіп тұрған тұста шағын және орта бизнестің жұмысына серпін беру мақсатында «Ashyq» жобасының іске қосылғаны белгілі. Жобаға 111 мың бизнес субъектісі қатысуда. «Ashyq»-ты пайдаланушылар саны 4 миллионнан асты. Бірақ, жобаға қатысатын нысандар талаптарды жиі бұзуда. Мәселен, осы уақытқа дейін мониторинг топтар 60 473 нысанды тексеріп, 1 183 нысандағы ереже бұзушылықты анықтаған. 

Коронавирус инфекциясының таралуын тежеу үшін вакцина алудың маңызы зор. Коронавирусқа қарсы вакциналау жұмысы Шымкент қаласында, Түркістан, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызыл­орда облыстарында жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. 

Өңірлер вакцинаның жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілген. Вакцина жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Барлық өңірге Қытайдың Sinopharm вакцинасының 1-топтамасы жеткізілді. Жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Мұнымен қатар Үкімет отырысында жемшөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық мәселелері, Ақтөбе облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралып, нақты тапсырмалар берілді.

Алма ЕСЕНБАЙ