БҮГІН - БАЛАЛАРДЫ ВАКЦИНАЛАУДЫҢ БІРІНШІ КҮНІ. КІМДЕР АЛДЫ? ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 15.11.2021
Оқылды: 1159
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында жасөспірімдерге арналған коронавирустық инфекцияға қарсы Pfizer вакцинасының 46 800 дозасы бар. Осыған орай, бүгін індетті азайту мақсатында №1 Талдықорған қалалық емханасында 3 бала ата-анасының өтінішімен екпе алды. Сондай-ақ, екпе алуға жасөспірімдер, емізулі баласы бар аналар да келе бастады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Дәрігерлер әуелі балалардың денсаулығын толықтай тексеріп, үшеуінің де екпе қабылдай алатынын айтты. Сонымен қатар, екпеден соң үш күн дәрігерлердің бақылауында болатынын жеткізді.

Шара барысында ата-ана Ботагөз Тасыбаева:

– Балаларға екпені тек ата-анасының рұқсатымен ғана салдыртып жатыр. Отбасымызда барлығымыз вакциналанғанбыз. Кейбір адамдар вакцинаға сенбейді. Бірақ бұл қате пікір. Індетті жеңудің жалғыз жолы екпе болғандықтан балама да салдыруды жөн көрдім, – деді.

«Емханаға келген балалар екпені сәтті алып шықты. Барлығының денсаулығы қалыпты»,­ – дейді дәрігерлер. Бүгінге дейін Талдықорған қаласы бойынша 119 өтініш келіп түсіпті. Бір флакон алты адамға салынатындықтан дәрігерлер тізім жасап, екпе алуға өтініш білдіргендерді қабылдауда. Ақ халатты абзал жандардың айтуынша, ата-аналар вакцина келмей жатып өтініш білдіруді бастап кеткен.

Бүгін 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер де коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алды. Олардың арасында 1 курс студенті Сұлтан Жәнібек те бар.

- Коронавирустың алғашқы толқыны болған кезде мен қатты ауырдым. Емдеуден кейін шашым түсе бастады, мен дәм сезуден қалдым. 17 жасымда вакцина ала аламын ба деп ойладым, бірақ өкінішке орай мен контингентке сәйкес келмедім. Пфайзер туралы жаңалық естілгенде, мен оны алғашқылардың қатарында алатыныма сенімді болдым, өз-өзімді қалыпты сезініп отырмын, ештеңе ауырмады, - деп өз ойымен бөлісті ол. Сондай-ақ, алғашқылардың бірі болып 14, 15, 16 жастағы балалар да болды, тіпті, емізетін ана да өзін және баласын қорғау үшін вакцинаны алуға келді.

Айта кетейік, Pfizer екпесі 16-дан 37 аптаға дейінгі жүкті әйелдерді, босанғаннан кейінгі 42-нші күнінен бастап емізетін аналарды, сондай-ақ, 12-ден 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді вакциналауға арналған. Облыс бойынша 226 мың адамға екпе салу жоспарлануда. Оның ішінде 12-17 жастағы балалар саны - 147 000, жүкті әйелдер - 34 510 (жүктілік мерзімі 16-37 апта), лактация кезеңіндегі әйелдер (бала туған сәттен бастап 42 күннен кейін) - 44 300.

Жүкті әйелдерді, бала емізетін аналарды және жасөспірімдерді вакциналауға бастапқы медициналық-санитарлық көмектің аумақтық медициналық ұйымдары (емханалар) қатысатын болады.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы