БЕСАҒАШТА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА АРНАЛҒАН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Уақыты: 21.11.2021
Оқылды: 1104
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Promedical-2021» ЖШС компаниясы биылдың наурызында құрылған. Бұл медициналық орталық ауыл тұрғындарына медициналық және емдік диагностикалық, амбулаторлық, стационарлық қызмет көрсету мақсатында ашылған.

Аталған орталық облыс пен Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылының тұрғындарына мемлекет қаражаты есебінен тегін және ақылы негізде қызмет көрсетеді. Компанияның медицина саласындағы қызметпен айналысуына, сондай-ақ, фармацевтикалық қызметті жүзеге асыруға мемлекеттік лицензиясы бар.

Бүгінде күні медициналық орталық 10 қызмет түрін көрсетеді. Мәселен, жалпы тәжірибелік дәрігердің қабылдауына жазылу (терапевт, кардиолог, пульмонолог), сондай-ақ, педиатр, гинеколог, отоларинголог, тіс дәрігеріне жазылу, массаж, УДЗ, рентген, КТ, емдеу бөлмелері бар. Қызметтердің бұл түрі нарық қажеттілігінен таңдалған. Өйткені, аталған қызметтер халық арасында үлкен сұранысқа ие.

– Біздің орталықтың ерекшелігі – бәсекелестер қамтымайтын медициналық сала бойынша бірнеше қызметтің орнын толтыру, оларға орташа нарықтық бағамен сапалы қызмет көрсету. Медициналық орталық жоғары білікті мамандардың, заманауи қондырғылардың және соңғы үлгідегі диагностика мен емдеу технологияларының арқасында аймаққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, – дейді «Promedical-2021» ЖШС директоры Нұрлан Бақытжанұлы.

2021 жылы компания «Жинақ банк» АҚ ЕБ-тен инвестициялық мақсатта несие алды. Жобаны «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік қолдау және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде қолдады. Нәтижесінде, қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 14,25 пайыз болған кезде 8,25 пайыз мөлшерінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланады.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ

Талғар ауданы

Алматы облысы