"15 МЫҢ АДАМ ҚАЙТЫС БОЛАДЫ": ҚАТЕРЛІ ІСІКТЕН САҚТАНУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 12.11.2019
Оқылды: 1817
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша 1376 адам қатерлі дертке шалдыққан. Дәрігерлер онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі қатерлі ісігі белең алып тұрғанын айтады. Ресми дерекке сүйенсек, жыл сайын онкологиялық аурулардан шамамен 15 мың адам қайтыс болады. Осы тұрғыда Талдықорған қаласындағы көпсалалы клиниканың медициналық қызмет көрсету сапасы бөлімінің басшысы Дархан АТАНАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

- Үкімет Қаулысымен 2018-2022 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар қабылданғаны белгілі. Жыл сайын Қазақстанда қатерлі ісіктің 35 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Бүгінгі таңда диспансерлік есепте 179 мыңға жуық қазақстандық тұр. Десек те, обырдан сақтанудың жолдары бар ма?

- Әлемде ғалымдар обырдың пайда болуын зерттеп жатқанмен, нақты себебін таба алмай келеді. Тек белгілі бір дәрежеде обырдың пайда болуына ықпал ететін факторларды айтуға болды. Мысалы, әйелдердің сүт безіндегі қалыпты жасушалардың мутациялануы салдарынан обыр жасушылары пайда болады. Қазақстанда онкологиялық аурулардың ішінде бірінші - сүт безі, екінші - өкпе, үшінші - асқазан және төртінші - жатыр мойны және тоқ ішек қатерлі ісігі тұр.

Қатерлі дерттің алдын алу үшін әр азамат салауатты өмір салтын сақтағаны дұрыс. Рак ауруының салдарынан болатын өлім жағдайларының 25-30 пайызы тікелей темекімен байланысты. Қуықтың, асқазан асты безі және бүйрек, асқазан, жатыр мойны, мұрын қуысы мен миелоидты лейкоз обыры жағдайларының көпшілігі шылымнан болады. Темекі тарту және оған алкогольдің қосылуы салдарынан болатын ұлтабар, жұтқыншақ және ауыз қуысы обырының үлесі 43-60 пайыз аралығында. Сонымен қатар, тері аурулары рагының басты себебі күн сәулесі, әсіресе, оның ультракүлгін бөлігінен пайда болады. Барлық онкологиялық аурулардың 10 пайызын вирустар шақыруы мүмкін. Сондықтан, жиі тексеріліп тұру керек.

Сүт безі обырынан сақтану шараларына келсек, әйел адамдар үшін сүт және қалқанша безіндегі, бауырдағы және жыныс мүшесіндегі созылмалы ауруларды уақытында емдеу, қант диабеті мен семіздікті болдырмау, өсімдік тағамдарын көбірек қолдану, көкөнстерді, жеміс-жидектерді және витаминдерге бай тағамдарды пайдалану мен маммографиялық тексеруден екі жылда бір рет өту маңызды.

- Алдын алудың бірден-бір жолы уақытында скринингтен өту екенін білеміз. Алайда көпшілік скринингтен қай жаста және қайда барып өту жолдарын біле бермейді.

- Скрининг дегеніміз - симптомдары байқалғанға дейін ауруды анықтау мен емдеу. Адамдар арасында әлі симптомдары жоқ ауруларды анықтау мен емдеу рактан келетін өлім санын азайтуға мүмкіндік береді. Тіпті, үйде әйелдер етеккір аяқталысымен өзінің сүт бездерін жан жағынан ортасына қарай сипалау арқылы тексеріп көруіне болады. Егер сізді оның сыртқы түрі мен тері түсіндегі және бездің формасындағы өзгерістер мазаласа немесе сіз сипалаған кезде тығыздық байқалса, міндетті түрде онкологқа қаралу керек. 30 жастан асқан әйелдер сүт бездеріндегі өзгерістер мен осы ағзадағы ракты ертерек анықтау үшін маммографиялық тексеруден өтіп тұры қажет.

Осы мақсатта клиникада Ашық есік күндерін жиі өткізіп тұрамыз. Қазан айының әр сенбісі күні ашық есік күнін өткіздік. Сонымен қатар, аудан орталығынан алыс орналасқан ауылдарға барып, Ашық есік күнін өткізіп тұрамыз. Біздің клиникада 2019 жылдың 6 айында жатыр мойны ісігі ауруының алдын алу мақсатында 26813 әйелді тексеруден өткіздік. Соның ішінде 11 адамнан рак ауруы табылды. Жалпы, бір жылда 72227 әйелді тексеруден өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, өзге де онкологиялық ауруларды ерте анықтау мақсатында клиникада Ашық есік күні жиі өтетінін хабарлаймыз.

Бір айта кетерлігі, адамдар алғаш диагноз белгілі болғанда психологиялық қиындыққа ұшырайды. Ол кезде клиникадағы психологтар көмек көрсетеді. Ал ауру қатты асқынған кезде паллиативті көмек көрсетіледі.

- Республика бойынша дәрігер мамандарға сұраныс жоғары екені белгілі. Сіздерде қандай мамандарға сұраныс басым?

- Жыл сайын Қазақ онкология және радиология институтына "Сәулелік терапия", "Сәулелік диагностика" және "Онкология" мамандығы бойынша резидентурадан өткен мамандарға өтінімдер беріледі. Себебі, клиника осы бағыттағы мамандарға өте мұқтаж. Клиника басшылығы жыл сайын жоғары оқу орындары түлектерінің жәрмеңкесіне қатысып, жас мамандарды жұмысқа шақырады. Бүгінгі күні клиникаға эндоскопист-дәрігер мен рентгенолог-дәрігер қажет.

- Ал клиника өз кезегінде жас мамандарға қандай жағдай жасап отыр?

- Резидентура бітірген жас мамандарға жоғары еңбекақы тағайындап, тұрғын үймен қаматамасыз етіп отыр. Жекеменшік тұрғын үй алғанға дейін жалдамалы пәтер ақысы төленеді. Әрі мамандардың білімін жетілдіру мақсатында және тәжірибе алмасу үшін өзге облыстардан хирургтер шақыртып, шеберлік сағатын өткізіп тұрамыз. Сонымен қатар, паллиативті көмек көрсетеуді үйретеміз.

- Көпсалалы клиника медициналық құрылғылармен толық қамтамасыз етілген бе?

- Қазір медицина күн санап дамып келеді. Соның ішінде, ота кезінде адам ағзасын сақтап қалуға тырсамыз. Сондықтан, клиникамызды жаңа құрылғылармен қамтамасыз етуге тырысып жатырмыз. 2018 жылы біз жаңа сандық маммограф алдық. Өз кезегінде 2019-2022 жылдар аралығында рентген-аппарат, УДЗ аппараты, портативті УДЗ аппараты мен колоноскопы бар бейнешек алу жоспарланған.

Бір ай бұрын клиникада ТУР (трансуретральды резекция) аппаратының көмегімен бірінші рет қуыққа ота жасалды. Сонымен қатар, аппараттың көмегімен қуық ісіктерін және қуық аденомасын емдеуге болады. ТУР аппаратының басты артықшылығы, органды және оның функционалдығын сақтау болып табылады. Яғни, ота жасау кезінде тек ісікті алып тастайды.

Өкінішке қарай, қырық жастан асқан ерлер арасында қуық асты безінің аденомасы сияқты ауру көп кездеседі.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы