КОРОНАВИРУС: ТАЛДЫҚОРҒАНДА НАУҚАСТАР САНЫ КҮН САНАП ӨСІП ЖАТЫР

Уақыты: 19.05.2020
Оқылды: 1258
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Коронавирус індетінің таралуы және сақтық шараларын күшейтуге байланысты Алматы облысының «Жетісу медиа» ақпараттық алаңында брифинг өтті.

Оған Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ, облыс бойынша бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің орынбасары Асхат Чарапиев және Талдықорғанның бас санитар дәрігері Ермек Әсемқұлов келді.

Бауыржан Ербозымұлының айтуынша, бүгінде Кеген, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласы күшейтілген карантиндік режимде. Себебі, аталмыш аумақтарда коронавирус жұқпасына орай жағдай тұрақсыз. Яғни, коронавирус жұқпасы тоқтаусыз шығып жатыр.

Өкінішке қарай, сараптамалық тексеру нәтижесінде Талдықорған қаласының тағы бірнеше тұрғыннан сырқат белгісі анықталған. Үш пациент те Талдықорған қаласындағы әскери госпитальдің инфекциялық бөліміне ауыстырылды. Олармен 12 адамның байланыста болғаны белгілі болды. Олар оқшау орналастырылып, зертханалық тексерулерінен өтуде, эпидемиологиялық зерттеулер жалғасып жатыр. Науқастар саны күн санап өсіп жатыр.

Алматы облысының басқа өңірлерінде карантин жеңілдетілген. Ауданаралық блок-бекеттер алынған. Ал карантин күшейтілген аумақтарда қоғамдық тамақтану залдары, діни орындар, монша, ойын-сауық алаңдары әлі де ашылмайды. Талдықорған қаласы бойынша бірнеше нысан карантинге алынған. Мысалы, қалалық ішкі істер басқармасы ғимараттарына сырттан адам кіргізілмейді. Денсаулық сақшыларының айтуынша, тұрғындар қатаң медициналық бетпердемен жүруі тиіс.

Дегенмен, Бауыржан Ербозымұлы жалпы облыс бойынша жағдайдың тұрақталып келе жатқанын айтты. Аталған үш өңірде кесел ауыздықталса, індеттің беті қайтады деген үміт бар.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы