ҚАЗАҚСТАНДА ТӨРТ ТАНЫМАЛ ТҰЛҒА КОРОНАВИРУСПЕН АУРУХАНАҒА ТҮСТІ

Уақыты: 14.06.2020
Оқылды: 1320
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қытайдың бізден алыс аймағында емі жоқ дерт шығыпты дегенде мән бере қоймағанбыз. Аз уақытта әлемді шарпығанда, шынымен алаңдай бастадық. Қауіпті індет Қазақстанда тіркелгенде де, кімдер екен, атын атап, түсін түстемесе, сену қиын ғой деген әралуан пікір ел ішін желдей есіп жүрді. Өкініштісі, соңғы күндері Қазақстанда бірнеше танымал тұлға коронавирус жұқтырып алды. Ең жаманы - бейқам халықтың ішінде сонда да сенгісі келмейтін адамдардың табылып жатқаны. Ондайларға не деуге болады?

Қиын, сенбейтін адам әйтеуір сенбес үшін себеп тауып алады. Біреуі саясатпен байланыстырады, біреуі қаржылық жүйедегі бір қитұрқы әрекет дейді, енді бірі әлемге үстемдік жүргізу үшін әлдекімнің ойлап тапқан жобасы деп бас қатыруда. Адам миына белгісіз чип орнатудың амалы дейтіндер тағы бар. Көшелерде, дүкен, базар, автобус, аялдамаларда, такси жүргізушілері арасында, қысқасы, қоғамдық ортада ду-ду әңгіме әлі толастаған жоқ.

Сақтанайық, сақ болайық деген сөзбен оларды қарату мүмкін емеске айналды. Оларға сендіру үшін жұқпалы аурулар ауруханасын аралату қажет пе, әлде ауырғандарды көрсетуге болмайтынын этика, заңды оқыту арқылы қайтадан түсіндіру керек пе, әйтеуір індеттен шын мәнінде сақтануды санасына құятын бір ұтымды жол тапқан жөн секілді. Әйтпесе, арқаны кеңге салып жүргендер вирустың одан әрі өршуіне жол ашып отыр. Бейқам отыра беруге болмайтынын әлемдегі және еліміздегі жағдай күннен-күнге ұғындыру түсуде.

Танымал қайраткерлер арасынан да, ат үстінде жүрген азаматтардан да, таныстар ішінен де жұқтырғандар шыға бастады. Президентіміздің жанында жүрген баспасөз хатшысы, танымал журналист Берік Уәли, одан кейін өнер десе, ішкен асын жерге қоятын депутат Бекболат Тілеухан, енді міне, еліміздің бас дәрігері, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтің өзі коронавирусқа шалдығып, ауруханаға түсті. Іле-шала қазақтың даңқын асырып жүрген балуан, чемпион Айбек Нұғымаровтың вирус жұқтырғаны жайлы ақпарат тарап жатыр.

Қайтпек керек? Қаперсіз қазақ әлі сол. Құдалық, ас беру, басқа да салт-жоралғылар үйді-үйдің аулаларында өтіп жатыр. Онда арақашықтық сақталған, дезинфекция жасалған, адам саны аз деп айтудың өзі қиын. Бетпердені мұрын мен ауызға емес, иекке тағатын "сәнқойлар" тағы шықты.

Бекболат Тілеухан, Елжан Біртанов, Берік Уәли, Айбек Нұғымаров. Төрт тұлға да танымал. Төртеуі де сақтануға шақырып отыр. "Міне, мен жұқтырдым. Бейқам жүрмеңдер. Сақтаныңдар!" - дейді. Қазақ халқы бейқамдықтан тарихта талай опық жеген. Енді сол қателігімізді тағы қайталап, бармақ шайнап қалмайық десек, ең оңай нәрсе - бетперде тағып, қашықтық сақтап, мүмкіндігінше үйде отырып, басқосуларға бармай, дәрігерлердің кеңесіне құлақ асу.

Рас, бүгінгі буын үшін қолыңды қайта-қайта сабындап жуу, бетперде тағу, қорғаныш қолғабын кию, арақашықтық сақтау секілді кеңестер күлкілі де көрінеді. Өйткені, ХХІ ғасырда қол жууды балабақша мен бастауыш сыныпта ғана үйрететін дүние еді. Медицина қарыштап дамып, жүрек, өкпе, бүйрек, бауыр алмастыру, мидағы миллиондаған талшықтарға ота жасау жұмыстары оп-оңай жолға қойылған дәуірде бетперде тағып, үйде отыра тұр деу, әрине, тосырқап, таңырқап қарайтын мәселе.

Сөйтсек, технологияны игердік, медицинамыз мықты деп босаңсуға болмайды екен. Адамзаттың білмейтіні әлі тоқсан тоғыз. Ауада тараған, тозаңнан да кіші, көзге көрінбес түйір миллиондаған адамды алаңдатып тастады. Сан мың өндірісті тоқтатып, дамыған қалалардағы қарбалас тіршілікті шектеп қойды. Ауадағы бір түйір талай тағдырдың тынысын жапты. Өкпесін қысып, өмірін қиды. Қалықтаған қауіпті түйір әлемді уысында ұстап тұрып, сағат, секунд сайын өлім-жітім көрсеткішін өзгертеді. Әр сан өзгерген сайын біреудің демі үзілгенін түсінесің. Біреудің төсекке таңылғанын білесің. Алқымнан алатын ауру ешкімге дес берер емес.

Бұл ешқандай кино немесе түсіңіз емес, шын өмір. Сіз бен біз тек кинодан ғана көретін көрініс, өкінішке қарай, ортамызда орын алып жатыр. Сондықтан, үйде отырыңыз, қарым-қатынасты сыртқы адамдармен үзе тұрыңыз. Бұл талап аралас-құралас, құшағы ашық, пейілі кең қазақ үшін өте ауыр, бірақ мойынсұныңыз, оқшауланыңыз.

Ғалымдар үшін сіздің үйде болғаныңыз өте маңызды. Олар сынақтан өткен, дәлелденген, әсері де дұрыс вакцина ойлап табу үшін жанталасуда.

Мынаны есте ұстаңызшы: сіз үйде отырып, карантин талаптарын сақтау арқылы дәрігерлердің жұмысын жеңілдетесіз, ең бастысы, ғалымдарға вирустың бетін қайтаратын вакцина ойлап табуына мүмкіндік бересіз! Ендеше, ғалымдардың жұмысына кедергі келтірмей, бала ойнатып, ұрпақ тәрбиесіне тереңірек көңіл бөліп, үйде отырайық.

Жә, бұл да жай сөз деп қабылдасаңыз, онда қазақтың санын ойлаңызшы бір уақыт. Ат төбеліндей ап-аз халықпыз. Қара шешектен, түрлі обадан жусап түскен, небір зұлматта қынадай қырылып қалған ауыр тағдырлы ұлтпыз! Бейқамдығымыздан, ауызбіршілігіміздің жоқтығынан, жағдайға тез бейімделе алмағаннан, тәртіпке бағынбағаннан талай сан соғып қалдық. ХХ ғасыр басында Алаш ардақтылары да ел ішіне тараған түрлі аурудан сақтандырып, шыр-пыр болды. Бүгін, міне, тағы да бейқам жатырмыз. Қара басыңызға байланған талап болса, мейлі дейміз ғой, бірақ сіздің селқостығыңыз ұлт болашағына қауіп төндіретінін ұмытпаңыз.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Сурет - ғаламтордан