КОВИДТІҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫМЕН КҮРЕСУГЕ 851 ДӘРІГЕР САҚАДАЙ-САЙ ТҰР

Уақыты: 28.10.2020
Оқылды: 1024
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында СOVID-19 вирусының екінші толқынына дайындық жұмысы күшейтілді.

Алматы облысында коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындық қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі Амандық Баталовтың тікелей тапсырмасымен пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен 13,7 млрд.теңге бөлінді, оның ішінде, екінші толқынға дайындық үшін 8,8 млрд.теңге қарастырылған. Бұл туралы «Jetisý media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың айтуынша, аталған қаражатқа 3 компьютерлік томограф, 18 рентген аппараты, 150 өкпені жасанды желдету аппараты және аудандар үшін 135 "Жедел жәрдем" көлігі мен 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған. Нәтижесінде, "Жедел жәрдем" бригадаларының саны 165-тен 205-ке дейін көбейтіледі.

- Бүгінгі таңда облыстың 13 ауруханасы оттегі стансасымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 1070 оттегі концентраторы сатып алынды. Жақында ашылған 200 төсектік жаңа инфекциялық аурухана қысқа мерзімде пайдалануға берілді. Одан бөлек, ауыр науқастар мен балаларға арналған көпсалалы ауруханалар базасында 4 ахуалдық орталық құрылды. Жалпы, екінші толқынға барлығы 5280 төсек-орын дайындалды, – деді Батыржан Байжұманов.

Ал коронавирус инфекциямен күреске облыс бойынша 3455 медицина қызметкері, оның ішінде, 851 дәрігер жұмылдырылған.

Аймақтың бас дәрігері Өмірзақ Ниязбековтың айтуынша, 28 қараша күнгі жағдай бойынша, облыста коронавирус инфекциясымен 5 адам тіркелді. «Облыс бойынша коронавирус инфекциясының өсу қарқыны тәулігіне 0,1 пайыз, соңғы аптада 0,2 пайызды құрады. Қазіргі уақытта инфекциялық стационардың 1 деңгейдегі жүктемесі 24,3 пайыз», – деп мәлімдеді Өмірзақ Ниязбеков.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"