"ХАЛІМІЗ НЕ БОЛМАҚ?" ТАЛҒАРЛЫҚТАР АУДАНДЫҚ АУРУХАНАҒА АЛАҢДАУЛЫ

Уақыты: 01.11.2020
Оқылды: 1051
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Талғар аудандық ауруханасы жекеменшіктің қолына өтіп кетіпті, ендігі жай-күйіміз қалай болады? Ақылыға көшсе, халіміз не болмақ?» деген сарындағы сұрақтар тұрғындардың мазасын алғаны анық. Облыстық «Жетісу» газетінің тұрақты оқырманы, зейнеткер Ақан Ақаев атамыз телефон шалып, бұл сауалды анықтап беруді сұраған да еді. Осыған орай, аудандық ауруханаға атбасын бұрып, мәселенің мәнісін білмекке тырыстық.

- Аудандық аурухана жекелікке емес, «a-Class Medical» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сенімгерлік басқаруға өтті. Аталған серіктестіктің медициналық қызметтер көрсету жұмысында мол тәжірибесі бар екендігін баса айтқымыз келеді. Халықтың көкейінде туындаған сан түрлі сауалдарына нәтижелі жұмысымызбен жауап беретін боламыз. Келісімшарт жасасқан күннен бастап, яғни, қазанның 28-інен бастап нақты іске көштік. «Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «Талғар аудандық ауруханасы» МКК шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қызметінің бейіні оның жарғысына сәйкес объектіні сенімгерлік басқарудың барлық мерзімі ішінде сақталатын болады» деп атап көрсетілген. Шарт жасасу кезіндегі бизнес-жоспарымыз бірнеше пункттерден тұрады, – деді «a-Class Medical» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азамат Доланбаев. – Сенімгерлік басқаруға өткен медициналық мекеме қызметкерлерінің жалақысы алдағы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 20 пайызға көтеріледі. Қолда бар штат бірліктері сақталатын болады, яғни, қысқарту болмайды. Сенімгерлік басқарушының меншікті қаражаты есебінен мамандандырылған курстарда, оның ішінде, алыс-жақын шетелдерде тұрақты негізде дәрігерлік және орта медициналық персоналдың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етуге кепілдік береміз.

Осылай деген компания басшысы бұдан өзге аумақты абаттандыру, орталық аудандық аурухананың үй-жайын қайта жаңарту, сондай-ақ, кардиологиялық, оңалту, паллиативтік көмек бөлімшесін, нефрологиялық бөлімшені және басқа да уақыт талап ететін бөлімшелерді жөндеу және ашуды басты назарға алатындығын атап өтті. Сенімгерлік басқаруды қолға алған компания алғашқы жұмысын пациенттерді орналастыру және оларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында кешенде Wi-Fi жүйесін орнату, интернетпен қамтамасыз етуден бастағандықтарын айтты. Мұндай жаңғырту және жаңарту жұмыстары Талғар ауданына қарасты барлық ауылдардағы медициналық мекемелерде де жүргізілмек.

Сенімгерлік басқаруды 15 жылға қолына алған компания басшылығы: «Аудандық медицинаның ахуалын арттырып, жағдайын жақсартуға күш салатын боламыз, сондықтан, халықтың алаңдауына еш негіз жоқ», - дегенді қадап айтты.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы