Талдықорған қаласының орталық алаңында денсаулық сақтау ұйымдарына жылжымалы «Жедел жәрдем» көліктерінің кілті тапсырылды. Салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар барлық медициналық мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандыруға, науқастарға арналған орындар қорын 50 пайызға жаңартуға, ескірген инфрақұрылымды ауыстыруға, өмір ұзақтығын болжамды 75 жасқа дейін жеткізуге мүмкіндік береді», – деп халықтың денсаулығын нығайтуды негізгі міндет ретінде атап көрсеткен еді.
Денсаулық саласы қызметкерлеріне медициналық көліктің кілтін облыс әкімі Амандық Баталов салтанатты жағдайда табыстап, пандемия кезінде қажыр-қайратын аямай қызмет еткен дәрігерлерге ризашылығын білдірді.
– Халық – мемлекеттің басты байлығы. Сол себепті біз бірінші кезекте елдің амандығын ойлауымыз керек. Індет елге енгелі біршама ауыр жағдайды бастан кешірдік. Бірінші толқында кемшілік те орын алды. Енді ондай олқылыққа орын бермеуіміз керек. Пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен 13,8 миллиард теңге бөлінді. Оның 8,8 миллиард теңгесі екінші толқынның дайындық жұмысына жұмсалды. Аталған қаражатқа 3 компьютерлік томограф, 18 рентген аппараты, 150 өкпені жасанды желдету аппараты алынды. Сонымен қатар, облыстың 13 ауруханасы оттегі стансыларымен және 1070 оттегі концентраторымен қамтылды. Жалпы, екінші толқынға 5 мың 280 төсек-орын дайындалды. 180 «Жедел жәрдем» көлігі мен 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Нәтижесінде, «Жедел жәрдем» бригадаларының саны 165-тен 205-ке көбейді. Енді халыққа тек сапалы қызмет көрсетуіміз керек. Ең бастысы – халық медицина мамандарының айтқан кеңесіне құлақ түріп, барлық сақтық шараларын орындаса болғаны. Жақындарымызға жанашыр болып, тәртіпке бағынып жүруді ұмытпайық. Жауапкершілікті әрбір адам сезінсе деймін. Өйткені, адам өмірінен артық ештеңе жоқ. Сондықтан, осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылып, індетпен бірге күресуге тиіс, – деген облыс басшысы аудан, қала ауруханаларының директорларына жылжымалы «Жедел жәрдем» көліктерінің кілтін табыс етті.
Облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек стансысының аға фельдшері Шолпан Нұрғалиева жаңа «Жедел жәрдем» көлігінде орналасқан барлық құрылғылармен таныстырды. Оның айтуынша, барлық медициналық құрылғы Германия мемлекетінде шығарылған. Бірінші медициналық көмекке қажетті озық технологиялырмен жабдықталған. Ең бастысы, барлық «Жедел жәрдем» көлігінде өкпені жасанды желдету аппараты орналастырылған.
Салтанатты шара соңынан облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек стансысының басшысы Савелий Пак Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Амандық Баталовқа медицна қызметкерлерінің атынан алғыс айтып, халықтың амандығы жолында талмай еңбек ететіндігін жеткізді. Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасова да ақ халатты абзал жандардың жұмысына табыс тілеп, аналық алғыс айтты.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ
Алматы облысы