"БІР АЙДА ЖЕТІ ОҚИҒА": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АНА ӨЛІМІ АЗАЙМАЙ ТҰР

Уақыты: 06.11.2020
Оқылды: 1699
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың төрағалығымен онлайн режимінде жиын өтті. Оған аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ауруханалардың бас дәрігерлері қатысты.

Жиында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бағытында атқарылған тоғыз айдың қорытындысы мен өткізген шаралары, пандемияның болжамды екінші толқынына дайындық барысы, бала мен ана өлімі мәселесі талқыланды.

Шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков, орынбасары Ләйлә Серікбаева тоғыз айда ақарылған жұмыстарды әр бөлім бойынша саралап, алдағы жоспар жайлы кеңінен тарқатты. Сонымен қатар, кеткен кемшіліктерге, ана мен бала өліміне жекелей тоқталды.

Облыста бала өлімі азайғанымен, ана өлімі өршіп тұр. Былтыр ана өлімі бойынша 13 оқиға тіркелген. Өкінішке қарай, биыл да аталмыш көрсеткіш айтарлықтай кемімеген. Бір ғана шілде айының өзінде 7 оқиға орын алған. Атап айтсақ, Талғар, Ұйғыр, Балқаш ауданында қайғылы жайт болған.

Бұл мәселе бойынша Батыржан Құлаймергенұлы:

– Осымен екінші жыл қатарынан ана мен бала өлімін азайтумен күресіп келеміз. Заман талабына сай медициналық құрылғылардың барлығын алдық. Бірақ нәтиже жоқ. Әр ананың денсаулығы біз үшін маңызды. Сондықтан, осы мәселені қолға алып, қарқынды жұмыс атқару керек, – деп жауапты мамандарға нақты тапсырма берді. Осыдан кейін коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық жұмыстарын тексерді. Әр өңірдің жұмыс жоспарымен танысты. Алдағы уақытта қандай көмек қажеттігін сұрады.

Індетпен күреске жергілікті бюджеттен 13.8 млрд.теңге, оның ішінде екінші толқынға дайындық үшін 8.8 млрд. теңге бөлінгені белгілі. Аудандарда 12 оттегі стансысы іске қосылған. Жуырда тағы екеуі орнатылады. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуын күшейту шаралары да қабылданған.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары әлемді жайлаған індеттің болжамды екінші толқыны аймағымызда өршімеу үшін жұмыла жұмыс істеу керектігін айтып, мамандардың ұсыныстары негізінде тапсырмалар берді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан