ДӘРІГЕР: "ҚАПШАҒАЙ ҚАЛАСЫ КОРОНАВИРУСТЫҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫНА ДАЙЫН"

Уақыты: 10.11.2020
Оқылды: 1230
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қапшағайда індеттің екінші толқынына дайындық барысы қарқынды. Бұл туралы Қапшағай қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Күз келісімен елімізде індеттің күш алғаны белгілі. Жұқтырғандар саны күн санап күрт көбейген. Қапшағай қалалық ауруханасы вирусқа тосқауыл ретінде барлық шараларды қабылдап жатыр.

Әзірлік барысын көшпелі брифингте қала әкімі Нұрлан Құматаев баяндады. Бүінгі таңда емдеу мекемесінде 30 төсек-орын дайындалған. Тағы 20 орын резервте тұр. Ауруханалар ең алғашқы қажеттілік - оттегі құралдарымен, өкпені жасанды желдету аппаратымен жабдықталған.

Қалалық аурухана басшысының айтуынша, емханаға 128 орталықтанған оттегі нүктесі тартылған. Мұнымен қоса қажетті дәрі-дәрмек, медициналық құрылғыларға тапшылық жоқ. Қала бойынша індетпен күреске 129 қызметкер жұмылдырылған. Оның 34-і дәрігер, 58-і орта, 22-сі кіші санаттағы қызметкерлер.

Қалалық бас мемлекеттік санитардың қаулысына сәйкес, карантин шаралары күшейтіліп, қоғамдық орындарда бетперде, арақашықтық талап етілуде. Жауапты кезеңде ақ халаттылардың еңбек демалысы тоқтатылып, барлығы тегіс вируспен күреске жұмылдырылды. «КОВИД-19» вирусының таралу қарқыны артқанына байланысты іс-шаралар, топтық жиындар, кездесулерге тыйым салынды. Бұл жұмыстар мониторинг топтың қатаң бақылауында.

- Бізде қазір қатаң режимдегі дезинфекциялық тәртіп сақталуда. Есіктен кіреберіске санитайзер, қолды сүртуге арналған антисептик, мекемеде күніне 3 реттік тазалық жүргізіліп отырады. Дәрігерлер жеке қорғаныш костюмімен, бетпердемен, антисептик-препараттармен қамтылған. Жоспар бойынша толық дайынбыз, - деді Қапшағай қалалық ауруханасының директоры Айман Рақышева.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан