АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КОВИДТІ АНЫҚТАЙТЫН 10 ЗЕРТХАНА ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Уақыты: 13.11.2020
Оқылды: 1095
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

"Алматы облысында коронавирус инфекциясын анықтау мақсатында тәулігіне 6 мың зерттеу жасайтын 10 зертхана жұмыс істейді. Оған қоса, тәулігіне 2 мың зерттеу жасайтын тағы 4 зертхананы қосымша іске қосу жоспарланған. Қорда 50,6 мың зерттеуге жететін тест-жүйелер жиынтығы бар. Бүгінгі күні өңірде ПЦР тәсілімен 241 мың зерттеу жасалған," - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қазіргі кезде аймақта КВИ-ден емдеуге арналған 686 инфекциялық бағыттағы төсек бар. Соның 139-ы қазір бос емес, жүктеме 20,2 пайызды құрап отыр. Эпидемиологиялық жағдай күрделенетін болса, төсек орны 5 280-ге дейін ұлғайтылады, соның ішінде 1900 төсек инфекциялық және 2780 төсек провизорлық болмақ. Бұл ретте дайындалған 5280 төсектің 45 пайызы оттегімен қамтамасыз етіледі.

Облыстың медициналық мекемелерінде дәрі-дәрмектің екі айлық қоры және жеке қорғаныс құралдарының үш айлық қоры жинақталған. Жеке қорғану құралдарын шығару ісі де жолға қойылды. Бұл бағыттағы ірі кәсіпорындар қатарында «Дольче», «СП «Абди Ибрахим Глобал Фарм», «Келун-Казфарм» ЖШС-лары бар. Сол сияқты қорғану бетперделерін тігуге 5 тігін кәсіпорны бейімделді, Талдықорған қаласында үш қабатты бетперде тігетін цех жұмыс істейді. Жалпы тәулігіне 250 мыңнан астам бетперде шығарылады. Сонымен бірге, 2 кәсіпорын тәулігіне 40 мың литрден астам дезинфекциялаушы құралдар шығарады.

Жалпы індетпен күрес шараларына жергілікті бюджеттен 13,8 млрд.теңге бөлінген, соның 8,8 млрд.теңгесі екінші толқынына дайындық шараларына бағытталды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"