КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ САЛЫНАТЫН ОТАНДЫҚ ЕКПЕДЕ ЕШҚАНДАЙ ЧИП ЖОҚ

Уақыты: 02.01.2021
Оқылды: 875
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстандықтарға арналған, коронавирусқа қарсы отандық вакцинадан чип табылды деген ақпарат - жалған. Бұл туралы коронавирус мәліметтері жарияланатын ресми сайт хабарлады.

Stopfake.kz ресурсының хабарлауынша, желіде Қазақстанның барлық тұрғындарына арналған, жалған видеоескерту тараған. Бейнематериалдың авторы чипі бар шприцтерді камераға көрсетеді. Кадр сыртындағы адам мұндай вакцинациядан кейін адам бірден тозаққа түседі дейді.

Мұның барлығы – фейк. Шын мәнінде, бейнежазба авторының көрсеткені - жануарларды чиптеуге арналған жүйе. Оны кадрда көрінетін қаптамадағы жазудан білуге болады. Онда Animal ID, ICAR Certified деген жазулар бар. Шприцтегі дәл осындай чиптерді интернет дүкендері мен дәріханалардан оңай табуға болады. Сипаттамада олар ірі қара мен ұсақ малдарға арналған деп жазылған. Құрылғылар жануарларға тері астына енгізіледі және ақпарат беретін «паспорт» қызметін атқарады.

Бұл - шекарадан өткізілетін жануарлар үшін міндетті. Кейбір елдерде иелері мемлекеттен тыс шығаруды жоспарламаса да кез келген үй жануарын чиптеу қажет. Сондай-ақ, COVID-19 вакцинасының бір дозасын сатып алып, оны үйге әкелу мүмкін емес екенін атап өткеніміз жөн.

Жаппай вакцинация науқаны әзірге тек Ұлыбритания мен АҚШ-та ғана басталды, онда екпе пациенттерге тек медициналық мекемелерде ғана жасалады. Қазақстанда азаматтарды вакциналау әлі басталған жоқ. Бұл видеодағы чип кез келген вакцинаның бөлігі бола алмайтындығын, тек үй жануарлары мен малды тіркеу құралы екенін дәлелдейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"