БАЛА БОЛАШАҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Уақыты: 10.06.2021
Оқылды: 1307
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева Қарасай ауданына арнайы келіп, Қаскелең қаласында орналасқан ерекше балалар тәрбиеленетін білім нысандарын аралады. Партия өкілімен бірге облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұрат, «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов және аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсеновалар аталған мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысты.



Қонақтарды алғашқы болып қарсы алған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Rahym» орталығының жетекшісі Раушан Байтанова мекемені аралатып, орталықтың жұмысы жайлы жан-жақты баяндап берді. Қуанарлығы, осындай ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған орталықтар Панфилов және Жамбыл аудандарында ашылып, жұмыстарын бастап үлгерген көрінеді.

«Rahym» орталығының әдіскері Гүлнар Азатқызы бөлмелерді аралата жүріп, балалармен жұмыстың мән-жайын, арнайы құрылғыларды пайдаланудың жүйесін баяндады. Мұнда алты топқа  бөлініп білім алатын тәрбиеленушілер  заманауи технологияларды пайдалана отырып, жылқымен жүру арқылы емдеумен, спорттық алаңда жаттығулар жасау арқылы денсаулықтарын түзеуге күш салуда.

Осыдан кейін «Nur Otan» партиясы  облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева бастаған қонақтар ұжым мүшелері сәбилердің арнайы ұйымдастырған мерекелік шарасын тамашалады. Санитарлық талаптарға сай өткізілген концерттік бағдарламада балалар өз өнерлерін ортаға салып, көрермен қауымның қошеметіне бөленді. Осы жерде қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттап, жас ұрпақтың бойында ұлтжандылықты қалыптастыру мақсатында Сымбат есімді сәбидің тұсауын кесу рәсімі өткізілді.

Шара барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұрат мекеме ұжымы мен бүлдіршіндерге ақ тілегін білдірсе, Гүлнар Қожағұлқызы «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» жобалары аясында орталықта атқарып жатқан істерге жоғары баға беріп, орталық жетекшісі Раушан Бүркітбайқызына партия атынан Алғыс хат табыс етті. Бұл жерде партия өкілі, облыстық мәслихаттың депутаты Жанна Жазықбаеваның қолдауымен балаларға базарлық таратылғанын да айта кеткен орынды.

Ерекше күтімді қажет ететін балалар тәрбиесін өз мойындарына алып,  жауапты жұмысты атқарып жүрген  жандарға жүрекжарды ықыласын жеткізген «Анаға құрмет» музейінің директоры Аршагүл Тойбаева екі орталықтың өзара ынтымағы жоғары екенін тілге тиек етіп, мұражай атынан Раушан Бүркітбайқызына арнайы медаль табыстады. 

Осыдан кейін меймандар Қаскелеңдегі облыстық зерде бұзылыстары  бар балаларға арналған мектеп-интернатқа ат басын тіреді. Мемлекеттік мекеменің жұмысы мен көрсетіп отырған қызметі жайлы оның директоры Анар Рахышева жан-жақты әңгімелеп, әлеуметтік нысанның бүгінгі жай-күйімен таныстырды. Өз кезегінде Гүлнар Қожағұлқызы білім ордасының жұмысына қатысты мәселелерге тоқталып, партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында атқарып жатқан істері жайлы айтып берді. Кездесу барысында балаларға арналған осындай мекемелердің жұмысын жандандыру және барынша қолдау көрсету қажеттігіне баса назар аударылды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ