МҰНДАЙ ҚАДАМҒА НЕЛІКТЕН БАРДЫ? МӘСЛИХАТТА ЖАСТАР МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ

Уақыты: 10.02.2022
Оқылды: 993
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облыстық мәслихатының дін, тіл, этносаралық қатынастар, ішкі саясат және жастар мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Онда комиссияның өткен жылы атқарған жұмысы қорытындыланып, биылға арналған жоспары талқыланды.

Тұрақты комиссияның төрайымы Самал Қабышева баяндамасында тұрақты комиссияның  5 отырысы өтіп, облыстық ішкі саясат, жастар саясаты мәселелері, тілдерді дамыту, дін істер басқармаларының есепті баяндамалары тыңдалып, тиісті қаулылар қабылданғанын айтты.

– Депутаттар әлеуметтік нысандарға мониторинг жұмыстарын жүргізді. Тұрақты комиссия мүшелері тарапынан 19 депутаттық сауал жолданып, жауаптары алынды. Кейбір мәселелер қосымша қарастырылуда. Жалпы, 5 шешім қабылданды. Әлеуметтік желілермен жұмыс күшейіп, "Фейсбук", "Инстаграмда" көлемді материалдар салынды, сонымен қатар, дәстүрлі газет беттеріне де комиссия жұмысы жайлы мақалалар жарияланды, – деген Самал Ермұхаметқызы қайғылы қаңтар оқиғасына тоқталды. – Баршаңызға мәлім, жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлікшілерге біраз жастарымыз еріп кетті. Қазірдің өзінде Талдықорған қаласында екі оқушы үйқамақта отыр. Осы мәселеге ерекше назар аударсақ. Өйткені, жастар саясатымен біздің комиссия тікелей айналысады. Мұндай қадамға неліктен барды, соның себебін анықтап, нақты шаралар қабылдау қажет.

Дін, тіл, этносаралық қатынастарға қатысты өзекті мәселелер көтерілген отырыста комиссия мүшелері Сұлтан Нұрдәулетов, Жанар Нұрмұханова, Әсел Төлепбергенова пікір білдіріп, мемлекеттік тілді білудің маңызы, жастар тәрбиесі, әсіресе, мектеп оқушыларының әлеуметтік желі арқылы сіңіріп жатқан ақпаратына бақылау жүргізу мәселесіне назар аударды. Жиын соңында 2022 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы