ШЕТ ТІЛІ «ЖЫРЫНЫҢ» ШЕШІМІ

Уақыты: 13.06.2022
Оқылды: 1275
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Балаға 1-сыныптан шет тілін оқыту дұрыс па?» деген сауал көпшілікті мазалап, бұған дейін түрлі пікірдің орын алғаны белгілі. Оған ұстаз, ғалымдар үн қатып, бірі – «уақыт талабы, қажеттіліктен туындауда» десе, енді бірі – «балаға тек он жастан бастап қана өзге тілді үйреткен дұрыс» деген ой білдірген еді.

Енді бұл мәселенің де шешімі табылғандай. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов орыс, ағылшын тілі пәндерін оқыту 2-3 сыныптан басталатынын жария етті.
– Бастауыш мектепте тілдерді оқыту туралы қабылданған шешімнің тиісті ғылыми негіздемесі бар. Бұдан қандай да бір себеп іздеудің қажеті жоқ. Бұл – тек ғылым, дидактика. Бала 1-сыныпқа келгенде бірден үш тілдің – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің әліппесін бастайды. Ал бұл 6 жасар балаға өте ауыр. Біз соңғы жылдары мониторинг жүргізе келе, басқа шешім қабылдау қажеттігін көрдік. Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік тілде оқитын балалар алдымен қазақ, яғни ана тілін меңгереді. Олар оқу мен жазуды үйреніп алған соң ғана, 2-сыныпта орыс тілін үйренсе әлдеқайда жеңіл болады. Ал 3-сыныпта латын қарпіндегі үшінші тілді меңгеру одан да жеңілдейді, – деді министр.

Талап жоғары болуға тиіс

Гүлсара Исағұлова,
Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл – өте дұрыс шешім. Мектепке келген бала бірінші кезекте өзінің ана тілінде білім алуы керек. Ана тілімен сусындаған бала басқа тілді де еркін меңгеріп кетеді. Өзге тілдерді үйретуге еш қарсылығымыз жоқ. Керісінше, тіл меңгеру – білімділіктің, мәдениеттіліктің бір белгісі. Қазіргі жастар өзінің білімін, білігін ұштағысы келсе, әлемнің кез келген мемлекетіне барып оқи алады. Ол үшін елімізде шет тілдерін оқып үйренуге мүмкіндік жасалған. Мәселе, тек баланың қанша жастан бастап тілді меңгеруі қажеттігінде болып тұр. 
Шындығында, енді ғана әріп тани бастаған, күні кеше балабақшадан келген бүлдіршінге қазақ тілімен қоса орыс, ағылшын тілдерін оқыту ауыр салмақ түсіретіні рас. Кейбір қағылез, зерек балалар үш тілді де меңгеріп кетуі мүмкін. Бірақ әр баланың қабылдау деңгейі әртүрлі. Сондықтан 1-сыныпқа барған баланың басын ауыртып, шатастырудың қажеті жоқ. Ал 2-сыныптан орыс тілін, 3-сыныптан ағылшын тілін оқытқан жөн деп ойлаймын. 
Баланың ана тілді меңгеруіне ұстаздың ғана емес, ата-ананың да ықпалы зор. Мәселен, үйде ата-ана қазақша сөйлесе, бала қай тілде білім алса да ана тілін бойына сіңіріп өседі. Орыстілді ата-аналар: «балаларымызды қазақша оқыту қиын» деп жатады. Бірақ оның ешқандай  қиындығы жоқ. Барлық пәнге, бастауыш сынып оқулықтарына қосымша 1-4, 4-9, 10-11 сыныптарға арналған «Оқушы анықтамалығы» деген оқу құралы бар. Онда әрбір пән, тақырып бойынша түсініктеме беріліп, оқушыға бағыт-бағдар көрсетіледі. «Мен орыстілдімін, баламды оқыта алмаймын» дегеннің бәрі – сылтау. Ынта болса, өзі де үйренеді, баласына да көмектеседі. Қазір шет елден келген азаматтардың өзі бірнеше айдың ішінде қазақ тілін үйреніп, домбыраны да шертіп, ән де айтуда. Бұл адамның жеке қалауы мен ынтасына байланысты. 
Тіл мәселесіне келгенде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мырзаны алға тартқым келеді. Жиналыстарды бастан-аяқ қазақ тілінде жүргізеді. Басқаларға да «сіз неге қазақша сөйлемейсіз?!» деп ескерту жасап отырады. Барлық басшы осындай талап қоя білсе, басқалар да соған қарай икемделеді. Сондықтан тілге деген талап жоғары болуға тиіс.

Алғашқы қадам жасалды

Аягүл Миразова,
Қазақстанның Еңбек ері, ардагер ұстаз:

– Балабақшадан бастап үштілділікті енгізіп қойғаны жанымызға аяздай батқаны рас. Тілі енді шығып келе жатқан балаға үш тілді оқыту – мәңгүрт жасаумен тең. Депутаттарымыз жақсы айтты, үштілділікті балабақшадан бастап енгізу бізден басқа бірде-бір елде жоқ. Бұл шын мәнінде баланың болашағына балта шабумен бірдей.
Ағылшын тілін үйретуді 3-сыныптан бастаудың өзі ерте. Әсіресе, қаланың балалары үшін. Өйткені, қаланың балалары ана тілінің бұлағынан қанып ішіп, сусындап өспегендіктен 4-сыныпқа дейін ана тілін еш кедергісіз меңгергені дұрыс. Ал ауыл мектебінде оқитын балалар кішкентай кезінен қазақ тілінің қасиетін бойына сіңіреді. Сондықтан оларға 2-сыныптан орыс, 3-сыныптан ағылшын тілін бастай берсе болады. 
Қазір байқап қарасаңыз, сөздің мәнісін білетін, қазақша терең түсінетін баланы табу қиын. Әсіресе, қаланың  балалары қазақша шүлдірлеп сөйлеп тұрғанымен сөздің мағынасын білмейді. Осы жағына да мән беруіміз керек. Тілімізді өзіміз көтермесек, оған жанымыз ашымайтын болса, ол кімге қажет? Әр қазақ өз тілінің мүддесін қорғауы керек.
Президентіміз Білім және ғылым министрлігіне тапсырма беріп, тіл мәселесін шешудің алғашқы қадамы жасалып жатқандығы құптарлық. Алдағы уақытта тілге қатысты өзге де мәселелер шешімін тапса дейміз. 

Білім беру жүйесі қашан бірізге түседі?..

Балжан Сатылғанова,
көпбалалы ана, Талдықорған қаласының тұрғыны:

– Күнде баланың сабағын оқытып, қадағалап отырған ана ретінде, ағылшын тілін 1-сыныптан бастап оқыту қиындық тудырып келе жатқанын айта кетсем деймін. Әліппедегі 42 әріпті меңгерте алмай жатқан тұста орыс, ағылшын тілін қатар оқыту өте қиын. Тіпті баламның қазақ, орыс, ағылшын тілінің әріптерін бір-бірімен шатыстырып, әрең үйренгені есімде. Енді оқушылардың 1-сыныпта төл әріптерімізді ғана меңгеретініне қуанып отырмын. Өйткені,  мектепке әлі бармаған үш балам бар. Биылғы өзгеріске орай, 1-сыныпты бітірген балам 3-сыныпқа барғанда ағылшын тілін қайта оқи ма деген сұрақ туып тұр. Жалпы, осы білім саласындағы түрлі реформа, өзгерістер ата-аналарды қажытып бітті. Білім беру жүйесі қашан бірізге түседі деп те армандап қоямыз. 
Ағылшын тілін балаға қалайда меңгерту қажет болғандықтан репетитор жалдап та оқыттық. Өйткені, өзіміз мектепте неміс тілін оқыдық. Балам ағылшын тілін 1-сыныптан оқып бастағандықтан өз күшімен үйренуге қабілеті жетпеді. Осы жағынан алғанда бұрынғыдай шет тілін оқытуды 4-сыныптан бастаған дұрыс деп білемін.  
Басқа халықтар, әсіресе, жапондықтар балаға бастауыш сыныпта тек өзінің туған тілінде білім береді. 10 жастан асқан соң ғана өзге тілді меңгертуді бастайды. Мен де осы жүйе дұрыс па деп ойлаймын. Өйткені, бала бірінші кезекте ана тілін үйренгені жөн. Кейінірек қай тілді меңгеремін десе де тосқауыл жоқ. Өз бетінше де оқып, үйренуіне болады.

Біздіңше, тілдің көсегесін әрі қарай да көгерту үшін қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілікті арттыру керек. Ол үшін іс қағаздардың бәрі мемлекеттік тілде толтырылып, жиындар қазақ тілінде өтуге тиіс. Сонымен қатар баланың бойына әуелі ана тілінің құндылығын сіңіріп барып, шет тілін үйреткеніміз, ал тілге деген құрметті өзімізден бастағанымыз абзал.

Алма ЕСЕНБАЙ