ТЕКЕЛІДЕ ЖАСТАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ. ӘКІМ ҚҰТТЫҚТАУЫ

Уақыты: 16.09.2022
Оқылды: 1637
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ел ертеңі, ұлт болашағы – жастарды қолдау мақсатында әрі моноқаланың 70 жылдығына орай Текеліде Жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды.

Жаңа ғимараттың ашылуымен жұртшылықты қала әкімі Алмас Әділ құттықтады.

– Баршаңызды бой көтерген жаңа нысан – Жастарға қызмет көрсету орталығының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Толықтай заманауи технологиялармен жабдықталған орталықта жастарымыз үшін барлық жағдай қарастырылған. Жаңа ғимарат жастардың ғана емес, қаланың барлық тұрғындары мен қонақтарының көзайымына айналады деп сенім білдіремін. Орталық жалындаған жастардың жаңа идеялары мен жобаларына бағыт беріп, күш-жігерін біріктіру мен түрлі мәселелер бойынша көмек көрсететін болады. Сондай-ақ, олардың әрі демалатын, әрі білімін жетілдіретін, пікір алысатын және жан-жақты қолдауға кеңінен мүмкіндік жасайтын ортақ шаңырақ болады деген ойдамыз, – деп ізгі тілегін білдірді қала басшысы.

Осыдан кейін Текелі қаласының Құрметті азаматы Бақыт Шалбаев жас буынға ақ батасын беріп, жылы лебізін жеткізді.

Ғимараттың лентасы қиылғаннан кейін қонақтар орталықтың ішімен танысып, кабинеттерді аралады. Жаңа нысанның ішінде заманауи үлгідегі құрылғылар жетерлік. Екі қабатты ғимараттың жертөлесі де жастарға қызмет көрсетеді. Онда гардероб, жаттығу залы, киім ауыстыру, жуыну бөлмелері бар. Жаттығу залы қажетті құрылғылармен жабдықталған.

Бірінші қабатында офистер, конференция залы, компьютер курсын өткізетін кабинет ашылған. Ал екінші қабат жастардың қолайлы, жайлы демалысына арналған. Мұнда интернет клубы, коворкинг орталығы, шахмат клубы және бар жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың екінші қабатқа шығуы үшін арнайы көтергіш құрылғы да орнатылған. Маңайы абаттандырылып, іші-сырты түгелдей әрленіп, барлық жиһаз, техника, құралдармен жабдықталып ұсынылатын жаңа ғимарат жастардың ғана емес, қаланың барлық тұрғындары мен қонақтарының көзайымына айналмақ.

Айта кетейік, Жастарға қызмет көрсету орталығының құрылысы былтыр тамызда басталған еді. Тапсырыс беруші – Алматы облысының құрылыс басқармасы. Бас мердігер – «Дәулет-Серпін 603» жауапкершілігі шектеулігі серіктестігі. Авторлық бақылауды «Компания «Стройтекс» ЖШС, техникалық бақылауды «АДС Сапа» ЖШС жүзеге асырып отыр.

Айдар ҚАЛИЕВ

Текелі қаласы,

Жетісу облысы