ЖЫЛҚЫНЫҢ СІЛЕКЕЙІМЕН ЕМДЕГЕН: КӨТЕН ТӘУІП ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Уақыты: 26.05.2021
Оқылды: 7430

Балқаш көлінің шығысындағы Сарқан ауданына қарасты Көктерек елді мекені ертеден «аруақты ауыл» деген атауды иеленген. Жетісудың жеті өзенінің бірі – Лепсінің бойында арасы он бес шақырым аралықта қос әулие Көтен тәуіп Қоңырбайұлы мен Бәйтік Тілеукеұлы молда мәңгілік тұрақ тапқан. Көтен тәуіп атамыз бір мүшел жасқа толысымен ел аузына ілініп, ерекше қасиеттерімен дараланған тарихи тұлға. Ел аузындағы аңыздарға сүйенсек, Көтен тәуіп емші, көріпкел, бақсы, қобызшы, ұста, күйші секілді қасиеттерімен ерекшеленген.

Киелі баба жайлы жыр толғаған Жетісуға белгілі ақын ағамыз, қоғам қайраткері Жомарт Игіман:

«Кесілді тіл айта алмай,
Тапталды салт, бәрі ізгі.
Талаттық жын-шайтанға,
Әулиені, абызды»,
– деп ашына айтқан еді.

Бүгінде қасиетті адамдар жайлы айтуға кең мүмкіндік бар. Қасиетті жерлер қорғауға алынды. Көтен тәуіп жайлы «Киелі тәуіп» атты жинақта журналист Болатхан Ахметұлы «Бабасын білгендер бағалайды» атты эссе жазған. Онда: «Сонау ғасырда ел іргесін жау жылқысының тұяғы таптағанда, қайсар хандарымыз, қол бастаған батырларымыз туларын бір тұғырға қатар тігіп, кіндік қаны тамған атамекенін қорғағанда Абылай ханның жанындағы ақылшы үш әулиесінің бірі болған – Көтен тәуіп Қоңырбайұлы бабамыздың туғанына да үш ғасыр болыпты. Халқымыздың басынан алмағайып замандар өтіпті. Жұрт жадынан қасиетті де киелі есімдер өшкен кезең болды, бұл, әсіресе, соңғы жетпіс жылға тән. Тәу етпек түгіл тарихымызға жазбай, энциклопедияға енгізбей келген, алты Алаш болып ардақтауға лайық ұлы есімдердің бірі әулие бабамыз екені баршаға мәлім», – деген мәлімет келтіреді.

Шынымен де, Көтен тәуіп атамыз қалың қазақтың басына түскен қиын-қыстау жаугершілік заманда өмірге келіп, туған елінің сүйенішіне, халқын бастаған ханының ақылшысына айналған. Тоқсаныншы жылдарға дейін әулие ата зиратының басына адамдар бүгінгідей ағылып, себепсіз бара бермейтін. Көбінесе қиналып, медицинадан күдер үзіп, соңғы үмітін үкілеп, жанына ем іздегендер мен бір перзентке зар болғандар баратын.

Бала кезімізде Тәуіп ата жатқан мазарға бармақ түгілі, ол жаққа қарап, көз салудан қорқушы едік. Бүгінде замана өзгерді, салт жаңғырды, зиярат ету тәсілі жаңарды. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, бұл бәлкім, дұрыс та шығар.

Талдықорғанда жыл аралап шығатын «Жетісу» энциклопедиясында: «Көтен тәуіп, Жалаңаш әулие (1709 –1810 жж) – Жетісу өңіріне белгілі емші, көріпкел. Ел аузындағы әңгімелерде Абылай ханның үш әулиесінің бірі делінеді. Кезінде әйгілі Бөгенбай батырдың жау найзасынан болған ауыр жарақатын әулие емдеп жазған. Лепсі кентінен 28 шақырым жерде Қысқаш тауының бөктеріндегі жыңғыл, сексеуілден салынған бұрынғы зираттың орнына 1994 жылы кесене тұрғызылды», – деген ақпаратты алға тарта отыра, тілші Нұрбол Әлдібаев 2016 жылы 21 қаңтарда «Қасиет қонған тәуіп» атты «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан мақаласында Көтен тәуіп жайлы басқа да қысқаша мағлұматтарға тоқталған.

Көтен тәуіптің ата-анасының азан шақырып қойған атымен қоса ол кісінің сан қырлы қасиеттеріне байланысты ел аузында сақталған әртүрлі есімдері де жетерлік. Сол себепті, осы мәселе бойынша халық арасындағы әңгімеде, баспасөз бетіне шыққан кейбір мақалаларда қарама-қайшылы пікірлер кездеседі.

Мәселен, бұрын Сарқан аудандық партия комитетінде басшылық қызмет атқарған ардагер апамыз Күләш Түменбаева: «Көтен тәуіптің есімі – Көтен. Жас нәрестенің артқы ағзасы бітеу туған жерін еппен тіліп, көк бөрте ешкінің қабырға сүйектерін отқа қыздырып, тілінген жерден ішке сұғып емдеп, ашқандығынан «тәуіп» сөзі есіміне «көтен» сөзі қосылған. Мұны елдің білгір үлкендері және өз анам жарықтық жиі айтушы еді», – деп тұжырым жасайды.

Болат Тақарұлының «Аңызбен өрілген ақиқат», «Тәуіп» кітаптарында әулие атаның шын есімі «Көтен» екені айқын жазылған. 1994 жылы Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентінде «Ақсудан шыққан арыстар» деген тақырыпта конференция өткізіліп, сонда Көтен тәуіп атаны зерттеп жүрген ұстаз Қағазбек Намазбекұлы «Көтен тәуіп» деген аты шын есімі екенін баяндамасында атап өткен. 1972 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының ректоры, профессор Мүсілім Ермеков пен жезтаңдай әнші, жазушы Жәнібек Кәрменов өздерінің Ресейдегі Омбы архивінен әулие ата жайлы жазбалар көргендерін растап: «Көтен тәуіп туралы орыстардың жазғаны «Садыр Гутен (Көтен)» болып сақталыпты», – деген көрінеді.

Көтен тәуіптің өмірге келген жылы мен туған жері туралы нақты бір тоқтамға келген дерек жоқ, бұл сұрақтар әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Аңыз деректерде, Тәуіп атаны Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай заманында өмір сүрген, туған жері Сыр бойы делінеді. Тәуіп атаның түп-тұқияны шежіре бойынша: «Садыр – Шәржетім-Келгенбай – Қарт – Бадана – Есберлі – Шыбық – Балтай – Қоңырбай – Көтен болып таратылады. Осы бойынша тарихи жыл санауға сай бір ұрпақты 25-30 жыл деп алатын болсақ, Көтен тәуіп мөлшермен 1800 – 1815 жылдар аралығында дүниеге келген болып шығады», – деген деректі жазушы Жемісбек Толымбеков өзінің «Ақсу өңірі» газетінде жарияланған «Бағзы ілімнің білгірі Көтен тәуіп» атты көлемді мақаласында келтірді.

«Киелі тәуіп» кітабында Рахметәлі Асылбек деген азамат: «Көтен тәуіп дамолда Бәйтікпен қимас дос болған», – деп жазады. Ал, Тілеукеұлы Бәйтік дамолданың басына ұрпақтары қойған мәрмәр таста, оның 1815 жылы өмірге келгені жазылған. Бұрын Лепсі кентінің имамы болған Шайсұлтан Жүнісұлы: «Садыр елі Лепсі маңайына келгенде, Көтен тәуіп 23 жасар жігіт екен» деп айтқаны белгілі.

Қазақ тарихы, оның ішінде қалың Найман руы тарихының білгірі, шежіреші ағамыз Камал Әбдірахман 1807 жылдары Садыр елі Сыр бойынан көшіп келіп, Балқаш көлінің шығысы мен Лепсі өзенінің атырабын жайлап, қоныстанған деген пікірді ұстанады. Сол бір алмағайып заманда бұл өңірдегі Садыр елін Саңқай төре басқарған деген дерек бар. Осы Саңқай төренің ұрпағы Ибақтың немересі, көктеректік көзі ашық, көкірегі ояу қариямыз Сансызбай Мұхамедұлы ауызекі әңгімесінде: «Саңқай төре мен Көтен тәуіптің заманы бір, жастары да қатарлас», – деп айтады екен.

Дәлкеш ата қамыстан көтерген Тәуіп атаның бейітінің орнына, 1994 жылы көпшіліктің көмегімен және қайырымды атпал азаматтардың демеушілігімен ақ силикат кірпіштен мазар тұрғызылды. Ас беріліп, баба рухына Құран бағышталды. Сол жылы Көтен тәуіп Қоңырбайұлының бұрынғы зиратына орнатылған мәрмәр ескерткіште оның 1694 жыл өмірге келіп, 1794 жылы жалған дүниемен қоштасқаны қашалып, жазылған.

Осындай қарама-қайшылықты деректерді зерделей келе, Көтен тәуіптің қай жерде және қай жылы туғаны нақтыланбаған деп айтуға болады.

Көтен тәуіп бабамыздың жұбайы жайлы да біршама деректер бар. Бұрын «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы болған Болатхан Ахметов «Киелі тәуіп» атты жинақта қасиетті атаның жан жары туралы былайша баяндайды: «Шапырашты елінде атақты бір байдың қызы сүзілме дертіне шалдығып, өлім халінде болады. Қыздың әкесі: «Кімде-кім емдеп, қызымды жазса, соған оны ақ батамен қосамын», – деп көпке жария етеді. Сан алуан тәуіп, бақсы-балгерлер келіп емдейді. Бірақ қыз жазылмайды. Бай ауылына Көтен тәуіп келеді. Қобыз ойнап, зікір салып, қызға ем-дом жасайды. Одан өз жөніне кетеді. Қыздың анасы ақылды, парасатты жан екен. Киіз үйге кіріп, қызын көрсе, жаны жайланып, көзі ілініп, ұйықтапты. Анасының екі көзі от басына түседі. Ол жерде ирелеңдеп бір жылан, ал қасында жалғыз көзді бадана жүзік жатады. Жыланның басына ақ құйып, сыртқа жөнімен жөнелтеді. Жүзікті таза, ақ дәкіге орап, қалтасына салады. Қыз сүзілме дертінен оңалады. Анасы екеуі Көтен тәуіпті іздеп шығады. Екеуі кенет Көтеннің кенже қарындасына кезігеді. Қыздың саусағындағы жүзікті көріп: «Ағайым аман ба? Көрмегелі талай болды», – деп Көтеннің қарындасы аң-таң қалады. Қыз бен анасы Көтен тәуіпті тауып, ақыры қосылады».

Тәуіп атаның ұрпағы Алданбек Смағұлов деген азамат: «Көтен тәуіптің әйелі – Тәпей. Ұлы жүздегі Шапырашты елінен. Емдеп, жазып алған. Жазылған қыз анасымен өзі Көтенді іздеп тапқан», – деуі арқылы алдыңғы айтқандардың пікірін растай түседі.

Көтен тәуіп көріпкелдік қасиетіне байланысты «Жалаңаш әулие» атанып, Абылай ханың өзіне қызмет еткен деген аңыз-әпсаналар жиі айтылады. Ол кісінің «Жалаңаш әулие» атану себебі, соғыста жараланған жауынгерлерді не болмаса науқасты емдейтін кезде алдымен өзі тазарып алып, одан соң кеудесіндегі киімін шешіп, емін бастайды екен деген жорамал бар. Көріпкел ата жоңғар шапқыншылығы кезінде алдағы шайқас болатын күндерді болжап, жауға аттанатын сәтті тап басып, белгілей білген.

Бұрынғы Бөрлітөбе ауданын басқарған Асылмұрат Тұрғанбеков аға: «Көтен тәуіп Бұғыбай, Дула, Манақбай батырлардың жарақатын емдеген», – деп жазған. Ал Болатхан Ахметов болса, «Көтен тәуіп дәуірінде, моңғолдың жорық басы, ханы Доржымен болған соғыста Найманнан шыққан Дула, Ақпантай батырлардың сарбаздарына дем беріп, көріпкелдігімен шайқастың барысына болжау жасап, әдіс-айла тауып берген әулие адам» екендігін топшылайды.

Көтен тәуіптің өзі қолданған бұйымдары мен аспаптары күні бүгінге дейін ұрпақтарының қолында сақталған. Соның бірі – атаның қасиетті төсі, өзі бұл дүниемен қоштасар алдында: «төсім де бір, өзім де бір» деп бүкіл қасиетін сол төске аударып кеткен дейді. Бала көтере алмағандар, ауруына шипа іздегендер сол төсті сағалап, жанына жатып, түнеп аттанатын көрінеді. Көтен тәуіптің қара қобызы туралы да аңыз көп. Қобыз ұрпағы Игісіннің шаңырағында сақталған. Оны Игісін келіні Тұяқ ана Жүндібайқызы қастерлеп, күтіп ұстаған дейді көпшілік. Тарихта Жетісу өлкесіндегі Лепсі бойында 1904 жылы діни дүрбелең орын алып, сол кезде Шәржетім елінің жиырма молдасы патша жендеттерінің қолынан мерт болып, Көтен тәуіп атаның қасиетті қобызы бейбастық кезінде сындырылған деген дерек бар.

Бұл жағдайдан ұлт жанашыры, Алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышбаев хабардар болып, өз кезегінде 1906 жылы Петербордағы ақ патшаның құзырлы орындарына шағым хат жолдап, Көтен тәуіптің қара қобызын сындырғандардың бейбастығын бетіне басып, тәубелеріне келтіртіпті.

Мұхамеджан 1906 жылы Санкт-Петербургтегі Император I Александр атындағы жол қатынасы университетін бітіріп, Семиречье темір жолын салу үшін туған елінде зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген. Жоғарыда айтқан, Тұяқ ана белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы Тынышбаевты 1914 және 1926 жылдары екі мәрте көрген. Сондықтан айтылған сөзге дәлел бар.

Өкінішке қарай, 1918 жылы Көтен тәуіптің қара қобызы тағы да сындырылады. Осы Тұяқ ананың айтуымен және әулие атаның аян беруімен қара қобыздың дубликат сұлбасын Дәлкеш шырақшы жасап, ұрпақтарына жеткізеді.

1923-1924 жылдары М.Тынышбаев зерттеу жұмыстарымен айналысып, «История киргиз-кайсаков в 17-18 вв» атты еңбегін жазып жатқан кезде, Бабақұмар Таубаев деген туысына Садыр елі шежіресін, Көтен тәуіп, Құл сері туралы жазып жіберуін өтінеді. Бабақұмардың екі мәрте салған хаты Ташкентте тұрған тарихшы Мұқаметжанға жетпепті. Сол себепті 1925 жылы оның осы шаһардан шыққан кітабындағы шежіреде Шәржетім руы таралмай қалады.

Шырақшы Дәулеткелдінің (Дәлкеш) қызы Орақ: «Қазіргі Көтен тәуіптің қобызын Дәлкеш әкемнің түсіне Көтен тәуіп кіріп, аян беріп жасатқан. Сұлбасы осылай болу керек деп кеңес беріпті. Дәлкеш атам жасаған қобызын өзі ойнады. Ол 25 жасынан бастап, Көтен тәуіп зиратының басында 60 жыл шырақшы болды. Моланы 1914 жылы қамыстан тұрғызған», – деп естелік айтқан.

Дәлкеш ата жасатқан қара қобыз қазір Ахмет ұрпақтарының қолында сақтаулы тұр деген ақпарат бар. Ал 1918 жылы қызыл большевиктер Көтен тәуіптің күмісті қарып жалатқан айшықты гүлі бар, төрт қарыс сүйем сапты, сабының екі жағынан екі елі маржан көз орнатылған айбалтасын «суық қару» деп, ұрпақтарынан тартып әкетіпті. Ел аузында айтылған әңгімелерде Көтен тәуіпті сазгер деп айтады. Әулие атамыз «Апан-Боздақ», «Киік матау», «Қансонар», «Мерген», «Лашынның самғауы» атты күй шығарып, қара қобызымен Кетбұқаның «Ақсақ құланын» шебер орындаған. Сонымен қатар, аңыздарда Көтен тәуіптің қобызын ат бәйгесіне қосып, ол бәйгенің алды боп келгені жайлы баяндалады.

Жаугершілік заманда Көтен тәуіп жау қолына тұтқынға түскен ағасы Күшіманды қобыз киесімен қалмақтардың өгіз терісімен қаптап, жаны қиналып өлсін деген ниетпен, күнге тастаған зәбірінен құтқарып алған. Оқиға былай өрбиді:

Өз күшіне сенген Күшіман қалмақтарды шауып, жылқыларын барымталап алмақ болады. Жолға аттанар алдында Күшіман әйеліне: «Көтен қайныңнан сұрап білші. Осы сапарда жолым бола ма, әлде жоқ па?» – деген екен. Тәуіп барымтаға аттанған ағасының жолы болмайтындығын болжап, оның бармауын өтінеді. Алайда бауырының айтқанын қаперге алып, елең қылмаған Күшіман көппен бірге барымтаға аттанып кетеді. Аңдыған жау Күшіманды қолға түсіріп, ауыр жаза кесіп, күн ысыған сайын қурап қысатын өгіз терісіне салып, сіргеге тігіп, күн көзіне тастайды. Күшіманның жаны қиналып, қатты азаптанады. Барымтаға аттанардағы інісінің сөзі есіне түсіп: «Қолға түсерімді айтып едің ғой, сонда құтқару қолыңнан келмей ме?» – деп зарланады.

Ағасының жау қолына түскендігін сезген Көтен тәуіп қара қобызын құйқылжытып, кие рухтарынан көмек сұрайды. Сол кезде Күшіман талықсып, ұйқыға кетеді. Ояна келсе, сіргенің тігістері сөгіліп жатыр. Жалма-жан кермеде тұрған атына жетіп, сол қашқаннан туған еліне аман-есен жетеді.

Тәуіп ата керемет емшілік қасиеттерінің арқасында ас батпай, іші кеуіп, қол-аяғы жүрмей, денесі ісінетін «тебінгі» деген ауруды жылқының сілекейі тамған сумен емдеген. Сынықтың әр түрін салып, оташылықпен айналысып, түрлі шөп пен оның тамырларынан дәрі мен дәрумен жасаған. Судың қасиеті, табиғаттың тылсым сырлары, ұшқан құс, жүгірген аң, жан-жануарлардың тілін білген. Жылан шақырып, кері қайтара алған. Темірді ерітіп, шойын қазандарды жамай білген, яғни, темірден түйін түйген зергер, ұста болған.

Көтен тәуіп атаның аян беруімен Дәлкеш барымтасын тыйып, зиратын тұрғызып, шырақшысына айналған. Шырақшы болғанға дейін Дәлкеш атамыз, осы өлкедегі атақты Базарбай бидің ұлы Тәсібек болыстың барымташысы болғанын ұрпақтары айғақтайды. Кейін Көтен тәуіп басына емделуге не зиярат етуге біреу бет алса, шырақшысы Дәулеткелді Бесбайұлы оны аян арқылы біліп, зират басына беттейтін көрінеді.

Жалпы, халық арасында Тілеукеұлы Бәйтік дамолда бабамызды «Көтен тәуіптің досы, кейде ізбасары» деген түсінік бар. Егер олай болса, екеуінің жасы құралыптас, ең болмағанда, замандас болуы керек еді. Қоңырбайұлы Көтен тәуіп атамыздың өзі: «Бірінші Бәйтіктің басына барып түнеп, одан кейін ғана маған келіп, тілеу тілеңдер», – деп Дәлкеш шырақшысына аян беріпті деген сөз бар.

«Заманында әулие бабамыз Көтен тәуіп өз жұртына міндетті мейрам етіп төрт тойды дәстүр ретінде енгізген дейді. Біріншісі, «Көк тойы» – көктем шыға жасалған. Ерлер атқа қонып, даланы аралап, өлекселерді жинап, оларды өртеп немесе көмген. Бұлақ көздерін тазартып, көзін ашқан. Сол жылы туған балаларға арнап ағаш көшеттерін отырғызған. Екіншісі, «Төс тойы» – бұзылған су арналарын түзеп, қыз балалардың сүндеті құлақтарын тесіп, кішкене көз сырғаларды таққан. Үшіншісі, «Жаз тойы» – жазда ер балаларды күрестіріп, күш сынастырып, жарыстырып, ат құлағында ойнатып сынаған. Төртіншісі, «Етек немесе Күз тойы» – күзде өткен. Қыз-келіншектерді сынауға арналған. Ұлттық тамақ дайындап, сақтау бәсекесін өткізген», – деп жазған өлкетанушы Жемісбек Толымбековтың тұщымды пікірі көңіл аударарлық.

Киелі Көтен тәуіптің: «Балды бармақпен, майды алақанмен жала. Балды ыстық суға салма – әлі кетеді. Бөзді ыстық суға салма – сәні кетеді. Тақ осал болса – халық панасыз қалады. Тізе осал болса – ана баласыз қалады», – деген нақыл сөздері бүгінде өзектілігін жоғалтпай, ел арасында кеңінен таралған. Көтен тәуіптің құдіретіне сенген жұртшылық дертіне шипа іздеп, екі ғасырдай уақыт бойы баба басына келіп, мінәжат етуін жалғастыруда. Алыс, жақын шетелдерден ат ізін салатын ағайындар қарасы да жетерлік. Жүз жыл бойы әулиенің басынан шырақшылар үзілген жоқ. Әр жылдарда Дәулеткелді, Нүсіп, Қошқарбай, Бәтима, Бижамал, Аязбек, Дәулет, Талғат есімді азаматтар ата шырағын жағып, ұрпақтан-ұрпаққа мол мұрасын насихаттап келе жатыр. Сол кездегі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің тікелей ықпалы және мемлекеттің қаржылай қолдауымен Көтен тәуіп кесенесі 2012 жылы заман талабына сай қайтадан жаңартыла салынып, ерекше бір сымбатпен бой түзеді.

Көркіне көз тоймайтын осынау кесенемен қоса әулие атаның музейі мен зиярат етіп келушілерге арналған кең сарайдай қонақ үйі де іске қосылды. Биыл аяқталуы межеленіп отырған Талдықорған – Лепсі бағытындағы қара жолдың күрделі жөндеуі біткен соң, киелі баба басына тағзым ете келушілердің сапары жеңілденіп, туристердің шоғыры да арта түсері анық.

«Қазақстанның сакралды картасына» енген Көтен тәуіп Қоңырбайұлы кесенесі дертіне шипа іздегендердің – жұбанышы, жақсы жол тілегендердің – қуаныш мекені болуымен қатар, еліміздің ішкі туризм ошағына айналып, одан ары да жандана түседі деген үлкен үміт кеудемізде ешқашан сөнген емес.

Алты Алашқа аты мәлім әулие Көтен тәуіп атамыздың аруағы қолдап, рухы бәрімізді желеп-жебеп жүргей.

Есенай ІҢКӘРБАЕВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті,

саясаттану ғылымдарының кандидаты