ТАЛДЫҚОРҒАНДА ПРАВОСЛАВ ӨКІЛДЕРІ ҮШІН ЖАҢА ШІРКЕУДІҢ ҚАЗЫҒЫ ҚАҒЫЛДЫ

Уақыты: 16.09.2021
Оқылды: 1187

Талдықорған қаласында бой көтеретін жаңа шіркеу христиан дінінің православ тармағын ұстанушыларға қызмет көрсетеді. Облыс орталығының бас жоспарына кірген діни нысанның алғашқы қазығын қағуға Нұр-Сұлтан және Қазақстан митрополиті Александр Могилев арнайы келіп, дұға-тілек жасады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Барлығы 0,88 гектар жерге орналасатын шойын қоңыраулы кафедралды собордың аумағына епархиалды басқарманың ғимараты мен кіреберіс аймақ кіреді. Онда шіркеудің садақа қабылдау дүңгіршегі орналасады. Дегенмен, қайырымдылықтан түскен қаржыға салынатын шіркеудің жобасы әлі жетілдірілуде.

Діни рәсімге арнайы келген митрополит әйелдер хорының сүйемелдеуімен әуезді үнмен Інжілден насихат оқып, кең-байтақ Қазақстанның, Талдықорған қаласының тыныштығына, бейбітшілігіне дұға жасады. Дін қайраткерінің тілегі өңірде қалыптасқан тұрақтылық пен ынтымаққа көздің тимеуіне, тілдің өтпеуіне арналды.

Содан соң қаланың батысындағы жаңа 9-шы ықшам­ауданның аумағына салынуы тиіс шіркеудің іргетасына еліміздегі Православ діні басшысының Грамотасы салынып, келешектің еншісіне куәлік ретінде қалдырылды. Арнайы капсулаға салынған хатты Талдықорған қаласының әкімі Ержан Жасыбаев пен митрополит Александр бірлесе бекітті.

Талдықорған қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абай Лесбековтің айтуынша, ғибадат үйіне берілген жерді коммерциялық мақсатта сатып алған дін қызметкерлері соборды тұрғызу үшін әлі де біраз құжат жинауы тиіс.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы