БИЗНЕС МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙТЫН КӘСІПОДАҚ: САМАЛ БАКИРОВАМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 12.03.2021
Оқылды: 1051
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қазіргі заман сұранысына сай кәсіподақтар өз қызметін цифрландарып, онлайн жүйені  қолдануға көшуде. Қазақстандағы цифрлық жүйеге көшкен ең алғашқы әрі бірегей кәсіподақтың бірі – «YNTYMAQ» кіші және орта бизнес  жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы». Жетісу өңіріндегі аталмыш кәсіподақтың қызметі мен ерекшелігін білу мақсатында кәсіподақтың Алматы облыстық филиалының төрайымы Самал БАКИРОВАМЕН сұхбаттасқан едік.

– Самал Бағдатқызы, салалық кәсіподақ қызметі өткен жылды қандай нәтижемен қорытындылады?

– Өткен жылы салалық кәсіподақ өз міндетін атқаруда белсенді қызметімен, кәсіподақ мүшелерінің сандық, сапалық өзгерісімен ерекшеленді. Салалық кәсіп-одақтың 700-ге жуық мүшесі, 8 бастауыш  ұйымы тіркелген. Былтыр желтоқсан айында облыстық филиал құрамына жаңадан «Aluminium of Kazakhstan» ЖШС еңбек ұжымы қосылды. Талдықорған қаласындағы «АСПМК-519», «Ақсу Қант», «JLS сүт» ЖШС, Іле ауданындағы «Первый Пивзавод», Ұйғыр, Панфилов, Көксу аудандары және Талдықорған, Қапшағай қалаларындағы кәсіпкерлер мен еңбек ұжымдары басшылығымен келіссөздер жүргізіліп, алдағы уақытта салалық кәсіподақ құрамына қосу мәселесі талқылануда.

– Жұмыстарыңызға жеміс тілеймін. Ендеше, бизнес қауымдастығына ұсынатын қандай маңызды құжаттарыңыз бар?

– Кез келген кәсіподақ өз қызметін Жарғысына, еңбек заңнамасына және өзге де маңызды құжаттарға жүгіне отырып атқарады. Біздің жұмыста жарғылық мақсат-міндеттермен қатар өзара келісім туралы арнайы меморандум кеңінен қолданылады. Өткен жылдың қараша айында өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Әсет Шаяхметов және облыстық индустриалды-инновациялық басқарма басшысы Темірлан Разбековпен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.

Аталған келісім аясында бизнес ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқығы, кәсіби мүддесі қорғалып, қызметкерлер үшін қосымша құқықтық және кәсіби кепілдік, жеңілдіктер қарастырылды. Салалық кәсіподақ тарапынан қоғамдық қабылдау, өтініштерге тұрақты түрде мониторинг жүргізу, мүдделі мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыста қызмет атқару жұмыстары жүзеге асырылды.

– Өңірлік филиалдың республикалық кәсіподақпен байланысы қандай?

– Өңірлік салалық кәсіподақ ұйымы республикалық кәсіподақпен тығыз байланыста қызмет атқарады. Былтыр әр апта сайын өтетін ZOOM бейнебайланыс режиміндегі кеңестерге белсене қатысып, 10-нан астам ұсыныс жолданды. Ұсыныстардың ішіндегі ең маңыздысы салалық кәсіподақ Жарғысы, бақылау-тексеру комиссиясын құру, қаржылық-бақылау қызметі, Smart Kasipodaq қызметін оңтайландыру жөнінде болды. Олардың барлығы назарға алынып, салалық кәсіподақ қызметінің Жарғысына өзгеріс енгізіледі деген үміт зор.

– «YNTYMAQ» салалық кәсіподағы қызметінің басты ерекшелігі неде?

– «YNTYMAQ» салалық кәсіподақ қызметі өзге кәсіподақтардан онлайн режимдегі қолжетімділігі арқылы ерекшеленеді. Біздің облыстық филиал республика бойынша ең алғашқы болып Smart Kasipodaq цифрлық платформасына қосылып, барлық кәсіподақ мүшесін есеп базасына енгізді. Бастауыш кәсіподақ ұйым төрағалары облыстық филиал қызметкерлерімен бірге арнайы ватсап топта онлайн режимде жұмыс атқарады. Бұл өз кезегінде ақпараттың жылдам әрі уақытылы алынуына көмегін тигізеді. Осындай бірлескен жұмыстың нәтижесінде кәсіподақ мүшелерінің тізімі уақытылы есеп базасына енгізіліп, цифрлық қосымшаның қызметі белсенді жүргізілді.

Әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмысты дұрыс ұйымдастыру – салалық кәсіподақ қызметінің тағы бір маңызды бағыты. Былтыр қыркүйек айында салалық кәсіподақтың инстаграм, Фейсбук парақшалары, арнайы телеграмм каналы ашылып, белсенді жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, кәсіподақ қызметі жайында облыстық «Жетісу», «Огни Алатау» басылымдарында бірнеше мақала жарық көрді. Өткен жылдың қорытынды есебі ретінде көлемді мақалалар екі тілде республикалық «Айқын», «Литер», «Егемен Қазақстан» басылымдары мен «Ел-Назар» журналы, «Қазақстан Кәсіподағы» салалық басылымдарына жолданды. Әлеуметтік желілерде 60-тан астам пост, 5 сауалнама жарияланды. Сондай-ақ, салалық кәсіподақ қызметінде белсенді жұмыс атқарған 3 бастауыш партия ұйымы төрағасының пікірі әлеуметтік желіде кеңінен таралды.

– Кәсіподақ мүшелерінің еңбегін бағалау мәселесі қалай шешіледі?

– Әрине, әр адам төккен тері, істеген жұмысына сай лайықты бағасын алғаны дұрыс. Біз осыны назарда ұстап, кәсіподақ мүшелерін марапаттауды назардан тыс қалдырмадық. Былтыр ҚР Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында белсенді кәсіподақ мүшелеріне Кәсіподақтар федерациясының Алғыс хаты, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталары тапсырылды. Жыл басында өткен барлық деңгейдегі мәслихаттар мен ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау науқанында облыстық филиалдың жауапты мамандары мен Алакөл ауданы, Жыланды бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері бақылаушы қызметін атқарды.

Жыл қорытындысы аясында барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының қатысуымен атқару комитетінің отырысын өткіздік. Онда бірқатар бастауыш кәсіподақ ұйымдар төрағасының есебі тыңдалып, 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын нақтыладық, кәсіподақ қызметін оңтайландыру, цифрлық қосымшаның қызметін меңгеруге байланысты бірнеше басым бағытты  айқындап, ортақ жоспар жасадық. Осыған орай, алдағы кезде салалық кәсіподақ қатарын жаңа мүшелермен толықтырып, сапалық құрамына ерекше назар аударып, цифрлық есеп базасындағы қызметімізді оңтайландырып, әлеуметтік желіде белсенді ақпараттық жұмыс жүргізетін боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет. Еңбек адамдарының мүддесін қорғауға бағытталған батыл әрі жаңашыл қадамдарыңыз жемісті болсын.

Бағдагүл АХМЕТЖАНОВА,

«YNTYMAQ» кіші және орта бизнес қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» РҚБ Алматы облыстық филиалының баспасөз хатшысы