Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"МАТЕМАТИКАЛЫҚ ДӘЛДІК КЕРЕК": ҚАЗАҚ ҮЙ ЖАСАЙТЫН ШЕБЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ

Уақыты: 20.03.2021
Оқылды: 1045

Талғар қаласындағы ағаштан түйін түйетін шебер Сұлтан Жантөреұлының киіз үй жасаудағы тынымсыз тірлігі еріксіз таңғалдырады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Сұлтан Елемес еңбекке бала жастан бейім болған. Сегіз жылдықтан соң арнайы училищеде ағаш шеберін оқып, білімін ұштайды. Жастайынан қолөнерге, соның ішінде ағаш жонып, бұйым жасауға көңілі ауады. Өздігінен іздену, бастаған ісін аяқтау оның қанына сіңген қасиет болса керек. Осы табандылықтың арқасында сонау нарықтық қиындықтарға қарамастан өз нәсібін өзі бастаған кәсіптен табуға тырысқан. Ұсақ-түйек түрлі бұйымдар жасаудың соңы бөренелер мен тал-теректерді тіліп-жонып, дайындалған ағаш өнімдерінен қазақ үй жасауды мықтап қолға алады.

– Бұл менің өз қолыммен жасалып жатқан бесінші қазақ үйім. Алғашқысын 2010 жылы бітірдім. 16 жасымнан ағаш шеберлігін оқыдым. Онда бүгінгідей заманауи станоктар жоқ, бәрін ара, балғамен бітіретін едік қой. Енді, міне, ескі де болса іске кәде екі-үш станоктың көмегімен осындай үлкен үй жасаудамыз, – дейді ағынан жарылған кәсіп иесі Сұлтан Жантөреұлы. – Бір қазақ үйді толық аяқтауға шамамен 4-5 ай уақыт кетеді. Бұл оңай шаруа емес. Оның сүйектерін, яғни, уық, керегелері мен шаңырағын жасайтын материалдарды дайындау, оны құрастыру кәдімгі ғылыми еңбек десем болады. Әр сүйемі математикалық, геометриялық дәлдікпен есептеліп, жасалады. Ата-бабамыздың үй жасаудағы шеберлігінен олардың кереметтей сәулетші әрі мықты математик болғанын түйсіну еш қиын емес.

Көшпенді бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы киіз үйдің пайдасы орасан зор екендігі әлдеқашан зерттеліп, дәлелденіп қойған. Тігуі мен жиюы тез, қысы-жазында да ыстық-суық өтпейтін осы дөңгелек үйде өсіп-өнген ұрпақтың да дені сау, өмірі ұзақ болған. Сонау кеңестік кезеңде малшылар ғана пайдаланған киіз үй Үштөбе қаласындағы комбинатта өндірілген екен. Енді, міне, таза табиғи ағаштан жасалатын бұл кәсіпті қайта түлетуге Сұлтан Елемес бар шама-шарқын, қаржы-қаражатын жұмылдыруда. Бұл орайда, этнографтардың еңбегіне ден қойып, ізденісте жүретіндігі де айрықша назар аудартты.

– Қазіргі уақытта қазақ үйге деген сұраныс артпаса кеміген жоқ. Себебі, туризм жақсы дамып келеді. Халқымыз да той-томалақ, құдалықтарын ұлттық дәстүрге сай сән-салтанаты жарасқан қазақ үйдің ішінде өткізуге ниетті. Атакәсіпті жаңғыртуға бар мүмкіндігімді салып жатырмын. Аумағы атшаптырым учаскемде тал-теректерді кесіп, жонатын ескі маркілі үш станогім жұмыс істеп тұр. Қазақ үй жасауға алма ағаш, қараағаш, терек пен қайың ағаштары жарамды келеді. Үлкен жоспарымды жүзеге асыруға қаржы тапшылығы қолбайлау. Кәсіпкерлікті дамытудағы мемлекеттік бағдарламаларға жүгініп көрдім, уәденің басы таудай, аяғы қылдай. Отандық өндірісті іске қосудың жолдарын қарастырғаныммен еш нәтиже шығар емес. Менің қиялымдағы өндіріс толыққанды іске қосылар болса іргемдегі Талғар политехникалық колледждің ағаш шеберлігіне бейім студент-жастарын шыңдап, жұмысқа тартуға әбден болады. Онда алты айлап емес, апталап қазақ үй жасаудың орайы туар еді, – деген ол арман-тілегі барын жасырмады.

Біздің елде тоқырау орнап, бәсекелестік белең алған тұста қазақ үйдің темір қаңқалары қытай мен қырғыздан, моңғол елінен тасымалданып, отандық үй жасаушылардың өндірісі тұсауланғаны белгілі.

Кәсіп иесі Сұлтанның айтуынша, темірден гөрі ағаштан жасалған үй төзімді әрі десе табиғи таза болатындығымен ерекшеленеді екен. Ал зор еңбекпен жасалған қазақ үйге киіз табудың да өзіндік қиындығы кедергі болмай қоймайды. Киіз басатын кәсіпорындар болса олармен тізе қоса, бірлесе еңбек етуге дайын екендігін тілге тиек еткен Сұлтан Жантөренің жұмысы шираса қазақ үй жасаудың өнімділігі артып, отандық кәсіпорынның қанатын кеңейтуіне мүмкіндік туары сөзсіз. Сонымен қатар, үй ішінің ұлттық нақыштағы жиһаздарын жасау да жоспарда бар. Яғни, қалдықсыз өнім өндіруге ниетті. Тек ұлттық құндылықты ұлықтап отырған кәсіп иесінің тілегіне мемлекет тарапынан құлақ түріліп, қолдау білдірілсе, нұр үстіне нұр болмақ.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы