МИЛЛИОНЕР ЕСІМДІ КӘСІПКЕР ҚАЛА ІРГЕСІНДЕ ЖЫЛҚЫ МЕН ТҮЙЕ ҰСТАП ОТЫР

Уақыты: 02.06.2021
Оқылды: 2314
Бөлім: ОН САУСАҚ

Талдықорған қаласының іргесіндегі Мойнақ ауылында атакәсіпті өркендетіп, төрт түліктен нәсіп тапқан, қымыз сапырып, шұбат ашытып, май шайқап, құрт-ірімшік кептіріп, көпке үлгі болып жүрген Миллионер атты азамат тұрады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бұл атауды алғаш естігендер оның қаржысының көптігіне байланысты қойылған бүркеншік есім деп ойлап қалатыны анық. Бірақ оның аты шынымен Миллионер. Жекебас куәлігінде Миллонер Қажекенұлы деп жазылыпты. Ырымшыл халықпыз ғой. Өткен ғасырдың екінші жартысынан бері тілдік қорымызға енген осы бір атауды туған кезде кіндігін кескен акушер қыз қойған екен. Сол Миллионер деген қара домалақ бала адал еңбегінің арқасында ешкімге алақан жаймай-ақ нағыз миллионерге айналды. “Еңбектің наны тәтті” деген нақыл осындайға қаратылса керек.

Миллионер тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң шағында атажұртқа Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан көшіп келіпті.

– Біз 1991 жылы атажұртқа көшіп келдік. Ол кезде бүгінгідей көлік қайшалысып, барам деген жеріңе қиналмай жететін жағдай жоқ. Сондықтан құжаттарымыз бен керекті заттарымызды ғана арқалап, балаларымызды ертіп, елге жеттік. Басында бәрі оңай болған жоқ. Қоныстанған жеріміздің ауасы жақпай бір көшсек, жұмыс бабымен де мал шаруашылығына қолайлы-қолайсыздығына қарай да біраз жердің дәмін таттық. Ақыры осы Талдықорған қаласының Мойнақ ауылы құтты қоныс болды. 2000 жылы осы ауылға көшіп келгеннен кейін тіршілік қамына бірден кірісіп кеттік. Мал шаруашылығы қазақтың атакәсібі емес пе? Біз де сол кәсіптен нәсіп тапсақ деген ойға келдік. Бала күннен жүйрік мініп, ірі және ұсақ малдың сырына қанығып өскендіктен бұл кәсіп бізге қиын болған жоқ. Алдымен жиған-терген қаржымызға екі бие сатып алып, қымыз ашытып, тұтынушыларға саттық. Тұрмыстан артылған қаражатымызды жинап, жылқының басын көбейтіп отырдық. Мал басы артқан сайын біз дайындаған қымызға деген сұраныс та көбейе түсті, – дейді дәулетті азамат.

Қазақта: “Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын” деген сөз бар. Миллионердің шаруасын шалқытып, кірісін молайтуға тағы бір себеп болған нәрсе – қоғам қайраткері Серік Үмбетов облыс әкімі болып тұрған тұста Талдықорған қаласында ашылған қымызханалар. Осы бастама атакәсіпті өркендетем деген талай жанның бағын ашты. Сол қатарға Миллионер ағаны да қосуға болады.

- 2007 жылы Талдықорған қаласында қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, қымызханалар ашылып, жұрттың ұлттық тағамға деген қызығушылығын оятты. Сол тұста біздің де жұмыс салмағымыз ауырлады. Күн сайын қаладағы қымызханалардың сұранысын қамтамасыз ету оңай болған жоқ. Оның үстіне қала маңында  түйе ұстағандар болмағандықтан шұбатқа деген сұраныс көп болды. Сонымен екі түйе сатып алып, шұбат өндіре бастадық. Біз қымыз бен шұбатты көбінше Талдықорған орталық стадионының алдынан ашылған Текелі қаласының қымызханасына сатып, тұтынушыларға жеткіздік, – дейді Миллионер ағамыздың зайыбы Майра тәтеміз.

Бүгінгі таңда сол жылдардағы 3 бие өсіп, 70 бастан асса, екі түйе 30 басқа жетіпті. 40 шақты ірі қарасы мен ет өнімдерін өндіруге арналған ұсақ малдың саны да көбейген. Қымыз бен шұбаттың литрін 700 теңгеден, құрт, ірімшік, сары майды базардағы бағадан 30-40 пайыз арзан бағада сатып отыр. 87078283603 нөмірі бойынша тапсырыс бергендерге тегін жеткізіп береді. Ал күн сайын Мойнақ ауылындағы үйіне келіп, жаңа сауылған саумалдан ішіп, ем алатын, қымыз бен шұбатты сатып алып кететін тұтынушылардың қатары көп. Әрине, жетістікті цифрмен көрсете салу оңай болғанымен оны осылай еселеудің өзі оңайлықпен жүзеге аспайтынын әркім бағамдай алады. Алайда бұл шаруаға ағаның отбасы түгелімен атсалысады.

Миллионер ағаның 3 ұл, екі қызы және жеті немересі бар. Екі ұлы  әкелерімен бірге шаруашылықтың тізгінін ұстап жүр. Жиған-терген қаржысымен Қаратал өзенінің бойынан мал бағуға ыңғайлы 50 гектар жерді жекеменшікке сатып алып, сол маңға үй, айналдыра қора салып, айналасын абаттандырып, тіршілік тынысына айналдырыпты. Қосымша жалға алған 500 гектарға жуық жайылымдық жері бар. Қысқасы, жылқылар мен түйелер, ірі және ұсақ малдар жайылыстан тарықпайды. Бірақ шабындық жері болмағандықтан мал азығын басқа қожалықтардан сатып алады.

– Осы деңгейге өз еңбегіммен жеттім. Ешкімге алақан жайып, сұранып көрген жоқпын. Табыстың көбі мал азығына кетеді. Егер өзімізге тиесілі шабындық, мал азығын өсіретін шаруашылық жеріміз болғанда мал басын мұнан да көбейтер едік, – дейді Миллионер.

Қазір мал және егін шаруашылығымен шұғылданатын шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетіліп келеді. Осы күнге дейін бірде-бір мемлекеттік қолдауға қол созбаған Миллионер сияқты еңбекқор азаматтарға қолдау көрсеткен жөн шығар. Сондай-ақ, Миллионер өткен жылғы пандемиялық жағдайда көптеген адамға тегін қымыз, шұбат таратып, жомарттық танытқан. Биыл көрші аудандардағы емханаларға апта, ай сайын тегін қымыз, шұбат жеткізіп, ем алып жатқандарға көмектесуді қолға алыпты. Өз еңбегімен өз отбасын асырап, оның үстіне басқаларға да қол ұшын беріп жүрген Миллионердің ісі көпке үлгі болатын-ақ дүние.

Қажет АНДАС

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы