ҚАЗІРГІ КӘСІПКЕР БҰРЫНҒЫ КОММЕРСАНТ ЕМЕС: "АТАМЕКЕН" ӨКІЛІМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 10.09.2021
Оқылды: 1523
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Атамекен» ҰКП құрылғанына сегіз жыл толды. Осы ретте Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрайымы, Алматы облысы ӨКП Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі, VII шақырылымдағы Алматы облыстық мәслихат депутаты Римма САЛЫҚОВА кәсіпкерлік саласы үшін осынау атаулы күнге орай өңірлік кеңестің орны мен рөлі, бизнестің өзекті мәселелері мен қоғамның кәсіпкерлерге деген көзқарасы туралы айтып берді.

– ­Римма Аждарқызы, биыл ұлттық палатаға сегіз жыл толып отыр. «Атамекен» ұжымына қандай тілек арнайтын едіңіз?

– Сегіз жыл бір күн секілді жылдам өте шықты. Бүгінгі таңда ұлттық палата басшылығының, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палаталары ұжымдарының ауқымды жұмысының арқасында әрбір аудан мен қалада палатаның өкілдіктері бар. «Атамекенді» әрбір ауылда біледі деп айтуға болады. «Атамекеннің» табанды саясаты мен жемісті қызметі қоғам мен мемлекеттің кәсіпкерлікке, жалпы, кәсіпкерге деген көзқарасты өзгертті. Себебі, қазіргі кәсіпкер бұрынғы коммерсант емес.

Қазақстандық кәсіпкер­ – мемлекеттің тірегі және асыраушысы. Әрбір кәсіпкер жұмыс орындарын құру, салық түсімдерін ұлғайту және экономикада индустрияны қалыптастыру арқылы елімізді дамытуға өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Бүгінде палатаның алдында кәсіпкерлік саласын «қайта жүктеу», кәсіпкерліктегі жаңа трендтерді дамыту бойынша үлкен міндеттер тұр. ҰКП командасының кәсібилігі, қайсарлығы мен жауапкершілігінің арқасында осының бәрін жүзеге асыруға болатынына мен шынайы сенімдімін. «Атамекенге» табыс пен жарқын жеңістер, кәсіпкерлерге тұрақтылық пен даму тілеймін!

– Өткен жылдың соңында өңірлік кеңестің жаңа құрамы сайланды. Алматы облысы өңірлік кеңесінің жаңа бейнесі қандай?

– Сайлауға қатысу үшін өңірлік кеңеске 80-нен аса өтінім келіп, үміткерлерге 11 мыңнан аса бизнес субъектісі дауыс берді. Сайлау қорытындысы бойынша кеңес құрамына өңірдің ең белсенді, әлеуметтік жауапты, адал 35 кәсіпкері сайланды. Орташа жас 43 жасты құрады. Біздің қатарымыз алдыңғы кеңестің мүшелерімен қатар жас, әрі тәжірибелі, сарапшы, белсенді азаматтық ұстанымы бар кәсіпкерлермен толықты. Гендерлік аспект те сақталды, өңірлік кеңестегі әйелдер үлесі – 28 пайыз. 10 кәсіпкер түрлі деңгейдегі депутаттар, арасында мәжіліс депутаты да бар. Қуантарлығы,өңірлік кеңеске қолынан іс келетін, қоғамды оң өзгерткісі келетін азаматтар мүше болғанын тағы да атап өткім келеді.

– Өңірлік кеңес кәсіпкерлік қоғамдастық және жергілікті атқарушы органдармен қандай байланыс орнатты?

– Ең алдымен, өңірлік кеңес кәсіпкерлер палатасының бақылаушы органы ретінде биылжыл басында облыстық палата басшылығының есебін тыңдап, бизнесті қолдау және құқықтарын қорғау жөніндегі жоспарлармен танысты. Біз өз тарапымыздан ӨКП-ның кешенді жұмысын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды жарияладық. Бизнеспен өзара іс-қимыл күн сайын, демалыссыз және түскі үзіліссіз жүреді деп айтсам артық айтқандық емес. Көптеген мәселе келіссөздер арқылы шешіледі. Жыл басында біз облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиевтің қатысуымен өңірлік кеңестің кеңейтілген отырысын өткізіп, онда әкімдіктердің өңірлік кеңеспен, аудандық және қалалық кәсіпкерлер кеңестерімен, ӨКП филиалдарымен өзара іс-қимыл жүргізу сынды мәселелерді талқыладық.

Облыс басшылығы кезекті рет біздің ұсыныстарымызды қолдап, іскерлік қарым-қатынастарды сақтауға және дамытуға сенім білдірді. Өңірлік кеңес мүшелері белгілі бір саланың сарапшысы болған соң, түрлі консультативтік-кеңесші органдарға мүше. Сондықтан, жергілікті жерлерде «Атамекеннің» және өңірлік кеңес мүшелерінің ұстанымы аса маңызды және олардың пікірлері үнемі назарда. Менің әріптестерімнің мәслихат депутаттары, комиссиялар мен кеңестердің мүшелері екенін ескере отырып, олар кез келген жерде мүмкіндік болған жағдайда, кәсіпкерлік саласының мүдделерін қорғай отырып, бизнестің проблемаларын ашық көтереді. Бастысы, біздің айтқан сұрақтардың көпшілігі қолдау тауып келеді.

– Көтерілген мәселелер ішінде оң шешімін тапқандарына тоқталып өтсеңіз.

– Өңірлік кеңестердің «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевпен кездесуінде бірнеше мәселе көтеріліп, олардың біразы оң шешімін тапты. Менің әріптесім Александр Хильниченко минералды тыңайтқыштарға субсидия алу үшін электрондық агрохимиялық картограммаларды тіркеуді алып тастау туралы ұсынысын айтты. Себебі, республикада небәрі 18 зертхана мен топырақ жинау компаниясы бар. «Атамекеннің» араласуынан кейін, сәуір айының соңында ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен субсидиялар алуға арналған агрокартограммалардың болуы туралы талап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шегірілді. Сонымен қатар, жыл басынан бері өңірлік кеңестің қолдауымен жеке білім беру саласындағы проблемаларды шешуде, кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруда оң нәтижелерге қол жеткізілді.

Өзекті сұрақтар санын ескере отырып, біз кеңес жанынан жұмыс комитеттерін әзірледік. Жеке білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік мәселелер, агроөнеркәсіптік кешен, өңдеу өнеркәсібі, туризм, тариф құру, сәулет-құрылыс мәселелері жөніндегі жеті комитет құрылды. Комитеттер төрінде көтерілген көптеген мәселе бойынша біз мемлекеттік органдармен және кәсіпкерлермен ортақ түсіністік тауып, шешу жолдарын анықтадық.

– Кәсіпкерлер мүддесін қорғау жолында ойға алынған жоспарларыңыз бар шығар?

– Әрине. Біз кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдары директорларының, аудандық және қалалық кәсіпкерлер кеңестерінің есептерін тыңдауды белгіледік. Шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен көшпелі отырыстар ұйымдастыру жоспарда бар. Өңірлік кеңес мүшелері бизнестің оқиғалары мен проблемалары туралы үнемі хабардар болуы керек. Өңірлерге шығуға, мәселелерді шешуге, ұсыныстар мен идеяларды ұсынуға дайын болуы тиіс. Осы мақсаттарға жету үшін жалпы ұжымдық жұмыс маңызды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Айгүл БАЙБОСЫНОВА