Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАРАТАЛДЫҚ КӘСІПКЕР ҚОЛДАН КӨЛ ЖАСАП, БАЛЫҚ, ҚАЗ ӨСІРІП ОТЫР

Уақыты: 15.09.2021
Оқылды: 579

Қаратал ауданының кәсіпкері жасанды көлде балық, қаз өсіруде. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Елімізде жеке кәсіпкерлерді қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан да болар, әр жерде жеке шаруалар қаз, үйрек, балық өсіріп, табыс табуға ден қоюда. Қаратал ауданының тұрғыны Анатолий Аксенов те осы кәсіпті бастау үшін 10 гектар жерге жасанды көл жасап, 10 жылдан бері балықпен шұғылданса, соңғы 2 жылда қаз, үйрек өсіруді қолға алған.

Бұл фермада бүгінгі күні беламур, сазан, мөңке балықтары, Ресейден әкелінген етті бағыттағы үлкен Сера және ақ Линда қаз түрлері бар. Балықтардың орта салмағы 18 келі. Қаздың орта салмағы 4 келіге дейін жетеді.

Кәсіпкер Анатолийдың айтуынша, қаз балапандарын өсіріп, суға жіберген сәттен балықтар да екі есеге ұлғайған. Қаздың еті, жүні, аяқтары мен бауыры нарықта үлкен сұранысқа ие болса, оның саңғырығы да таптырмас тыңғайтқыш.

- Балық шарушылығымен айналысып жүргеніме 10 жылдан асты. Бұл кәсіп табысты болғанымен оны 4 жыл бойы ауламай баптау қажет. Ал қаз, үйрек балапандары 3 ай ішінде өсіп, ет алады. Еті диеталық жеңіл болып келеді. Қазірдің  өзінде сұраныс өте көп. Бірақ Алматы облысын ғана қанағаттандыра аламыз. Келесі жылы шаруашылықты кеңейтіп, өнімді бүкіл Қазақстанға және шет елге де экспортауды жоспарлап отырмыз, - дейді ол.

Фермада бүгінде 2000-ға жуық қаз бар. Алдағы уақытта кәсіпкер қаз санын 20 мыңға дейін жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін алдымен қаз жемін егетін жер учаскесі керек. Бұл мәселе бойынша әкімдікке сұрау салған.

- Егер әкімдік жем егетін жер берсе, Ресейден тағы да қаздың етті губернаторлық тұқымын алдырамын. Қазір фермада қаз етінің өнімділік қуаты 5,3 тонна болса, келесі жылы 75 тоннаға жеткіземін, - дейді кәсіпкер.

Ал балық шаруашылығы өз алдына 4 жылда 120 тонна өнім берген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"