«Дамудың» даңғыл жолы

Уақыты: 04.11.2023
Оқылды: 1419
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Даму» қорының Жетісу облыстық филиалы ұйымдастырған пресс-тур аясында өңірдегі БАҚ өкілдері «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Жетісу облысы бойынша аймақтық филиалы тарапынан мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау алған бірқатар кәсіпорынды аралап, кәсіпкерліктің өркендеп, өсіп келе жатқанын көрді.

Баспасөз туры аясында «Жетісу облысының шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтіп, онда өңірлік филиал директоры Абляхат Балтаев «Даму» қорының атқарған жұмысын, жеткен нәтижесін айтып берді.

– Жалпы, бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылған кезден бастап Жетісу облысында «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» құралы бойынша кәсіпкерлердің жалпы сомасы 137,5 млрд. теңгеден астам 1 868 жобасына, «Кепілдік беру» құралы бойынша кепілдік сомасы 6,4 млрд. теңгеден астам, жалпы сомасы 13,3 млрд. теңгені құрайтын несие бойынша 363 кәсіпкердің жобасына қолдау көрсетілді.

Оның ішінде биыл «Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау» құралы бойынша кәсіпкерлердің жалпы сомасы 13,4 млрд. теңгеден астам 198 жобасы қолдау тапты. Таратып айтар болсақ, «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында несие сомасы 8,8 млрд. теңгеден астам 194 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 4,6 млрд. теңгеден асатын 4 жоба қолдау тапты. «Кепілдік беру» құралы бойынша жалпы кредит сомасы 7,1 млрд. теңгені, ал кепілдіктер сомасы 3,4 млрд. теңгені құрайтын 204 жобаға қолдау көрсетілді, – деді ол. 

Бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсету өңірдің ғана емес, тұтас елдің кәсіпкерлік секторын дамытуда маңызды рөл атқарады. Баспасөз туры аясында журналистер «Даму» қорының бағдарламасына қатысқан кәсіпкерлердің бизнес-кейстерімен танысып, жеңіл несие алу, несиені субсидиялау арқылы қарыз жүгін жеңілдету, несиеге кепілдік алу мүмкіндігімен қалай пайдаланғанын естіді. Сондай-ақ, еліміздегі бизнесті қолдау мен дамытудағы өзекті мәселелер жайлы біліп, кәсіп­орын басшыларынан сұхбат алды.

Журналистер ең алдымен «Баялышбаев Е.Қ.» ЖК-нің «Асар» спорттық-сауықтыру орталығына барды. Талдықорғандық Елдос Баялышбаев бірнеше жылдық талпынысының нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсететін мол мүмкіндігі бар нысанды құрып шықты. Елдос жол апатынан төсекке таңылып, күнделікті жаттығулардың арқасында 2 жылдан кейін аяққа тұрды. Дәл сол кезде оған спортзал ашу және басқа мүгедектерге көмектесу жайлы идея келді. 2013 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында грант жеңіп алып, «Асар» спорттық-оңалту орталығының негізін қалады. 2015 жылы «Болашақ» қауымдастығының «Даму» қорымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Startup Bolashak» байқауына қатысып, Алакөл жағасында ерекше жандар үшін «Асар» пансионатын ашып, өзінің бизнес-идеясына қаржы алды. Осындай еңбектің арқасында облыс орталығындағы емдеу-сауықтыру орталығы бой көтерді. Алайда ғимараттың жұмысын аяқтау үшін грант пен жеке ресурстар жеткіліксіз болды.

– Орталықтың құрылысын аяқтау үшін «Даму» қорына жүгініп, қордың кепілдігімен «Қазақстан Халық Банкінен» 21,75%-бен несие алдық. Ол қаржы әрлеу-монтаждау жұмысына жұмсалды. Бүгінде «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында несиенің 6 пайызын біз төлейміз, қалғанын «Даму» қоры субсидиялайды, – дейді Елдос Баялышбаев.

Талдықорған қаласы Абылайхан көшесі, 371 мекенжайында орналасқан «Алматинские краски» ЖШС – лак-бояу материалдары мен жол жөндеуге арналған материалдар шығаратын қазақстандық компанияның да жұмысы қызып тұр. Ел аумағында 2009 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан зауыт жылына 5 мың тонна лак-бояу материалдары мен 6 мың тонна термопластик шығарады. Өнімдерін заманауи технологиялар арқылы өндіретін СТ-KZ сертификаты бар. Кәсіпорын 100-ге жуық білікті маманды жұмыспен қамтып отыр. Барлық қажетті инфрақұрылым жасалған. «Осындай мүмкіндікке «Даму» қорының кепілдігінің арқасында жетіп отырмыз», – дейді зауыт мамандары. 

2001 жылы 6 үстелге арналған шағын кафеден бастаған «Fortuna Food» ЖШС қызметін біртіндеп дамыта отырып, бүгінде облысты кондитерлік өніммен қамтамасыз ететін мүмкіндікке жетті. 2010 жылы қосымша өндірістік үй-жай сатып алып, тағы да үш дүкен ашты. 2015 жылдан бері «Fortuna Food» брендімен жұмыс істей бастады. 

– «Fortuna» кафесінің бренді аймақта танымал болғандықтан жаңа компанияның атауын тұтынушылардың санасында қалыптасқан брендпен байланыстыру туралы шешім қабылданды. Клиенттер базасы мен штаттың кеңеюі басталды, техника мен арнайы жабдықтардың саны артты. Нәтижесінде «Fortuna Food» ірі «Скиф трейд» және «Магнит» бөлшек сауда желісімен жұмыс істей алды. Сол жылы компания «Қазақ­станның үздік тауары» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды, – дейді «Fortuna Food» ЖШС директоры Ильмира Хакимова. 

Компания «БанкЦентрКредиттен» «Даму-Өндіріс» бағдарламасы бойынша жылына 6%-бен жеңілдетілген несие алып, коммерциялық үй-жай сатып алды. Компания басшысы және табысты кәсіпкер Ильмира Хакимова, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Даму – Өндіріс», «ШОБ топ-менеджментін оқыту», «Іскерлік байланыстар» сияқты «Даму» қорының қаржылық және қаржылық емес бағдарламаларының белсенді қатысушысы, сондай-ақ, «Даму-Көмек» жобасы аясында демеуші. Биыл «ULTTYQ ÓNIM» көрмесіне қатысып, жақсы жағынан танылды.

Бүгінде «Fortuna Food» компаниясы кондитерлік және аспаздық өнімдер өндірісі, жеке аспаздық және аймақ бойынша кең сауда желісі, «Фортуна» кафесі, «Стильдер» оқыту студиясы қатарлы үш бағытта дамып келеді. Компания штатында 140 адам жұмыс істейді.

– Мен осы компанияда 10 жылдан бері аспаз болып жұмыс істеймін. Күніне 20-30 түрлі тағам түрін шығарамыз. Жыл сайын жаңа технологиялар енгізіліп, жұмыс ауқымданып келеді. Осы жұмыстың арқасында отбасымызды асырап, балаларымызды оқытып, жақсы өмір сүріп келеміз, – дейді компания аспазы Фаузия Есенбаева.

Біз өндіріс орындарынан қызу жұмыс, ел игілігін еселеп жатқан жетістіктерді көрдік. Олар мемлекеттік қолдауға ие болумен бірге тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, әлеуметтің әлеуетін көтеруге көп септігін тигізіп жатыр. 

Қажет АНДАС