Дәрігерлер фаст-фуд тағамының адам ағзасына зиянды екенін айтады. Соған қарамастан біз оны үнемі тұтынамыз. Себебі, ол жылдам әзірленеді және уақытымыз үнемделеді.
«PARTY FOOD» пиццериясының тарихы елдегі ең танымал фаст-фуд мейрамханаларының бірі болу идеясынан басталды. «Сәттісі» ЖШС компаниясының басшысы Ирина Чен аталмыш пиццерияның негізін қалаған. Оның кәсіпкерлікпен айналысқанына 20 жылдан асты. Пиццерияның ашылуы аталған тағамды үйге жеткізуден басталды. Өйткені ол кезде Талдықорған қаласында ешбір кәсіпкер пицца жасап, үйге жеткізген жоқ. Сөйтіп, 2007 жылдың тамыз айында «PARTY FOOD» пиццериясы ашылды.
Бүгінгі таңда бұл жерде пиццаның 20-дан аса түрі әзірленеді. Сонымен бірге «CHIKEN MENU» және «BURGER MENU» бар. Біртіндеп фаст-фуд мәзірі кеңейе түсті. Кейіннен компанияға қаражат керек болды. Осыған байланысты компания «Қазақстан халық банк» АҚ-ға жүгініп, 21,75% несие алды. Субсидиялау құралы бойынша «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 8% - ға дейін төмендеді.
Қазір «PARTY FOOD» пиццериясы Талдықорған қаласындағы нөмірі бірінші фаст-фуд желісі болып саналады. Компания жергілікті фаст-фуд нарығының 60%-ын алады және өзінің call-орталығы, смартфон қосымшасы бар. Тұтынушыларға 100-ден аса адам қызмет көрсетеді. Дайын тағамды күніне мыңдаған адам тұтынады. Сонымен бірге Қонаев қаласында филиалы жұмыс істейді.
Айгүл Байжұмақызы
Талдықорған қаласы