Жаркент қаласындағы ерлі-зайыпты Азат Анаятов пен Эльнора Үсенова үй жағдайында ұлттық тағамдардың жартылай фабрикатын дайындап, толайым табыс тауып отыр.
Шағын кәсіпорынын «Кәусар» деп атап, дүнген, ұйғыр халықтарының жылдам әрі дәмді дайындалатын лағман, манты, хошан,самса, шөшіре сынды тағамдарының жартылай фабрикаттарын дайындап, Жаркент қаласы мен ауылдардағы сауда орындарында сатуға тарата бастағанына бір жылдан астам уақыт болыпты. Күніне 100 келіден астам өнім өндіретін «Кәусардың» тағамдарына өңірде сұраныс жоғары. Аудан орталығындағы Пушкин-Қонаев көшелерінің қиылысына орналасқан кәсіпорынға жекелеген адамдар да келіп, өздеріне қажет тағам түрлерін сатып алады.
«Кәусарда» жұмыс таңғы сағат 5-те басталады. Мұнда еңбек ететін 9 әйел Эльнораның басшылығымен арнайы әдіспен қамыр илеп, әртүрлі дәмдеуішпен көкөністерді турап, ет үгеді. Содан соң олардан жартылай дайын өнімдер жасап, сауда орындары мен жеке тұлғалардың сұранысына қарай дайындайды.
Соңғы кезде осындай өз үйін өндіріс орынына айналдырып, халыққа қызмет жасайтын жеке кәсіпкерлер Жаркентте көбейіп келеді. Асхана, автокөліктерге техникалық қызымет көрсету түрлері, наубайхана, тойға, нәзірге қажет бауырсақ, тоқаш нандар, тәтті тұрымдар әзірлеу сияқты жеке кәсіпкерлік бағыттары бизнесін бастаушыларға өте қолайлы сияқты.Тіпті болмағанда шағындап мал борлап, содан түскен табысын кәсібін ұлғайтуға ұқыптап жұмсаса ол да қомақты пайда бермек. Осы бір көргенімізден өрбіген пайымымыз, жұмыссыз жастардың талпынуына себеп болар деген ойдамыз.
Мырзағали Нұрсейіт
Жаркент қаласы.