Нан өнімдерін пісіру – Айнұр Берікбайдың сүйікті ісі. Кәсіпкерлікті бастамас бұрын ол тұңғыш перзентін дүниеге әкеліп, бала күтіміндегі демалыста болған. Жастайынан наубайхана өнімдерін өндіруге бейім Айнұр осы қабілетін ұштап, 2022 жылы кәсіпке айналысып бастайды..
“Мемлекет жеке кәсіппен айналысқысы келетін жастарды қолдау мақсатында грант беріп жатқанын естіген кезде, еш ойланбастан өзімнің бағымды сынап көргім келді. Керек құжаттарды жинап, өтініш бердім. Нәтижесінде менің жобам қолдау тауып, 1 млн 200 мың теңге көлемінде грант ұтып алдым. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік болды”, - деді наубайхана кәсібін дөңгелете бастаған Айнұр.
Айнұр Берікбайдың сөзінше, кәсіпті осы бағытта жүргізуінің бірден-бір себебі – бала кезіндегі қызығушылық пен еңбекке деген құлшыныс.
“Менің анам нан өндіру саласында көптеген жыл бойы қажырлы еңбек етті. Нан дайындауға құмарлық пен еңбекқорлық анамнан дарыса керек. Кішкентайымнан сол кісінің жаныңда жүріп, нан өнімдерін әзірлеуге көмектесіп, осы саланы игеріп алдым. Есейе келе неге наубайхана ашып көрмеске деген ой келді. Міне, бүгінде осы арманым орындалып, кәсібімнің жемісін көріп отырмын”, - дейді іскер келіншек.
Жас кәсіпкер фастфуд өнімдері, самса және тәтті бәлішті ауыл дүкендерінің сөрелеріне жөнелтіп қана қоймай, одан бөлек тапсырыстар алып таратады. Қазіргі уақытта Айнұрдың ісі наубайханалық асханаға айналды. Асхана ас мәзірінде лағман, тұшпара, пицца, манты сынды тағам түрлері арзан бағада ұсынылған.
Нан түрлері және асханада көрсетілген тағамдар жергілікті халық тарапынан жоғары бағаланып, тұтынушылар саны күн сайын артып келеді. Айнұрдың айтуынша, әрбір адам адал еңбекпен күн көрсе ғана өз жұмысының қызығын көреді.
“Кез келген жетістікке жетудің жолы қажырлы еңбек пен айналысып жатқан ісіңді сүю”, - деді кәсіпкер.
Мемлекеттік қолдаудың игілігін көрген Айнұр тек кәсібін ашып қана қоймай, үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта наубайхананы кеңейтіп, ісін отбасылық бизнеске айналдырмақ.
“Менің ойымша, мемлекет жас кәсіпкерлерге тамаша мүмкіндік беріп отыр, өйткені әркімнің өз ісін бастауға қаражаты жоқ. Мысалы, мен осы ақшаға қамыр илегіш, миксер, кәсіби пеш, және басқа да керек жабдықтарды сатып алдым”, - деді Айнұр.
Кәсіпкер өнімдеріне деген сұраныстың ұлғаюына байланысты алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Ойы жүзеге асып жатса, ауылдастарына қосымша жұмыс орындарын ашу ойында бар.
“Мемлекет, жергілікті билік тарапынанан бизнес бастаймын деушілерге тиісті қолдау көрсетіледі, бастысы ниетің болса болғаны. Менің ісімнің алға басуына грант ұтып алу түрткі болды деп сеніммен айта аламын. Алға қойған арман-мақсаттарым көп. Отандық нан өндіру саласын дамытқым келеді. Ауыл адамдарын жұмыспен қамтып, халыққа сапалы, дәмді тағамдарды көбірек ұсынуға ниеттімін”, - дейді ол.
Материал: Stan.kz