КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДА ДАЛАНЫ ДҮБІРГЕ БӨЛЕГЕН НАУҚАН БАСТАЛДЫ

Уақыты: 11.04.2021
Оқылды: 1158
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ауылшаруашылығы құрылымдары бойынша биылғы барлық егістік жер көлемі 112 910 гектарды құрайды. Оның 5 879 гектары көкөніс, бақша дақылдары болса, қалғаны тәлімі жер. Оның ішінде дәнді дақылдарға арналған егістік бар. Оның 26 085 гектарына күздік бидай, 9 087 гектарына көпжылдық шөп себілген, жаздық дәнді дақылдар егістігі 71 363 гектарды құрайды.

Аудандағы ірі шаруа қожалықтарының бірі «Қызылшоқы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл қожалық биыл 8 мың гектар егістік алқапқа дәнді дақылдар егеді. Бүгінгі таңда аталған шаруашылықта жаздық дәнді дақылдар себу науқаны басталды. 71 363 гектар алқаптың 200 гектарына жаздық арпа себіліп, 500 гектарына күздік бидай тырмаланды. 

Бұдан басқа 2 640 гектарына картоп, 250 гектарға қант қызылшасы, 1040 гектарға майлы дақылдар, 569 гектарына бақшалық дақылдар мен көкөніс егу жоспарланып отыр. Барлық ауыл округтерінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізу жоспары жасалып, бекітілді. Бүгінде көктемгі егіске қажетті тұқым, жанармай және техника дайындау жұмысы жүргізілуде.

Аудан бойынша жаздық дәнді дақылдар егуге 12 710 тонна тұқым дайындалды. Сондай-ақ, қазір тұқым тазалау жұмысы жүргізілуде. Бүгінге тұқым тазалау зертханасы 7 мың тонна тұқым сапасын анықтауда. Оның 5 600 тоннасы толық тексерілді. Оның ішінде 3 800 тоннасы 1-класс, 1 100 тоннасы 2-класс, 700 тоннасы 3-класс. Ауыл округтерінде 38 тұқым сақтайтын қойма бар.

Биылғы егістік алқаптарына қажет минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерге сұраныс пен өтінімдер берілуде. Өңірдегі шаруашылық құрылымдарын тұқым дәрілейтін химикаттар мен пестицидтер және минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмысы жүргізілуде. Ауылшаруашылығы техникалары да жеткілікті және дала жұмыстарына сақадай-сай.

Раушан БИСЕМБЕКОВА,

Кербұлақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Алматы облысы