САПА БАСТЫ НАЗАРДА

Уақыты: 27.08.2018
Оқылды: 1061
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Автокөлік жолдары – экономика дамуының басты тірегі. Ел мен елдің арасын жалғап, қатынасты нығайтатын жол көбейген сайын оның жұмыстары да күрделене түседі. Облыс әкімінің орынбасары Айдарбек БАЙЖАНОВТЫҢ төрағалығымен өткен жиын дәл осы мәселеге байланысты болды. 
Аталған басқосуда Айдарбек Естебекұлы жол жұмыстарын жүргізетін жауапты мердігер мекемелердің өкілдерін қабылдап, бірқатар мәселені талқылады. Жиында алдымен «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ермек Кизатов хабарлама жасап, осы бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Жиында Талдықорған – Өскемен бағытындағы күрежолдың құрылысы қаралды. 
Талдықорған мен Өскеменді жалғайтын автокөлік жолының 328 шақырымы Алматы облысын басып өтеді. Қазіргі кезде аталмыш автокөлік дәлізінің құрылысы жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес жұмыстар бес кезең бойынша атқарылады. Сонымен бірге, мердігер компаниялар Үшарал – Достық бағытындағы 184 шақырым жолдың жөндеу жұмыстарын да іске асыруда. 
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары жоғарыда аталған мәселелерге қатысты ойын білдіре отырып, құзырлы мекеме өкілдерінің мәліметіне назар аударды. Жиын соңында жергілікті билік пен құқық қорғау органдарына тапсырмалар жүктеліп, мердігерлермен бірлесе жұмыс атқару керектігі, жөн-жосықсыз тексеруге жол бермеу, әсіресе, жол жұмыстарының сапасына айрықша мән беру қажеттігі айтылды.   

Айгүл Байжұмақызы