АСТЫҚ ТҮСІМІ ТОЛЫМДЫ

Уақыты: 05.09.2018
Оқылды: 1546
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Орақ науқаны жыл сайын осы өңірде алғашқы болып басталады. Табиғаты қолайлы. Жалпы, Кеген ауданында өсірілетін дәнді дақылдың көп мөлшері Қарабұлақ ауылындағы «Бірлік – АГРО» ЖШС-інде. Сүйіндік Нүсіпбеков басқаратын аталған серіктестіктің мың гектардан аса егістік жерлері бар. Бидай, арпа, бұршақ өсіріледі.

 

   «Бірлік-АГРО» ЖШС-нің егіс алқабын арнайы аралап қайттық. Дән тасымалдайтын 1 тіркемелі «МТЗ-80» маркалы трактор, 1 «ГАЗ-53» жүк көлігі жүр.  400 гектар арпа орылып жатыр. 81 гектар жаздық бидай, 50 гектар бұршақ бар. Арпаның әр гектарынан 20 центнерден, бидайдың әр гектарынан 18 центнерден жоғары алтын дән жиналуда. Серіктестік төрағасының орынбасары А. Попов бастаған шаруашылық меңгерушісі Бірлік Тұрлықожа, комбайншы жігіттер Медет Ережеп, Әділ Қуатов, механизатор Талғат Нұрбаев, жүргізуші Серік Сыдықов секілді бесаспап, еңбекқор азаматтар осында жүр. Егіс алқабына жақын жерде орналасқан қырман қызыл дәнге толыпты. 
– Қарабұлақ ауылдық округі бойынша жалпы 505 гектар арпа, 160 гектар жаздық бидай орылуда. Күз маусымында 300 гектар күздік бидай себілетін болады. Оған дайындығымыз жақсы, – дейді ауыл әкімі Еркін Жексенбек.
   Округте Серік Мәсімбаев басқаратын «Көлбастау» өндірістік кооперативінің де жағдайы жақсы. 80 отбасыны құрайтын кооперативтің 500 гектар егістік жерлері бар. Дәл қазіргі қауырт науқан тұсында 70 гектар бидай, 70 гектар арпа орылуда. «Қазақстан-10» сортты жаздық бидай алқабының әр гектарынан 18-20 центнерден, «Омск-9» сортты бидай алқабының әр гектарынан 24 центнерден алтын дән жиналуда. Жалпы, биылғы егіс науқанының жайы мен жағдайына, берекелі өніміне диқандардың көңілі тоқ. Дәнді дақыл алқаптарының түсімді болуы еңбек өнімділігіне де оң әсерін тигізуде. 
– Ауданымыз бойынша биыл 6449 гектар дәнді дақыл алқабы орылады. Егіске орақ түскен екі апта аумағында 265 гектар жердің астығы орылып, әр гектардан орта есеппен 20 центнерден жоғары өнім алынуда. Астықтың түсімі жаман емес, – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Садықов.

Қанат БІРЖАНСАЛ.