БАҒА ТҰРАҚТЫ, САПА ДА ЖОҒАРЫ

Уақыты: 19.11.2018
Оқылды: 1112
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Сенбі күні «Жерұйық» коммуналдық базарында ұйымдастырылған ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесінде облыстың әр өңірінен келген кәсіпкерлер тұрғындарға өнімнің 40-тан астам түрін ұсынды. Жалпы, осы күні базарға шығарылған ет, балық, көкөніс, сүт, сүт өнімдері, жеміс-жидек, картоп, алма және өзге тағамдарды сатып алушылардың қарасы көп болды.

 

   Сол күнгі ауа райы да ерекше болып, халық көп жиналды. Таңсәріден басталған жәрмеңкені облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов  бастаған топ аралап, сөреге қойылған өнімдер мен оның бағаларын көріп шықты. Сатушылармен әңгімелесіп, биылғы жылдың өнім өндірушілер үшін тиімді болғанына тағы бір көз жеткізді. Сондай-ақ, Лаззат Махатұлы сала мамандарына жергілікті өнімдердің сапасын жақсартып, олардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруды тапсырды. Расында, тұрғындардың өзімізде өсірілген сапасы жоғары, экологиялық жағынан таза, бағасы қолжетімді өнімдерге жиі қолы жете бермейтіні анық. Сондықтан, қалалықтар көбіне қысқа қажетті қорды  осы жәрмеңкеден түгендеп алады. 
   Делдалсыз, бірінші қолдан сөреге қойылған азық-түлік тауарының бағасы да көңілге қонымды, сапасы да ойдағыдай. Таң бозынан базарға ағылған жұрт сапалы азық-түлік өнімдерін сатып алуға асықты.  Ауылдардан жеткізілген қой, сиыр, жылқы еті сауда сөрелеріне толып, өз алушыларын тапты. Дәруменге бай көкөніс өнімдері мен бау-бақша дақылдары, жеміс-жидектер де жақсы өтті. Қант, шай, жұмыртқа, құс еті мен сары май секілді өнімдер де жоғары деңгейде саудаланды. Ауылшаруашылығы өнімдерінің бағасы базардағыдан әлдеқайда төмен болды. Таң атқаннан кеш кіргенше тынымсыз жалғасқан сауданың да көрігі қызды. Өнім өндірушілердің де бүйірі тоқ. 
   Жәрмеңкені аралап біткен соң Лаззат Махатұлы бастаған топ қаладағы көмір сатумен айналысатын бекеттерге ат басын бұрып, ондағы нақты жағдаймен танысты. «Отын олжа» дегендей, қысқы отынды қамдап алу да тұрғындардың алаңсыз қыстан шығуының кепілі. Қазірше көмірден таршылық көріп жатқан жұртты көрмедік. Қалаға жеткізілген көмір уақытында сатылып жатыр. Көмір бағасын мейлінше өсіріп, пайда табуға құныққан жағдай байқалмады.
   Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Махатұлы осылайша жарты күндік жұ-  мыс уақытын қиып, қаладғы әлеуметтік саланың қал-күйін біліп қайтты. Мұндай шара алдағы уақытта да жалғаспақ.

Қажет АНДАС.