БАҒДАТ ҚАРАСАЕВ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 23.11.2018
Оқылды: 1089
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«DAMU» индустриалды-логистикалық орталығында кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың алаңын, бизнес пен билік арасындағы әріптестікті жақсарту мен проблемалық сұрақтарды шешу мақсатында «Open Day» шарасы өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов кәсіпкерлер мен  атқарушы органдар арасында В2В кездесулер өткізудің маңыздылығына тоқталды.

Нариман Бақтыбайұлы қыркүйек айында аудан әкімі бизнес өкілдерімен кездесіп, сол кезде айтылған жеке мәселелердің басым бөлігінің оң шешімін тапқанын және энергоқуаттылықтың жетіспеушілігі мен инфрақұрылымды жеткізу сынды жүйелі мәселелердің әкімдіктің қатаң бақылауында екенін атап өтті. Сөйтіп, кәсіпкерлерді заң жобаларын талқылау жиындары мен кеңесші-сабағаттық органдардың жұмысына белсенді қатысуға шақырды. Өз кезегінде Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев сөз сөйлеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайының көрсеткіші және оның көбі бизнес өкілдерінің үлесінде екенін алға тартты.

– Біздің бірлескен жұмысымыз атқарушы биліктің бизнеспен тиімді әріптестікті орнатуға бағытталған. Мемлекет басшысы өз Жолдауында кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар екіжақты жұмыс жүргізуіне, мәселелердің лезде шешу қажеттілігіне назар аударды. Өңіріміз облыстағы ең ірі өнеркәсіптік аймақтың бірі және белсенді іскерлік орталық саналады. Сондықтан да оған жан-жақты қолдау көрсетіп отыруымыз қажет, – деді аудан әкімі. 

Бағдат Әбілмәжінұлының сөзінше, ауданда 250-ден астам ірі өнеркәсіптік компания және 3 қалақұраушы кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл өндіріліген өнеркәсіптік өнім көлемі 285 млрд. теңгені құрамақ. Бұл облыстағы жалпы өнеркәсіптік көлемнің 33 пайызын құрайды. Соңғы жылдары ауданда шағын және орта бизнес үлесінің өсуі байқалып отыр. Бүгінгі таңда бұл секторда 30 мыңнан аса адам қызмет атқарады.

«Open Day» аясында Нариман Бақтыбайұлы мен Бағдат Әбілмәжінұлы кәсіпкерлерді жеке қабылдау өткізді. Кәсіпкерлер бизнесті дамыту мен кеңейту жолындағы кедергілерді айтып, әкімдіктің аудан дамуы жөніндегі жоспарымен танысты. Өңірдегі бизнес-ахуалды жақсарту жолындағы ұсыныстар мен пікірлер де жеткізілді.

 – Бүгін кәсіпкерлер мен билік өкілдері арасында емін-еркін және ашық әңгіме өрбіді. Жергілікті биліктің бизнеске деген көзқарасы оң және жан-жақты қолдауға әзір. Екіжақты диалог орнату арқылы кез келген мәселе жылдам әрі нәтижелі шешіледі деп есептеймін, – деді өңірлік кеңес мүшесі, Іле ауданы кәсіпкерлер кеңесінің төрайымы Жанна Телпекбаева.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева да ойын жеткізіп, кәсіпкерлер арасында заңнамадағы өзгерістер мен жаңалықтар, жобалар мен іс-шаралар туралы тұрақты түрде ақпараттандырып отырудың маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ, ол бизнес үшін кадр жетіспеушілігі өзекті тақырыптардың бірі болып отырғанын, мемлекеттік бағдарлама аясында бюджеттік қаражат есебінен компаниялар өздеріне қажет мамандарды дайындай алатынын, сонымен бірге жыл өткен сайын көптеген мемлекеттік қызмет түрлерін көрсету үрдістерінің қысқартылып, онлайн режимге ауыстырылып жатқанын, бұл кәсіпкерлер үшін өте ыңғайлы екенін әңгімеледі.  

Бұған қоса өңірлік палата мен аудандық әкімдік бөлімдерінің басшылары кәсіпкерлерді ауылшаруашылығы, салық қатынастары, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, несиелендіру, мамандар дайындау және құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді.

                                                                  Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Іле ауданы