АҚСУ ҚАНТ ЗАУЫТЫНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ КӨТЕРІЛЕДІ

Уақыты: 23.11.2018
Оқылды: 1248
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елбасының биылғы Жолдауындағы жұмысшылардың жалақысын көтеру жайлы тапсырмасын ақсулық кәсіпкерлер де белсене орындауда. Әсіресе, «Ақсу қант зауыты» ЖШС келесі жылдың қаңтар айынан бастап жұмысшылардың жалақысын 15-20%-ға көтеретін болды. «Бұл мүмкіндікке зауыттың толықтай жаңғыртудан өтіп, өнім көлемінің артқандығы себеп болды», – дейді зауыт басшылығы.

Кезінде аудан экономикасының күретамырына айналған Ақсу қант зауыты біраз жыл жұмысын тоқтатқанда сондағы ел-жұрт жұмыссыздықтан жүдеп қалған болатын. Ал өткен жылы қайтадан ашылып, биыл толықтай жаңғыртудан өтіп, 80% құрылғысы жаңаланған зауытта бүгінде 500-ден астам адам жұмыс істеуде. Осы арқылы аудандағы жұмыссыздық деңгейінің 5,7%-дан 4,7%-ға дейін төмендеуіне ықпал етті.  Қазірдің өзінде күніне 200 тонна шикізат өңделіп жатыр. Зауыт жұмысшыларының орташа еңбекақысы 75 мың теңгені құрайды. Бұл сол өңірдегі екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандардың тұрақты жұмысқа орналасып, болашаққа сенімін нықтады. Тіпті, аудандағы диқандардың жер өңдеп, қызылша алқабын кеңейтіп, табыс табуына жол ашты.

Айта кетерлігі, биыл ақсулықтар қант қызылшасын жинау науқанын жылдағыдан бұрын орындап тастады. Бұл жетістікке де зауыттың қарқынды жұмыс істеп жатқаны ықпал етті. Бұрындары 200 шақырым жолды басып, Көксу қант зауытына өнімдерін тасымалдайтын қызылшашылар аттам жердегі зауыттың жұмысқа көп жеңілдік әкелгеніне қуанышты. Төккен терінің өтелерін сезінген ақсулық диқандар келесі жылы да қызылша егетін жердің аумағын ұлғайтып, өнімділікті еселей түспек.

Осының өзінен-ақ кәсіпорынның ел экономикасын еселеу мен әлеуметтің әлеуетін көтеруге қаншалықты серпін бергенін бағамдауға болады. Одан да маңыздысы, өңірдің әлеуметтік жағдайына осындай серпін берген кәсіпорын келесі жылдан бастап жұмысшылардың еңбекақысын өсіріп, тағы да азаматтық танытпақшы.

Қажет АНДАС
Ақсу ауданы