ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛДІ

Уақыты: 10.12.2018
Оқылды: 950
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы қаласындағы облыс әкімінің өкілдігінде облыс әкімінің орынбасары Айдарбек БАЙЖАНОВТЫҢ төрағалығымен алқалы жиын өтті. Оған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басшысының орынбасары Нұрлан Шаяхметов, «Жетісу-ОблГаз» ЖШС бас директоры Владимир Тохтасунов және өлкедегі көгілдір отынмен айналысатын кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Айдарбек Естебекұлы облыс бойынша елді мекендерді газбен қамтамасыз ету жұмысының қарқынды жүргізіліп келе жатқанын айтып, осыған байланысты туындап отырған бірқатар мәселеге тоқталып өтті.
 – Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барғанда тұрғындарды табиғи газ жүйесіне қосу бағасының тым жоғарылап кеткенін айтқан еді, – деді ол сөз басында. 
– Сонымен бірге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да осы мәселеге қатысты  халықтан арыз-өтініштің көп түсіп жатқанын жеткізген. Мұндай жағдай біздің облыста да орын алып отыр. Облыс басшысы Амандық Баталов өздеріңізбен жолығып, көгілдір отынды тұрғын үйлерге қосу мәселесін талқылауға тапсырма берді. Экологиялық жағынан тиімді, арзан әрі тұрмысқа ыңғайлы отынды өлкеміздің әр елді мекеніне, әр шаңыраққа жеткізу жұмысының барысын айтқан  Айдарбек Естебекұлы кейбір жекеменшік компаниялар газ құбырын қосу бағасын негізсіз жоғарылатып отырғанын да жасырған жоқ. 
Атап айтқанда, жыл басында Еңбекшіқазақ және Панфилов аудандарында жұмыс жүргізген «APL Construction» ЖШС әр үйден 400 мың теңгеден жоғары төлемақы талап еткен. Сол кезде біз негізгі құбырдың алыс-жақындығына байланысты  қосу құны 150 мың мен 350 мың теңгеден аспау керектігін айтқан едік. Осыны басшылыққа алған компаниялар кеткен шығын мөлшерін есепке алмастан барлық абоненттен 350 мың теңге төлемақы талап еткен. Мәселені бұлай қою да дұрыс емес деп есептейміз. Себебі, тартылатын құбыр бір жерде 15, екінші жерде 20 немесе 30 метр болуы мүмкін ғой. Демек, шығатын шығынның мөлшері де әртүрлі болмақ. 
Осыған байланысты өздеріңізбен ақылдаса келіп, баршаға ортақ, халықққа ауыртпалық салмайтын белгілі бір сомаға тоқтауымыз керек. Талдықорған қаласында  үйлерді газ жүйесіне қосумен айналысатын «КазТрансГаз-Аймақ» АҚ әр абоненттен материалдарға кететін шығын мөлшеріне қарай 95 мыңнан 150 мың теңгеге дейін төлем алып отыр. Ал «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ 350 мың теңгеден жоғары, «Тәуекел Н Алғабас» ЖШС 350 мың теңгеден жоғары, «Газовые сети Капчагайского региона» ЖШС 350 мың теңгеден жоғары, «APL Construction» ЖШС 350 мың теңгеден жоғары, «BSP GROUP LTD» ЖШС 320-350 мың теңге аралығында, «Ер-Нұр Строй» ЖШС 350 мың теңгеге дейін, «KBS Engineering» ЖШС 340 мың теңге мөлшерінде төлемақы алуда. Тіпті, кей жағдайда 500 мың теңгеге дейін көтеріледі деген мәлімет бар. Бұл жерде әңгіме кәсіпорын, мекеме, шаруа қожалықтары жайында емес, ауылдарда орналасқан тұрғын үйлер туралы болып отыр. 
Осындай деректерді келтірген облыс әкімінің орынбасары алдағы уақытта да ауылдарға газ құбырын тартуды қаржыландыру жұмысының жалғасатынын айтып, компания басшыларын халықтың жағдайын ескеруге шақырды. Кейбір жерде газ пеші мен құбыр жүргізу құнын қоса есептегенде әр үйдің шығыны 1 миллион теңгеге жуықтап тоқтайды екен. Болымсыз зейнетақы мен ауладағы азын-аулақ малға қарап отырған тұрғындар қалтасының осыншама қаражатты көтере алмайтыны түсінікті. Мұндайда қажет болғанда ақшаны бірнеше айға бөліп төлеу тәжірибесін енгізген артық етпейді. Өз кезегінде сөз алған «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Василий Тен, «Газовые сети Капчагайского региона» ЖШС техникалық директоры Александр Комаров, «Тәуекел Н Алғабас» ЖШС директоры Рүстем Өтембаев және басқалары кей жағдайда тұрғындар төлемі газ жүргізуші компаниялардың шығарған шығынын ақтамайтынын тілге тиек етті. 
Дегенмен, халықтың тұрмыс жағдайына байланысты жұмыс құнын арзандатуға болатынын да жоққа шығармады. Осылайша, облыс әкімдігі мен аталған компаниялар арасында тұрғын үйлерді көгілдір отын жүйесіне қосу жұмысының бағасын төмендету туралы екі жақты меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге, қай жерде оның құны қанша болатыны жұмыс барысында қосымша анықталатыны ескертілді. 

Қуат Қайранбаев
Алматы қаласы