АЙТАР ОЙ КӨП, АТҚАРЫЛАР ІС ШАШ-ЕТЕКТЕН. ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ. ЕНДІГІ МЕЖЕ

Уақыты: 27.11.2022
Оқылды: 1439
Бөлім: САЯСАТ

Жыл өткен сайын жаңарған Қазақстандағы өзгерістер мен саяси науқандардың ашықтығын, жариялылығын анық байқап келеміз. Әсіресе, биылғы кезектен тыс Президент сайлауының әділетті өткізілуі көп жайттан хабар берсе керек.

Бір ғана дауыс беру нәтижесінің қысқа уақыттың ішінде жариялануы еліміздегі демократиялану үрдісінің белең алғанын көрсетеді. Мысалы, сайлауға қатысушыларға сауалнама жүргізген «Ашық қоғам» өңірлік зерттеу институты түн ортасында шығарған Exit poll нәтижесі Орталық сайлау комиссиясы ертеңінде таратқан мәліметпен сәйкес келді. Адамның көңілін дүдәмал күйге түсіруден сақтайтын мұндай жеделдікке қарап, жаңа дәуірдің, жаңа кезеңнің басталғанын байқау қиын емес.

Еліміздегі саяси партиялардың өзара бірлесіп, коалиция құру арқылы ортақ кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынуы халқымыздың бойында ғасырлар бойы қалыптасқан бірлігі деп білдім. Себебі, қиындыққа толы өтпелі кезеңде бір кісідей ұйысып, жұдырықтай жұмылуымыз керек еді. Бұл туралы бізбен көршілес Қытай жұрты: «Өткелде ат ауыстырмайды», - деген мақал қалдырған. Сол айтқандай, Мемлекет басшысын 7 жылдық бір мерзімге сайлауды ұсынған Президенттің бастамасы алдағы күндердің жарқын боларына сенім ұялатады.

Өз қолымен жазып, жүрекжарды тілегі мен жанашырлығын кіргізген Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген бағдарламалар алдағы 7 жылдың ішінде жүзеге асуы тиіс межеге құрылған.

Атап айтқанда, жастардың жұмыс істеуіне, ауылды жерлердің дамуына, жеңілдетілген несие беруге, жас мамандардың ауылды жерлерде жұмыспен қамтылуына қажетті тетіктер қарастырылған. Осыған қарап, алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстың көлемі ауқымды бола түсетінін ұғынуға болады. Шындап кіріскен адам 7 жылдың ішінде алға қойған мақсаттарын толық жүзеге асырып шығады. Өйткені, бұл кісі алғаш – Президенттік міндетті алған кезде еститін Үкімет құру мәселесін көтерген болатын. Сол міндеттің орындалу нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Кешегі сайлаудың ашықтығы, жариялылығы осының дәлелі.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат кезінде адамдардың көңіліндегі үмітті, көздеріндегі сенімді байқадық. Себебі, бұған дейінгі сайлау кезінде көздер бізге абстрактілі, орындалмайтын нәрсе айтып жатқандай қарайтын. Сондай жағдайларды байқайтынбыз. Бұл жолы саяси партиялардың коалициясы ұсынған кандидаттың концептуалды бағдарламасына ерекше назар аудару үрдісі анық көрінді. Ондай сезімді облыстық штабтың 44 мүшесі мен аудандардағы штабтың 160 мүшесі бастан кешіргеніне сенімдімін. Өйткені, елдің бойындағы жағымды энергия, ыстық ықылас, шынайы пейіл анық көрініп тұрды. Бұл халықтық қолдаудың белгісі дер едім.

Бұған дейін елімізде алдымен экономика алдыңғы орынға шығып, руханият, идеология кенжелеп қалғаны жасырын емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында алдымен әлеуметтік-экономикалық жағдайды түзеп алу мәселесі күн тәртібінде тұрғаны рас. Соның кесірі мен кедергісі соңғы кездері байқала бастады. Әсіресе, идеологиялық тұрғыдан кемшіліктер бар екені ашық айтылып жүр. Ондай қателікті түзеу ендігінің еншісінде. Сол себепті ел болып бірлесіп, өзекті мәселелерді шешудің жолын қарастыру керек. Ертедегі ақсақалдар институтын жандандырып, бір ауылдың өзекті мәселесін сыртқа шығармай шешуді, телі мен тентекті тезге салуды қолға алуымыз қажет. Әйтпесе, қыз бұзылса ұлттың өзегіне құрт түсетінін ащы да болса айтуға тиіспіз. Халқымыздың: «Ет бұзылса тұз себеді, тұз бұзылса не себеді?» деген өзекті сауалы осындайда шыққан.

Айтар ой көп, атқарылар іс шаш етектен. Қазіргі заман қарап отыруды, ерен санамауды кешірмейді. Жаһандану үрдісі ұлттың бойындағы құндылықтарын құртып, халықтық танымға жат әдет-ғұрыптарды жастардың санасына сіңіріп жатыр. Ондай қасіреттен ұлт болып ұйысқанда ғана, ұлттық бет-бейнемізді сақтағанда ғана арыламыз.

Ендеше, алдағы 7 жылдықтың жүктеген міндетін бірлесе атқарайық, ағайын!

Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,

Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы