Әкімдерді халық сайлайды

Уақыты: 23.09.2023
Оқылды: 970
Бөлім: САЯСАТ

Осы уақытқа дейін жергілікті мәслихаттардың таңдау жасауымен тағайындалып келген аудан-қала әкімдерін енді сол жердің халқы сайлайтын болады. Саяси реформаның нық көрінісі осы. Биыл Жетісу өңірінде 2 ауданның әкімі сайланады. Қатарда Кербұлақ және Сарқан аудандары бар. Облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес қос аудан әкімдерінің сайлауы 5 қарашада өтеді. Бұл жайында Жетісу облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Самат Бейсенов журналистермен кездесуде мәлім етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында елімізде 45 аудан-қала әкімінің тікелей сайланатынын сүйіншілеген еді. Еліміздің барлық саяси институтын жаңғыртуға бағытталған бұл үдеріс әуелі пилоттық жоба ретінде жүзеге асады. Осылайша тікелей сайлау 43 аудан мен 2 қалада ұйымдастырылады.

Осы ретте біздің өңірде тұрғындар екі аудан әкімін тікелей өздері сайлайды. Сайлау күні туралы хабарлама интернет-ресурстарында және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Осылайша, кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған кейінгі күннен басталады, яғни 16 қыркүйекте басталып, 5 қазанда сағат 18.00-де аяқталады, – деді комиссия мүшесі. 

Самат Бейсеновтың айтуынша, кандидаттар екі жолмен сайлауға қатысады екен. Біріншісі, кандидатты белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар ұсынады. Ескеретін жайт, кез келген партия бір ғана кандидат ұсына алады. Екіншісі, өзін-өзі ұсынушы. Бұл ретте кандидат сайлау округі бойынша сайлаушылардың 1% қолдауына ие болуы тиіс. Қай жолмен болсын сайлауға түсуге ниетті адам міндетті түрде ел азаматы болуы  және 25 жастан асқан болуы керек. Оның өзінде заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам және сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауда кінәсі заңда белгіленген тәртіппен танылған тұлға кандидат бола алмайды. 

Алдағы екі ауданның әкімін сайлауға 94 сайлау учаскесі бекітілді. Кербұлақ ауданының тұрғындары өз әкімін 60 сайлау учаскесі арқылы дауыс беріп таңдаса, Сарқан ауданында 34 сайлау учаскесі бар. Аудан әкімін тікелей сайлауға Кербұлақтан  27 828 адам, Сарқаннан – 26 932 адам қатысады. Сонымен қатар, сайлаудың әділ және белгіленген тәртіппен жүзеге асуын 2 аудандық аумақтық комиссиялардың 21 мүшесі, учаскелік сайлау комиссияларының 538 мүшесі қамтамасыз етеді.

М. МАҚСЫМ
Сурет: ғаламтордан алынды