Аида Балаева: "Газет – тарих, журналист – тарихшы"

Уақыты: 29.09.2023
Оқылды: 1556
Бөлім: САЯСАТ

Қоғам мен билік арасын жалғайтын дәнекер керек. Сол дәнекер – демократия. Құр ұранмен әділеттілік орнамайды. Оны орнату үшін тиімді тетік, жүйелі бастама қажет. Мемлекет басшысы саяси жүйені жаңғыртуға үндеу тастады. Соған сәйкес бірер жылдың көлемінде баршаға бірдей мүмкіндік беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру бағытында реформалар жүзеге асуда. Бұрынғыдай халық пен билік арасына алтын көпір іздемей, тікелей байланыс тетіктері қосылуда. Тағайындау мен бекіту жүйесінен өтіп мажоритарлық сайлауға мойын бұрудамыз. Халық ауыл әкімдерін сайлады. Енді аудан және қала әкімін сайлайды. Реформалар саяси институттарды жетілдіре түспек. Міне, осындай ауқымды тақырыпты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өңір тұрғындарымен кездесуде сөз етті.

Ұзақмерзімді дамудың іргетасы

Еліміздегі демократиялық үдерістің нәтижесі бірден бола қоймайды. Бір сөзбен айтқанда, нәтиже «алма піс, аузыма түс» дегенге келмейді. Сатылап жүзеге асатын саяси реформаның игілігін халық уақыт өте көреді. Аида Балаеваның айтуынша, саяси реформалардың орындалуы мен тиімділігіне әсер ететін екі фактор бар. Ең алдымен қажетті тұрақтылық пен берік татулық. Қаңтар оқиғасы аласапыран әрекеттерден өркениетті ел болмасымызды айқын көрсетті. Екінші шарт – азаматтық қоғамның белсенділігі. Қоғамда әрбір белсенді азамат еліміздегі саяси үдеріске үн қосқанда ғана реформа нәтижелі болмақ.

 – Президенттік реформалар ұзақмерзімді нәтиже беріп, мемлекетіміздің дамуының берік іргетасын қалап қана қоймайды, олар әу бастан қарапайым қазақстандықтардың өміріне әсер ететін нақты нәтижелер беретінін атап өткен жөн, – деді министр.

Аида Балаеваның айтуынша, Қазақстан сөз бостандығы мен әділдік тұрғысында Орта Азияда көш басында. Шетелдік зерттеулер бойынша осы аймақта өтетін барлық митингінің 59 проценті Қазақстанда өтеді екен. Саралап қарағанда көрсеткіш Өзбекстаннан 7 есе, Қырғыз Республикасынан 2 есе көп. Бұған себеп, 2020 жылдан бастап митингілерді өткізудің хабарландыру сипаты енгізілді. Министр нәтиженің жақсы екенін, бірақ ұлттық қауіпсіздікке, тұтастыққа қауіп төндірмеу керегін алға тартты.

Саяси реформаның тағы бір оңтайлы жетістігі – сайлау институтындағы жаңашылдық. Екі жыл бұрын басталған ауыл әкімдерін сайлау оң нәтиже бере бастады. Осы уақытқа дейін еліміздің түкпір-түкпірінде 1700-ге жуық ауыл әкімі сайланған. Министр сайлау нәтижесінде әкімдердің құрамы жаңарып қоймай, жаңғырыпты.

 – Ауыл әкімдерін сайлау біз үшін үйреншікті жағдайға айналып үлгерді. «Халық» сайлаған әкімдер тәуелсіздікпен қатар азаматтар алдындағы жауапкершілік пен есеп беру мүмкіндігін де арттырды. Өз кезегінде ауыл тұрғындарының өздері тікелей өкілі арқылы шешім қабылдауға ықпал ету құқығын кеңейтті. Біз микродеңгейде атқарушы биліктің тұрғындармен қалай тығыз жұмыс істей бастағанын көріп отырмыз, – деді Аида Ғалымқызы.

Газет – тарих, журналист – тарихшы

Отандық БАҚ-тың ел дамуындағы өз биігі қалыптасқан. Дейтұрғанмен, Шерағаң айтпақшы «арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистердің де мәселесі жетіп артылады. Арнайы мәртебенің жоқтығы, тілшілер қосынына кей құрылымдардың бей-жай қарауы, өңірлер мен аудандардағы мерзімді басылымдарда кадр тапшылығы сынды мәселелер министрмен кездесуде тағы сараланды. Тағы дейтініміз, осы салаға жауапты министрлікке жаңа жетекші келгенде алдынан кесе-көлденең шығатын мәселелер ғой. Қаламды қару еткен өңір журналистері Аида Балаеваға ресми органдардың БАҚ туралы Заңда көрсетілгендей жолданған сауалға уақытында жауап берілмейтінін алға тартты. Әсіресе, құқық қорғау саласынан осы қарекет жиі байқалады екен. Министр заңның үстемдігі орнаған мемлекетте мұндай олқылыққа орын жоғын, жергілікті әкімдік тарапынан тиісті ақпараттық түсіндірме жүргізілу керегін алға тартты.

Қазір ІТ технологиялар дәуірінде қағаз баспаның, мерзімді басылымның қажет емес екенін алға тартатындар бар. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» әлеуметтік желі мен оны қолданып, ақпарат тарататындар газетті қоғам қажет етпейтінін алға тартып жүр. Министрге осы жайдың ақ-қарасын ажыратып беруде сұрағандар да табылды.

 – Газет – тарих, журналист – тарихшы. Бүгін жазылып, газет бетіне түскен дүние уақыты келгенде тарихи дәйекке айналады. Қанша қоғам дамығанмен мерзімді басылым оқырманмен бірге жасай береді. Әлеуметтік желіде тараған ақпардың бәрі ақиқат емес. Дезинформация, фейк дегеніңіз қазір өріп жүр. Министрлік жанынан күн сайын мониторинг жүргізіледі. Жалған ақпарат таратқандарға тоқтам бар. Біз заң үстемдік құратын елде өмір сүреміз. Ал газетте жалған ақпар, фейк мәлімет шықпайды. Шыны керек, қазір республикалық және өңірлік БАҚ болып бөліну байқалады. Бұл көзқарасты түбегейлі жою керек. Бір кеңістік, бір мүдде жолында еңбек ету керек. Кез келген мерзімді басылым мемлекеттік бағдарламаларды ақпараттандыруға ден қойған абзал. Өйткені осындай бастамалар турасында көп тұрғындар бейхабар, – деді Аида Балаева.

Оқшаулану – ашық қоғамға тән емес

Шыны керек, өңірдің журналистерін көп дүние толғандырады екен. Әсіресе, құқық қорғау органдарында, жергілікті әкімдіктерде телефон «үрейі» талайдың шымбайына батса керек. Ресми органдардың кіреберісіндегі күзеттің жиі телефон қалдырып ішке енуін өтініп тұратынын көз көріп жүр. Ашықтық пен бәріне бірдей мүмкіндік бар қоғам түзуге ұмтылған мемлекеттік саясаттың кей құрылымдарға әсер етпейтіні журналистер қосынын қынжылтса керек. Министр де бұл мәселенің барынан хабардар екен. Тиісті құрылымдармен семинар өткізіп, адам құқығын шектейтін әрекеттерді доғаруға шақыратын ақпараттандыру жұмысын жүргізуге шақырды.

Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс. Барлық қаржы қозғалысын қадағалап, заңға қайшы әрекет анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдау маңызды» деген еді. Бірақ, еліміздің қай қаласында да құмар ойынға үгіттейтін көше жарнамаларының көп екені де жасырын емес. Аида Ғалымқызы бұл жайында да министрлік тиісті шаралар қабылдайтынын жеткізді.

Министр балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайына да тоқталды. Оның айтуынша, YouTube платформасы қазақ баласының тілін ағылшынша не кәрісше шығарып жүр екен. Мұнда балалар көретін қазақша контент аз. Тек «Вalapan» телеарнасы шетелдік балалар контентіне қарсы тұруға қауқарсыз. Оның өзінде бұл арнада 1-2 жас аралығындағы балаларға арналған бағдарламалар даярланады. Аида Балаева «Nickelodeon» балалар мен жасөспірімдер телеарнасы, TiJi балалар телеарнасы және Дисней арнасы қазақ тіліне аударылғанын айтты. Дегенмен, YouTube платформасындағы қазақша балалар контентін қалыптастыруда қарымды қарекет керегін де алға тартты.

Дастанбек САДЫҚ
Суреттерді түсірген Дмитрий Ерофеев