Теріс діни ағымдарды қолдаушылар биліктің жоғары сатыларында да отыр, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
"Сіз депутаттық сауалыңызда уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар екенін айттыңыз. Олар қандай құрылымдарда қызмет етеді, айтқан сөзіңізге нақты дәлелі бар ма?" - деп сұрадық Ермұрат Бапиден Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.
Бұған жауап қатқан мәжілісмен теріс діни ағым қолдаушылары маңызды мемлекеттік органдарда отырғанын айтты.
"Теріс діни ағымдарды, уахабизм ағымын қолдаушы жекелеген адамдар билікте, Үкіметте де бар, өкінішке қарай Парламенттің өз ішінде де бар деп ойлаймын. Бұл теріс ағым біздің қоғамды және мемлекеттік билікті біртіндеп жайлап бара жатыр. Ол ұлттық дінімізге қауіп төндіретін үрдіс деп айтуға болады. Біздің мың жылдық діни дәстүріміз бар. Сол негізде жүруіміз керек. Егер біз дін арқылы мемлекеттік негізімізге соққы бергізетін болсақ, онда біздің болшағымыздың күңгірт болғаны", - деп жауап берді Ермұрат Бапи.