Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ПРОКУРАТУРА ҚЫЗМЕТКЕРІ ҰРЫ-ҚАРЫДАН ҚАЛАЙ САҚТАНУ КЕРЕКТІГІН ТҮСІНДІРДІ

Уақыты: 19.11.2022
Оқылды: 373
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Биылғы 9 айдың ішінде Жетісу облысында 1014 ұрлық тіркелді. Бұл былтырғы 1030 ұрлықтан 1,6%-ға төмен көрсеткіш. Дегенмен, облыс бойынша ұрлықтың төмендегеніне қарамастан, кейбір қала, аудандарда аталған санаттағы қылмыстың өскені байқалады. Атап айтқанда, ұрлық санының көбеюі Текелі қаласында 52,3%-ға немесе 44-тен 67-ге, Панфилов ауданында 21,8%-ға немесе 110-нан 134-ке және Көксу ауданында 15,7%-ға  немесе 51-ден 59-ға өскен.

Жетісу өңірінде ең көп тіркелген ұрлықтардың қатарында ұялы телефон ұрлығы 222 (2021 жылы 245); мал ұрлығы 118 (2021 жылы 126); пәтер ұрлығы 94 (2021 жылы 91) болып отыр.

Әлі күнге кең таралған қылмыс түріне жататын ұялы телефон ұрлауды көбіне қалта ұрылары жасайды. Оның көбеюіне басты себеп – ұрланған телефон ұсталған болса да сатып жіберуге мүмкіндік бар. Тіпті, бөлшектеп сатуға да болады. Өткізу мүмкіндігіне орай ұрылар телефон үптеп пайда табуды көздейді.

Арнайы талдауға қарағанда, биыл Текелі қаласында ұялы телефон ұрлығы 55,7%-ға, Панфилов ауданында 44,4%-ға, Көксу ауданында 20%-ға көбейген. Сондықтан облыс тұрғындарының өз мүлкіне мұқият қарап, түрлі жағдайдан сақ болуын сұраймыз.Ұялы телефонды ішкі қалтаға салып жүруге кеңес береміз. Сондай-ақ, сөмкеге салсаңыз аузын мықтап бекіту қажет. Осындай қарапайым ережелерді сақтай отырып, қалта ұрыларының жолын кесуге болады.

Енді, мал ұрлығына келер болсақ, 2020 жылы Қылмыстық кодекске «мал ұрлығы» деген жаңа 188-1 бабы енгізілген болатын. Бапта мал ұрлығы үшін ең ауыр жаза 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Баптап-күткен малының бір сәтте қолды болуы немесе өрістен жоғалуы кімге болса да оңай тимесі анық. Сол себепті мал ұрлығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Қараша, желтоқсан айларында соғым науқаны басталатыны мәлім. Сол себепті мал ұрлығы көбеюі мүмкін.

Облыстағы ұрлықтың азаюына қарамастан, былтыр Ақсу ауданында 25 мал ұрлығы тіркелген. Биыл бұл сан 37-ге көтерілген немесе 48%-ға өскен. Осыған ұқсас, мал ұрлығы Ескелді ауданында 66%-ға, Панфилов ауданында 29,4%-ға өскен.

Жүргізілген талдауға сүйенсек, мал ұрлығын жасауға бірқатар себептің ықпал ететіні анықталды. Біріншіден, малдың қараусыз жайылуы, меншік иелерінің өрістегі малға немқұрайды қарауы. Малшымен келісім-шарттық қатынасының болмауы тұяқты малды қараусыз қалдыруға апарып, ұрлықтың кедергісіз жасалуына немесе түліктің өрістен жоғалуына ықпал етеді. Екіншіден, мал тұратын орын көп жағдайда жабдықталмағандықтан қылмыскер мал қорасына кедергісіз енеді. Үшіншіден, иелері малды таңбалау мен сырғалауды уақытылы жүргізбегендіктен, ұрланған малды тану қиын. Сол себепті кез келген малды санақ жүйесіне енгізу керек.

Құжатсыз мал тасымалдауға әкімшілік жауапкершілік көзделгендіктен төрт түлікті уақтылы тіркеуге қою қажет. Қорыта айтқанда, ауыл тұрғындары малдарын сырғалап, таңбалап, құжаттарын ретке келтіруі тиіс. Сонымен қатар, малды қараусыз жібермей, мұқият бағу үшін бақташы жалдау дұрыс. Малшымен келісімшарт жасалғаны жөн.

Облысымызда жиі орын алатын қылмыстың бірі – пәтер тонау. Жетісу облысындағы ең көп пәтер ұрлығы Талдықорған қаласында тіркелген. Биыл бұл сан 38-ді құрап отыр. Сондай-ақ, пәтер ұрлығы былтырмен салыстырғанда Текелі қаласында 4 есеге көтерілген. Яғни, 2021 жылы Текеліде 2 пәтер ұрлығы орын алса, биыл 11пәтер тонау дерегі тіркелген. Сонымен қатар,Сарқан ауданында 30%-ға немесе 2-ден 8-ге, Панфилов ауданында 13,3%-ға немесе 15-тен 17-ге өскен.

«Кәсіби» және «әуесқой» болып екіге бөлінетін пәтер ұрылары жымысқы әрекетін көбіне көктем мен жазда жүргізеді.Себебі күн жылы немесе ыстық кезде үйдің терезесі мен есігі ашық қалып жатады. Ал, пәтер иелерінің ұзақ мерзімге кетуін ұрылар қалт жібермейді. Сол себепті, сақ болу керек. Алысқа кетіп, үй қараусыз  қалған жағдайда, көршілерден үйге қарайлай тұруын өтініңіз. Мүмкіндігінше терезеге теміртор, бейнебақылау камерасын және дабыл жүйесін орнатқан жөн.

Құқықбұзушылықтың алдын алу, қылмысты ашу жолында құқық қорғау органдары аянып жатқан жоқ. Ведомствоаралық жиындар өткізіп, әртүрлі шаралар өткізіп отырған Жетісу облысының прокуратурасы халықты мал-мүлкіне мейлінше сақ болуға шақырады.

Д.БҰЛҒЫМБАЕВ,

Жетісу облыстық прокуратурасы қылмыстық қудалау басқармасының бастығы