Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ МҰҚАҒАЛИ ТУРАЛЫ МАҚАЛА ЖАРИЯЛАДЫ

Уақыты: 08.02.2021
Оқылды: 789

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған мұрасы – Алаштың қазынасы. Солай десек те, жыр перзенті үшін Жетісудың жөні бөлек. Ақынның кіндік қаны Қарасаз топырағына тамды. Өмірдің ұясынан өлеңнің қиясына осы жерден самғады.

Мұқағали тынымсыз еңбек етті, ұлы биіктерге ұмтылды. Ұлтының уыздығына жарыды. Талантын біліммен ұштады. Әлем классиктерінен нәр алды. Абай жолын өнеге тұтты. Қамшы сабындай қысқа ғұмырында осының бәріне үлгерді. «Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай» болатын жұмыс бітіріп кетті.

Ақын қазақты толғандырды, қара өлеңді жаңғыртты. Соның өнеге-үлгісін жаңартты. «Пайда ойламай, арды ойлады». «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» ақындық күшін ұлы мақсаттарға жұмылдырды. Атадан қалған қасиеттерді қорғады. Жарылмады, бөлінбеді. Тарылмады, аласармады. «Алатау – Алтай – Атырау» деп байтақ қазақ даласын бауырына басып еміренді. Мұндай тұлғаны елі ешқашан ұмытпайды. Шығармаларын ізгіліктің қайнарына балайды. Мұқағали Мақатаевты еске алудың мәнісі мен маңызы осында.

Тәуелсіздік туымызды желбіретті. Өлгенімізді тірілтті, өшкенімізді жандырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев рухани құндылықтарымызды жаңа көзқарастармен бағалауға бастама жасады. Біз осы кезде тағы да Мұқағалиды іздедік. Ақын «Мен ХХІ ғасырдың құрдасымын» деген сөзді бекерге айтпаған екен.

Өлеңдері арқылы ұлтына ұстаздық жасады. Ақиық ақын өмірге келген  тоғызыншы ақпан оқырмандардың қалауы бойынша «Мұқағали күніне» айналды. Міне ол, биыл қырық бесінші рет аталып отыр. Қазір ақын жырын жатқа оқитын бұқаралық үрдіс қалыптасты. Әсіресе, Қарасаз тәжірибесі ерекше. Мен мұндағы үлкен-кішінің өз Мұқағалиына деген ыстық ықыласына қатты таңғалдым.

Қайсыбір ағайындар «өлең оқылмайды» дейді. Меніңше, бұл біржақты пікір. Мұқағали жырларын оқыған соң соған көзім анық жетті. Ақын өмірі сан тарау, өте күрделі. Әр сәті қайшылықтарға толы. Сондықтан шығар, тіршілігінде мансап қуып, марапат іздеуге мұршасы болмаған сияқты. Қасым Аманжоловша айтқанда, «күніне он ойланып, жүз толғанды». Өлеңмен серттесті. Оған жан-тәнімен берілді және сенді. Ақиқаттың кешігіп келетінін сезсе де, поэзиядан басқаға бұрылған жоқ.

Ең әділетті таразы – уақыт өлшемі. Уақыт алтынды мыспен, тұлпарды мәстекпен теңестірмейді. «Әдебиетті ардың ісіне» балаған жүйріктердің еңбегін еш кетірмейді. Уақыт Мұқағали мұраларын «Шаң басқан архивтерден» суырып алды. Мақатаев оқырманды әдемі ұйқастармен алдаған жоқ. Нағыз өлеңді – нағыз ақынның жазатынын көрсетті. Дүние сырына қанықтырды. Ақыл-ойдың тереңіне сүңгітті. Гүлден бал жинаған ара секілді тыным көрмеді. Өлеңдері көкіректің көзін ашты. Сіміргеннің шөлін басты. Өйткені, Мұқағали қазынасынан Абайдың, Махамбеттің, Мағжанның, Ілиястың маржандарын табуға болатын еді. Осылайша ұстаздарының ғибратын дамытты. Поэзия өзенін алыптардың арнасына қосты. Сондықтан Мұқағалиды оқыған ұрпақ ұтылмайды.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адамзаттың алыптары әл-Фараби мен Абай бабаларымыздың мерейтойлық жылын ашып, маңызын айшықтаса, биылғы жылы 90 жылдығы аясында мұзбалақ Мұқағали ақынның мұрасына күллі Қазақстан ден қоймақшы.

Ақынның 80 жылдығының қалай өткені де күні кешегідей есімде. Оған біздің өңір мұқият әзірленді. Қарасазды абаттандыру ісі күн тәртібіне қойылды. Мемориалдық музей кеңейтілді және толығымен қайта жаңарды. Сәулеті мен сәні бір-біріне сай келетін үйлесімдер қисынын тапты. Мазмұны байыды. Бір сөзбен айтқанда, музей табиғаты әлемдік стандартқа жақындай түсті.

Облыс әкімінің сол кездегі бірінші орынбасары ретінде осы жұмыстарға басшылық жасау маған жүктелді. Сол себептен Қарасазға жиі баруға тура келді. Елді мекендегі мемлекеттік мекемелердің бәрі күрделі жөндеуден өтті. Әрбір тұрғын ортақ іске белсене атсалысты.

Қарасазға қатысты жолдар асфальттанып нағыз даңғылға айналды. Көшенің шамдары самаладай жарқырады. Бұлай дегенде мен атқарылған жұмыстардың бастыларына ғана тоқталдым. Мұқағали ағамыздың рухы үшін қызмет көрсету адамдарды жігерлендірді.

Құрылысшылардың жұмысына құлшына кіріскендері әлі күнге дейін көз алдымда. Мұқағали ақынға шабыт берген Шалкөде жайлауының төрі той салтанатына бөленді. Туған жері шаттыққа кенелді. Адамдардың аузында Мұқағалидың өлеңдері. Жеті жастағы баладан жетпіс жастағы қарияға дейін жатқа айтады. Жырдан шашу шашудың ғажайып көріністеріне куә болдық.

Міне, 2021-дің есігін аштық. Биыл – 90 жылдық! Оған қатысқысы келетін жұрттың қарасы бұрынғыдан мол болады деп болжап отырмыз. Ел тілегі –  басты талап. Ендеше біз де аянбауға тиістіміз.

«Тойдан – тойға» деген тәмсіл бар. Солай дегенде, 2011 мен 2021 жылдардың аралығына көз салып көрейікші. Ақынға арналған рухани шаралар жанданды. «Мұқағали оқулары» републиканы қамтитын үлкен жарысқа айналды. «Жырлайды жүрек» байқаулары ақын сөзіне жазылған жаңа әндерді айналымға қосты. Облыс өңірінде Мақатаев атындағы үш мектеп бар. Олардың әрқайсысы  ақын мұрасын насихаттайтын ағарту ошақтары.

2016 жылы Жетісу жұрты ақынға қатысты тағы бір айтулы оқиғаның куәсі болды. Талдықорған қаласында Жастар саябағы ашылып, соның төріне Мұқағали Мақатаевтың бюсті қойылды. Ескерткіштің айналасы гүлмен көмкерілді. Тұғыры алыстан көз тартады. Сейілдеуге келген қыз-жігіттерді «қанаттарым менің» деп алып ақынның өзі қарсы алып тұрған тәрізді.

Содан кейінгі үлкен жоба – Мұқағали Мақатаев пен Бердібек Соқпақбаев кітаптарының ағылшын тіліне аударылуы болды.

Құрылтайшы ретінде оған қолдау көрсеттік. «Нью – Йорк» баспасынан шыққан  кітаптардың тұсаукесері  Талдықорғанда өтті. Ең бастысы, қазақ қаламгерлері мұхиттың арғы жағынан америкалық оқырмандарын тапты. Қытай, Ресей, Түркия елдеріне танылған Мұқағали шығармаларының аясы барынша кеңейді. Осының бәрі дербес ел болудың жемісі, Тәуелсіздіктің арқасы.

Ақын аға қазір тірі жүрсе, абыз ақсақалдай жарқырап ортамызда отырар еді. «Мені қоя тұрыңдаршы, «ақын – халық перзенті қашаннан да», мен – халықтың қызметшісімін. Еңбегімді еселесем де ел алдындағы қарызым мен парызымды өтей алмаймын. Отан қуанышын толғаңдар. Бүгінді келешекке  жалғаңдар. Экономика қалай, ұлт қалай, руханият қалай?», – деп бізге сұрақ қояр еді. Ендеше сондай сауалдарға  жауап қайтарып көрелік. Ұлы ақынның алдында есеп беру біз үшін әрқашанда зор құрмет.

Бүгінгі таңда қазақ қоғамы әлемдік көшке ілесті, алға басты. Биыл Қазанстанның Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Осы отыз жылда еліміз Елбасының жетекшілігімен сан түрлі белестерден өтті. Жетістіктер мен табыс жетісулықтарға да тән. Ортақ іске өздерінің сүбелі үлестерін қосуда. Жетісудың кіндік қаласы Талдықорғанға қараңыздаршы, сәулеті мен сәні қатар өркендеп жаңаша түрленді. Қала құрылыстары қарқынды жүруде. Мұндағы реттілік пен тазалық тұрақты өмір салтына айналды. Кәсіпкерлік дамыды, өндіріс орындары көбейді, мәдениет өрістеді.

Соңғы төрт-бес жылдың өзінде ғана көптеген жұмыс жүзеге асты. Тұрғын үйлер қатары сап түзеді. Бірнеше шағынаудан пайда болды. Бикен Римова атындағы облыстық драма театры заманауи ғимаратқа көшті. Жастар сарайы іске қосылды. Оқушылар сарайы көпшілікке есігін айқара ашты. Баспасөз үйі бой көтерді. Күні кеше ғана студенттерге арналған сәулетті жатақханалардың кілтін білімгерлерге табыстадық. Жүзу бассейні де жақында пайдалануға беріледі. Қала өмірінің жарқын мысалдарын осылайша тізіп айтсақ, орнын тапқан мәселелер, орындалған істер аз емес.

Қалалар ғана дамыған жоқ, облыстағы барлық сала өскелең өмір талаптарына сай арнаға түсті. «Болашаққа қазақтың көшін бастап, Жетісуым барады ту ұстаған» секілді жыр жолдарын Мұқағали ағамыз бекерге жазбаған екен. Бұл – ұлы қаламгердің елі мен жеріне арналған зор сенімін көрсетеді.

Жасырып керегі не, жылға созылған коронавирус індетінің зардабы жетісулықтарға біраз қиыншылықтар әкелді. Бірақ осынау өмір сынағы сілкіндірді, шыңдады. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын ынтымаққа ұйыдық. Ақ халатты абзал жандардың ерлігіне сүйсіндік. Жұдырықтай жұмылған жұрт сары алтындай сабырын төзім мен сезімге арқау етті. Қолдан келетін мүмкіндіктерді құр жібермеуге күш салдық.

Соның арқасында 2020 жыл тұшымды табыстармен қорытындыланды. Ішкі өнімнің көлемі 3 трлн.теңгеге жетті. 957,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өнеркәсіп өнімдері 1,2 трлн.теңгені құрады. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көрсеткіші 917,8 млрд.теңгеге жетті. Ет, сүт өндірудің көлемі молайып, азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. 717,7 мың гектар егін жиналды. 1,4 млн.тонна астық қамбаға құйылды. 55 мың тонна қант өндірілді.

Инвестиция көлемі 711 млрд.теңгеге жетті. Жол құрылысы, табиғи газбен, ауыз сумен қамтамасыз ету, халыққа қажетті басқа мәселелер де дұрыс шешімдерін тапты.

Еліміз ұлы Абайдың 175 жылдығына ерекше мән берді. Ол Мұқағалидың мерейтойымен ұштасып отыр. Айтулы екі шараны ұлылық заңдылықтары жалғастырып тұрған сияқты. Биыл да Абай мен Мұқағали үндестіктеріне барынша ден қойсақ деймін.

Ардақты ағайын, міне, сіздер асыға күткен «Мұқағали жылын» ойдағыдай қарсы алып отырмыз. Ақынға арналған барлық мәдени шаралар өзінің жаңашыл сипаттарымен қызықтырады деп ойлаймын. Зиялы ғибратымен есте қалса нұр үстіне нұр. Биылғы мерейтойға орай түрлі байқаулар, фестивальдар, әдеби кештер, концерттер, фотокөрме және басқа да мәдени көпшілік шаралар үздіксіз өткізіледі.

Сол қатарда Мақатаевтың «Қош, махаббатын» облыстық Бикен Римова атындағы драма театры сахналайды, ақын музейі жылжымалы көрме ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Отан туралы жырларын электронды аудиокітап етіп шығармақпыз.

Мерейтой аясында біз Нарынқол ауылында ақынның ескерткішін орнатып, саябақ ашамыз. Мерейтойға дайындық барысында Қарасаз аулының ауыз су жүйесі қайта жаңғыртылып, көшелері абаттандырылып жатыр. Қарасаз өнер мектебінің құрылысын жүргізудің құжаттары жасала бастады.

Ақынның мерейтойына республикамыздың түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері бас қоспақ. Сондықтан, Мұзбалақ ақынның тойын біз барынша жан-жақты, тағылымды етіп өткізуді жоспарлап отырмыз.

Ақын «Білгің келсе, алдымен зертте мені» деп еді. Ойлы оқырманға арналған осынау аманат бізді алға жетелейді, арқамыздан жүк түсірмейді. Мақатаев поэзиясы ұлттық идеологияны ширатуға көмектесетін құрал. Біз 90 жылдықтың тәлім-тәрбиесін осылай бағалауға тиістіміз.

Амандық БАТАЛОВ,

Алматы облысының әкімі

Сурет - ғаламтордан