Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІ 300-ДЕН АСТАМ ІС-ШАРА ӨТКІЗДІ

Уақыты: 08.04.2021
Оқылды: 469

12 сәуірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғанына және соның негізінде әзірленіп идеологиялық тұжырымдамаға айналған, мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырыла бастағанына 4 жыл толады.

Жоғары ғылыми-сараптамалық әлеуеті бар Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында белгіленген жобалардың негізгі басымдықтарын іске асыру бойынша жемісті жұмыс жүргізуде.

Университет «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Ұлттық жаңғыру кезеңіне көшу жөніндегі Жол картасына сәйкес үш негізгі бағытта жүзеге асырады. Оның алғашқысы «Тұлғалық даму», бұл бағыт бойынша университет қызметкерлері мен студенттерге білімнің салтанат құруы, прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, сананың ашықтығы сынды ұғымдарды мейлінше терең түсіндіру шаралары жүзеге асады. Екіншісі - «Ұлттық бірегейлік», бұл бағытта мемлекет тұрғындарының өзі өмір сүретін мемлекеттің дамуы жолында бір мақсатқа жұмылдыру көзделген. Үшіншісі - «Мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы». Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыруға бағытталған 13 арнайы жоба мен былтыр қосылған 4 жаңа жоба бойынша жыл сайын университет жоспары әзірленеді. Жоспарда ғылыми-әдістемелік, сараптамалық, білім беру, тәрбие, ақпараттық сүйемелдеу және насихаттау жұмыстары қамтылады.

Осы жылдар аралығында университетте «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттары мен арнайы жобалар шеңберінде әртүрлі форматта 300-ден астам іс-шара өткізілді, оған 5000-нан астам білімгер қатысты. Ірі халықаралық, республикалық, аймақтық ғылыми-практикалық конференциялар, ғылыми жобалар мен экспедициялар ұйымдастырылды. 50-ден астам монография мен оқу-әдістемелік құралдар, 200-ден аса ғылыми мақала жарық көрді. БАҚ-та және әлеуметтік желілерде 500-ге жуық ақпараттық-танымдық мағлұмат жарияланды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобаларының іске асу барысын, деңгейін және білімгерлермен профессорлық-оқытушы құрамының қатысу белсенділігін анықтау мақсатында жыл сайын  «Рухани жаңғыру» ғылыми-білім беру орталығының ұйымдастыруымен мониторинг, саралау және бағалау жұмыстары жүргізіледі.

Жалпы университет ғалымдарының зерттеулері мен танымдық мақалалары отандық ғылымның ілгерлеуіне қосылған сүбелі үлес деп санасақ, ол зерттеулер әр саланың мамандарының ұрпақ санасын рухани тұрғыдан жаңғыртатыны анық. Жетісу университеті кешегіні зерделеу мен ертеңгіге қадам басу жолында жас ұрпаққа ғылыми бағыт-бағдар беру ісін  болашақта да жалғай бермек.

Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма Төрағасы - Ректор,

"Рухани жаңғыру" бағдарламасының Алматы облысы бойынша өңірлік сараптамалық кеңесінің мүшесі